20 Ақпан, 2016

Қайырымы мол азамат

475 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қайырғали шаруаҚалаға қарасты Қарғалы ауы­лындағы «Арыстанғали» шар­уа қожалығының жетекшісі Қа­йырғали Арыстанғалиевті Ақтөбенің Атымтай жомарты десе де болғандай. Шаруа қо­жа­лығының жұмысын жүйеге тү­сіріп, адамдарға жұмыс тауып беріп отыр. Жолдасы Роза көп жылдар банк саласында жемісті еңбек етті. Қазір «Гауһар» атты мей­рамханаға, автокөлік жуу орнына, дүкенге басшылық жасайды. Ұлы Дәулеттің де же­ке ісі бар, келіні Альбина банк­те қыз­­мет етеді. Өз сөзімен айт­сақ, шүкіршілік деуге келеді. Шын­дығында, әңгіме Қайыр­ғалидың табысында да емес, бас тіреп кел­гендердің тауын қайтар­майтын қайырым­дылығында деу орынды болмақ. Одан басқа, «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» өйтіп-бүйтіп байып алып, шіреніп жүр­гендер аз ба? Ал Қайырғали Арыс­тан­ғалиев­тің ұстанымынан ұлағат пен қайырымдылық қатар өріледі. Ана бір жылдары өзімен ниет­тес кәсіпкер «Ізбас» ЖШС директоры Батырбек Ізбасқановқа өтініп жүріп Қарғалы ауылында мешіт салуға, осы елді мекендегі бір көшеге қатты жамылғы тө­сеуге ұйытқы болды. Ісі оңғарылып, табысы молая келе қайырымдылық жасау­ға бұрынғыдан да баса көңіл бөле бастады. 2006 жылдан бері атақты композитордың ар­уағымен ажырамастай табысып, талантына да, азаматтығына да тәнті болумен келеді. Жыл са­йын өзі демеушілік жасап, «Ән ғұмыр» атты Шәмші әндерінің бай­қауын ұйымдастырады, ком­позитордың туған күні – 15 қыр­­күйекте дастарқан жайып, әдемі шара өткізеді, ал қайтыс болған күні – 29 ақпанда ас беріп, аруағына құран бағыштатады. Шәмші Қалдаяқовтың туған-туысқандарымен байланыс жа­сап, хабарласып тұруды қа­зақ вальсінің короліне деген құр­мет деп есептейді. Бұрынғы Алек­сандровка ауылының Шәмші Қалдыаяқов аталуына да бір адамдай асталысты. Осы ауылда Шәмші Қалдаяқов атындағы саябақ ашуға мұрындық болды, оның айналасын қоршап, ағаш көшеттерін отырғызды, ком­позитордың ескерткіш-мүсінін орнатты. Өткен жы­лы қазақ вальсі королінің 85 жыл­дығын айрықша атап өтті, жолдасы Жәмила мен балаларын шақырып, фестиваль ұйымдастырды. Осы ауылға өз қаржысына саябақпен іргелес жерден ең­селі де сәулетті мешіт салып, пай­­­­далануға берді. Оны ұстау шығындарын да өзі көтеріп отыр. Жылуы бар, газ, электр қуаты келіп тұр. Бұл мешіт осындағы имандылық ұясы болып, халыққа рухани қызмет етуде Ағайын десе алдындағы асымен ортақтасуға дайын ақжүрек жігіттің қайырымдылығына қалың жұрт тәнті. Ол жетім-жесірлер­ге, қарттар мен мүгедектерге, аз қамтылғандардың мұң-мұқ­тажына қарайласуды өзінің аза­маттық парызы санайды. Жыл сайын қарттар күніне «Гауһар» мейрамханасында дастарқан жа­йып, қариялардың батасын алады. Өзі тұратын Қарғалы ауылындағы №53 орта мектепте оқитын аз қамтылған отбасы балаларына демеушілік жасайды, білім ордасын да қолдап отырады. «Геолог» мәдениет үйі жанынан құрылған «Асыл әжелер» ансамблінің тұрақты қолдаушы-демеушісі де өзі. Ал спорт жарыстарына, спорт­шыларға демеушілік жасау төл міндеті іспеті. Қарақан басының қамын ғана емес, қатарындағылардың бар­лығының бақуатты болуына тілектес жүрегі таза, жаны жомарт жанның қолы да ашық. Сондықтан болар, оны білетіндер, қарғалылықтар «Қайрош» деп кеткен Қайырғали Арыстанғалиевті тек іскер кәсіпкер ғана емес, нағыз азамат ретінде құрметтейді. Мен көмек бердім, демеушілік жасадым деп жатқан ол жоқ. Қо­лындағымен бөлісуді көкі­регіне құйып өскендіктен де болар, осылай болуы заңды деп қабылдайды мұндай шаруларды о бастан. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.