20 Ақпан, 2016

Заң заңғары – Зиманов!

598 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
ERA_3439+Кеше Ұлттық академиялық кітап­ханада академик Салық Зимановтың 95 жылдығына байланысты «Ака­демик Зиманов – ғалым, азамат және ғылым абызы» атты тақырыпта дөңгелек үстел өтті. Әуелі кітап көрмесінен бас­тау алған бұл рухани шараны заң ғылымдарының докторы, профессор Есберген Алауханов жүргізіп отырды. С.Зиманов – Қазақстандағы заң ғылымдарының алғашқы докторы, Қазақстан Ғылым академиясында заң саласы бойынша алғашқы профессоры және бірінші академик. Оның есімімен Қазақстандағы жоғары заң білімінің дамуы мен ғылыми-зерттеу жұмысының өркендеуінің жаңа, шынайы кезеңі байланыстырылады. Оның егемен еліміздің алғашқы заңдарын құрастыруға, Тәуелсіз Қа­зақстанның құқықтық жағынан қалыптасуға, отандық заңнаманы дамытуға қосқан үлесі турасында, сондай-ақ оның Желтоқсан оқиғасы кезінде көрсеткен азаматтық ерлік істері, империялық орталықтың лауазымды өкілдерінің қазақ халқы атына айтқан астам пікірлеріне тайсалмай қарсы шығып, ұлт намысын, ел абыройын нақты да кесімді дәлелдермен қорғап қалғандығы туралы оның азаматтық, қайраткерлік, қырына арқау болған небір баяндамалар мен естеліктерді шараға жиналған зиялы қауым өкілдері бастаған замандас іні-ізбасарлары, шәкірттері жарыса айтты. Бұған қоса, бейнетаспа арқылы С.Зиманов өміріне қысқаша шолу жасалды. Дөңгелек үстелде сөз алған Кен­жеғали Сағадиев көрнекті ғалым Салық Зимановтың зерттеулері ар­қылы Қазақстан мен Орталық Азия республикаларында саяси тарих пен саяси-құқықтық ғылымға қосқан ерен еңбегіне тоқтала келе: «Өмірінің соңғы сағатына дейін бірге болған ағамыз еді. Қазақ ғылымына, соның ішінде заң ғылымына, Ұлттық ғылым академиясына сіңірген ең­бегі ерекше. Егемендікті енді ал­ған кезде тәуелсіз Қазақстанның заң ғылымының негізін қалаған ғалымдардың бірі де бірегейі – Салық Зиманов», – деді. Олай айтуға негіз бар, өйткені С.Зиманов Қазақ мемлекеттілігі мен қазақ халқының тарихында шешуші рөл атқарған 1990 жылғы «Қазақ КСР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның» жобасын дайындау жөніндегі комиссия­ны басқарды. Ел тарихындағы екінші бір аса маңызды саяси актінің – «Қазақстан Республикасының мем­­­лекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңның (16.12.1991) жобасын дайындау жөніндегі комиссия жетекшілерінің бірі болды. Сондай-ақ, ол Жоғарғы Кеңесте Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасын әзір­леу жөніндегі Конституциялық ко­миссияның мүшесі болды, мұнда ол сарапшылар тобын басқарған болатын. Шараға академиктер Камал Ормантаев, Жабайхан Әбділдин, Ғарифолла Есім, Конституциялық Кеңес төрағасы Игорь Рогов, Қа­зақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сұлтан Оразалин, «Егемен Қазақ­стан республикалық газеті» АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов, профессор Николай Акуев, ғалым Қабылсаят Әбішев және тағы басқа зиялы қауым өкілдері қатысып, сөз сөйледі.  Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ, журналист. Суретті түсірген Ерлан Омаров.