20 Ақпан, 2016

Көрінбейтін майдан

481 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
ERA_3384+Саналы өмірінде елі мен жеріне бар ынта-жігерімен қызмет жасап, қандай да бір қиындықты жеңіп шығуға құлшыныс білдіріп, сөйтіп туған халқына қалтқысыз еңбек еткен азаматтар бар­шылық. Олардың жарқын бейнесі әрдайым көз алдымызда. 1956 жылы студент қауымымен бір кездесуінде данышпан Мұхтар Әуезовтің: «...Қауіп пен қатердің арасында жүріп, қара басын емес, өз Отанының қамын ойлайтын, сол үшін небір қиян-кескі әрекеттерге баратын адамдарды қастерлеп, құрметтеу біздің борышымыз» дегені әлі күнге шейін жадымда. Өткен жылы қолымызға тиген «Барлаушы туралы сөз» (Ақтөбе, «А-полиграфиясы») кітабы бізді мерейлендіріп тастады. Кітапта – белгілі қазақ барлаушысы, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің полковнигі марқұм Ақас Аманғалиұлы жөнінде естеліктер топтастырылған. Си­рек мамандық иесінің шетелдерде атқарған қызметі, кісілік келбеті, жан-жақты білімі, адами қасиеті кеңінен сөз болады. Мемлекет және қоғам қайрат­ке­рі Зақаш Камалиденовтің: «...Ақ­ас Индонезияға арнайы тапсырмамен жұмысқа барды. Одан кейін Малайзияда жауапты қызмет атқарды. Еңбегі табысты болды. Нақты-нақты нұсқауларды мүлтіксіз орындады. 1979 жылы мен Ю.В.Андроповтың шақыруымен Мәскеуде Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде қызмет жасадым. Ақасты сол кезден біле бастадым. Ол шет тілдерін жақсы меңгерді. Спорттың бірнеше түрімен айналысты. Бірден көзге түсіп, үлкен беделге ие болды», деуі көңілге қуа­ныш ұялатады. Кезінде дипломатиялық қызмет атқарған Вячеслав (Меңжан) Ғиззатов – қазақ барлаушысы Ақастың тосын шешімге баратынын, сөйтіп талай рет қауіпті тапсырмаларды орындағанын, өзінің де шетелдерге арнайы іссапарлармен барғанын сөз етеді. Запастағы генералдың әңгімесі көп жайды аңғартып, зейін қойып оқыған оқырманды бейжай қалдырмайды. Ал Қуаныш Исағалиев өзінің арнау өлеңінде: ... Индонез, Малайзия ұлысында, Атқарып, мінсіз қиын жұмысын да. Қайратты, қайсар жігіт төтеп берді, Жауапты тапсырмада ұлы сынға, – деп толғайды. Мен де Ақасты Батыс Қазақстан облысындағы Шыңғырлау аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы кезінен білетінмін. Содан 1967 жылы Мәскеудегі №101 барлау мектебіне оқуға кетті деп естідім. Адамды жатырқамайтын бауырмал, ақжарқын, кішіпейіл еді. Қаратөбе аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметіндемін. Бір жетілік курсқа Мәскеуге бардым. Ойда жоқта Ақаспен кездесіп, біраз әңгімелестік. Ол түндегі рейспен шетелге ұшатынын айтты... «Өзіңнің де, өзгенің де сөзіне сене кетпе, ісіне сен», деген сөз бар ғой. Ол қай салада еңбек етпесін, халықтың құрметіне бөленді деп ойлаймын. Қазақстан дипломатиясына еңбегі сіңген қызметкер Қайыр Омаров: «Ары адал, жаны таза, абзал азамат еді. Ақаспен 1967 жылы таныстым. Мәскеуде КСРО Сыртқы істер ми­нистрлігі жанындағы жоғары дипломатиялық мектебінде оқуда едім. Мен, Вячеслав (Меңжан) Ғиззатов және Сайлау Батыршаұлы үшеуміз. Ақас та Мәскеуде екен. Танысып, білістік. Ол ержүрек, қайсар-қайтпас, өміршең жігіт еді. Отан алдындағы борышын абыроймен атқарды», деп қысқа қайырады. Ұлы Абайдың «Егер де есті­лердің қатарында болғың келсе, күніне бір мәртебе, болмаса, жұмасында бір, ең болмаса, айында бір өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдағы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен... өзің өкінбестей қылықпен өткізіпсің бе? Жоқ бол­маса, не ғып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?!» деген ұлағатты сөзін Ақас Аманғалиұлы толық мәнінде орындады ғой деп ойлаймын. Ол бір сөзінде «Мен өзіме өзім үлкен жауапкершілікпен қарадым, әй, қолымнан келмейді-ау, деп тайсақтап, тай­ғанақтаған жоқпын. Қандай қиындыққа да шыдас беріп, онымен бетпе-бет келіп маңдай тірестім», деп еді. Ол аурумен де арпалысып бақты, берілмеді, сары уайымға салынбай, 2013 жылдың 20 наурызында (жетпіс бес жасында) дүниеден өтті. Кітаптағы Н.Есқалиев, Б.Жұмағалиев, Қ.Құтты­мұ­ратұлы, Б.Қуатов, А.Аманғалиева және тағы басқалардың өзекжарды лебіздері оқырманды толғандыратын толыққанды дүниелер. Мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті ақын Кәкімбек Салықов Мәскеуде, сонау 1980 жылдың 28 қарашасында «Домбыраға жазған сөз» өлеңін Ақас Аманғалиевке арнапты: Сұлу аспан Сыйластыққа ырымым, Құлын сағақ шаң шалмасын тұлымын. Күмбірінен өз дүбірің естілер, Құлагердей тұлпарлы елдің ұлымын. Аптаптарға күйсең дене суынды, Аяздарға тоңсаң бойды жылындыр. Борандарға болжау беріп дыбысы, Тұмандарға жолды ашады, бұлыңғыр. Ақас інім! Жан сырына көнерсің, Елді аңсасаң, құшағыңа бөлерсің. Бұл ғаламда барлық гауһар, алтыннан, Домбырамның үнін артық көрерсің. Міне, ел құрметіне бөленіп, елі үшін еңбек еткен азаматтың өзі бұл фәни дүниеде жоқ болса да, марқұмды ардақтап жоқтаушылардың ізгі ниеттері оны мүлдем жоқ деп айтқызбай тұрған сияқты. Мына кітап соның бір айғағы іспеттес. Төлеген СЕБЕПОВ, еңбек ардагері, Қаратөбе ауданының құрметті азаматы. Батыс Қазақстан облысы.