Қазір көпшілік адамдарға бизнес деген сөз қол жетпес биіктегі нәрсе секілді көрінеді. Сондықтан олар іс ашу үшін тәуекел жасауға тартыншақтайды. Алайда өз ательесін ашқан Вероника Побрус мұндай пікірмен келіспейді. Ерінбей еңбек етіп, сүйген ісінің соңына түскен кісі ғана кәсібін дөңгелетеді. Ұлы әжесінен немере, шөберелеріне жалғасып келе жатқан тігіншілік Верониканың да сүйген ісі болатын. Тұлымшағы желбіреп жүрген бала кезінде әжесі Раиса Ильинична Бебех алаңсыз тігін машинасында отыратын. Немересі де оны айналшықтап, маталарды ұстап көріп, қайшымен мата қырқамын деп қиғылықты салар еді. Әжесіне ине сабақтап беретін кездері де болатын. «Ана көрген тон пішер» деген қазақ мақалының даналық екенін Бебехтер отбасының сабақтастық дәстүрі де дәлелдегендей еді. Әжесінен тігіншілікке көзі қанып өскен Вероника 9-сыныпта оқып жүргенде өзіне алғашқы пальтосын тігіп алды. Содан кейін-ақ онда басқа мамандық туралы ой болған емес. Тігін машинасында сағаттап отырады, тіккен әр киімі оған рахат сезімін сыйлайтын. Тігіншілік кәсібіне, күн көрісіне айналды. Бері келе ателье ашуды армандады.
– Жылдар жылжып өте берді. Мен сұраныс жасағандарға бұйымдарын үйден тігіп беретінмін. Ал ателье ашу мен үшін арман күйінде қала берген еді. Себебі, барлығы да қаржыға келіп тіреледі ғой. Бірде маған таныстарым «Кәсіпкерлер палатасына барып, жоспарыңды айтсаң көмек береді, талпынып көрсей», деген кеңес айтты. Расында Кәсіпкерлер палатасына барған соң, айым оңынан туғандай болды, арманымның алдамағанын сезіндім, – дейді Вероника.
Қазір Верониканың өзі тұрып жатқан Май селосында ашқан ательесі жұмыс істей бастады. Тігінші бизнесім жүрмей қалады деп сасқан жоқ. Өйткені, ол үйінде тігін тігіп жүргенде-ақ оған сәнді көйлекке, басқа да киімдер тігуге сұраныс беретіндер аз болмайтын. Ателье ашылғалы келушілер қатары көбейе түсті. Сұраныс берушілер келген сайын оның кәсібі де дөңгелене түседі.
– Ателье ашылған күннен-ақ ауылдастарым маған күзгі, қысқы киімдерін жөндетуге алып келді. Алғашқы сұраныс та осы болды. Бұл үйреншікті көрініс, өйткені қалада да, далада да жамау-жасқау ісі болмай қалмайды. Тіпті, дүкеннен сатып алған киімнің өзін кейде кішірейтуге, қысқартуға тура келеді. Тірліктің бір үзілмейтін ісі осы, – дейді Вероника.
Тігінші қыз аудандағы нарықты «зерттеп» те қойған екен. Таран ауданының орталығында, оған жақын елді мекендерде мұндай ателье жоқ екен. Кейбір әуесқой тігіншілер қолы бос кезінде үйінде тігеді. Ал Верониканың ательесіне келгендер негізінен киімді жөндетеді, жамау-жасқау дегендей істерді атқарады. Алдағы уақытта ол ательенің қызмет аясын кеңейтуді ойластырып отыр. Оның өзі ойлаған ісін орындауға біліктілігі жетеді. Вероника Рудный қаласындағы бір авторлық мектептен мамандандырылған тігіншілік курсты бітіріп, сертификат алды. «Шебердің қолы ортақ» дегендей, ол ауылдастарының қандай киімін болса да жұтындырып шығарады.
Бүгінде Вероника Побрус «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша шағын несие күтіп жүр. Ол сол қаржыға жаңа тігін машинасын, фурнитура, қосымша жабдықтар алғысы келеді. «Вероника» ательесінің жерлестеріне көрсетер қызметі мінсіз болатынына Вероника сенімді.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
Қостанай облысы,
Таран ауданы.