20 Ақпан, 2016

Сүйенерге жарайтын ұл

526 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Кайрат балабиевӘкімдер азық-түлік тап­шылығын болдырмаймыз, тауарлардың бағасын көтерт­кізбейміз дегенімен, «үйдегі көңілді базардағы нарық бұзадының» кері келіп тұр. Былай айтқанда, республикадағы жылыжайлардың 87 пайызы оңтүстікке тиесілі деп кеуде ұрғанымызбен, сол жылыжайларда өсірілген қызанақтың келісі 1000-1200 теңге аралығында, қияр 600-700 теңге аралағында сатылып жатыр. Керісінше, өзімізде өндірілетін кейбір тауарлар бағасы бұрынғысынан төмендегені байқа­лады. Халық көп тұтынатын жылқы, сиыр және қой еттерінде баға қалыпты. Өсу жоқ, төмендеу бар. Жапон халқы қатты бағалайтын бөдененің бір жұмыртқасы 20 теңгеден саудаланар еді, қазір 15 теңгеге дейін түсіп кетті. Қысқа қайырсақ, баға мың құбылып тұр. Көптеген азық-тү­лік сырттан әкелінетіндіктен ба­ға­сы қымбат. Сатушылар мұ­ның бір себебін базардағы жалға ал­ған орынның қымбаттығымен түсіндіреді. Осындайда, кәсіпкер Қайрат Балабиевтің азаматтығын халық ыстық ықыласпен айтып жүреді. Қайрат Рақымұлы Оңтүстік Қа­зақ­­стан облысы базарлар ас­со­циация­сының президенті. Өткен жылдың тамыз айында әлемдік дағдарыстың алғашқы толқыны соққанда жұрт абдырап қалған. Шымкент қаласының әкі­мі Ғабидулла Әбдірахимов кәсіп­керлерді шұғыл жинап, күн тәрті­біне бағаны өсірмеу мәселесін шешуді қойған. Мұндайда сөз бастау қиын. Кім өзінің нанына май жағып жеуден айырылады. Қайрат Рақымұлы тосылған жоқ. Базардағы саудагерлерден үш айға дейін ақы алынбайтынын айт­­қан. Оңтүстік Қазақстан облыстық ба­­зар­лар ассоциациясына 40 базар мүше болып кірген. Олар­дың дені елеңдеп, құлақтарын қағып қалды. Кейбірінде «біз үшін сыртымыздан шешетіндей сен қандай дөйсің?», деген сұрақ та бар еді. «Мен өзіме қарасты базарлар туралы айтып отырмын», деді Қайрат. Содан соң бір мезетке қуарып-сазарып қалған талай бетке қан жүгірген. Сол жолғы мәжілісте ұсақ және ірі тауар өндіруші кәсіпорындар, ірі дүкен иелері, жалпылай алғанда, екі жүзге жуық бизнес өкілдері бағаны реттеу, шектен тыс өсірмеу жөнінде меморандумға қол қойған. Әрине, өзіне қарасты базар­лардағы мыңдаған сатушыдан үш айға дейін жалдық ақысын алмау Балабиевке шыбын шаққандай әсер етпеді десек, жалған болады. Ол – ірі бизнес өкілі. Соншама дүниені толайымен көтеріп келіп сыйға тартқан ешкім жоқ. Ірі банк­тер­мен, ірі несиемен жұ­мыс жасайды. Қолында жұмыс жасап жатқан қызметкерлерін қыс­­қартпай, айлығын уақтылы төлеп отырғанының өзі – мынадай заманда ерлік. Үш ай бойы сатушы­лардан ақы алмай соншама жұмыс орнының шығынын өзі төлегенін азаматтыққа қалай жатқызбайсың. – Мен бизнесті өз елім, өз же­рімде жасадым, – дейді Қайрат Ра­­қым­ұлы. – Әрине, бәрі оңай келді дей алмаймын. Бірақ, Елба­сы Нұрсұлтан Әбішұлының қолда­уын қатты сезіндік. Мемлекет бас­шысы қазақ жігіттерінің өзге елдің белді кәсіпкерлері­нің қата­рына теңелуін тіледі, қиын жерде қолтығымыздан демеп отырды. Мемлекеттік қол­­даудың ар­­­­­қа­­сында бизнесте несібеміз көтерілген біз әлемдік дағдарыс кезінде қалай сыртта қаламыз? Дағдарыс өтеді де кетеді. Ормандай ел қалады. Қа­зақ мемлекеті ата-ба­ба­мыз ар­мандағандай Мәңгілік Елге айналады. Осындай ұлы мақ­­сатты бағындыру үшін біз Ел­басы­ның қасынан табылуымыз керек. Заң ғылымдарының докторы, белгілі кәсіпкер Қайрат Бала­биев­тің ұстанымы осындай. Ол мыңдаған жүдеу көңілдер­дің көкірегіне үміт отын жағып жүр. Қиын шақта қолұшын созады. Көріп, сезіп жүрміз. Мен осылай жа­садым демейді. Кентауда ағайындарымен бірігіп жамағатқа атты кісі түсіп қарайтындай мешіт те салып берді. Айтқандай, «Егеменнің» де шынайы жанашыры. Қарауын­дағы қызметкерлеріне түгел дер­лік өз қаржысына жаздырып бе­реді. «Қазақтың бас газеті бар ша­ңы­рақта болуы керек», дейді елінің көсегесі көгергенін шын ниетімен тілейтін жайсаң азамат. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан». Оңтүстік Қазақстан облысы.