20 Ақпан, 2016

Басты талап – заңнаманы орындау

347 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі облыстық филиалында сайлауды байқау жұмысының мақсаттары мен міндеттері таныстырылды. Сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссия облыстық филиалының төрайымы Вера Шохина қоғамдық комиссия өз жұмысын ресми түрде бастағанын, бүгінгі күні байқаушыларды іріктеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлім етті. Комиссия жұмысының мақсаты – өңірімізде Сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссияның жүйелі жұмысын, оның миссияларының орындалуын қамтамасыз ету. Байқаушы барлық кезеңде сайлау үдерісінің барысына сараптама жүргізіп, сайлаудың ашықтығына, заңнаманың сақталуына қолғабыс етеді. Үміткерлердің құқықтары бұзылмай, жағдайлары тең, әділетті болуы да байқаушы назарында. В.Шохинаның айтуынша, бүгінгі күннен бастап байқаушыларды іріктеу мақсатында комиссия мүшелері ауыл-аймақтарға барады. Байқаушыларды таңдауда олардың учаскелік комиссия мүшелері, үміткерлердің сайлауалды штабы құрамында болмауы және ешқандай партияның еріктісі болмауы маңызды. Байқаушылар іріктелген соң, семинар-тренингтер арқылы оқытылады. Сайлаудың өту барысы туралы ережелермен толық танысуы үшін әдістемелік құралдар таратылады. Оларға қойылатын басты талап – «Сайлау туралы» Заңды мүлтіксіз орындау. Оқу қорытындысынан кейін байқаушылар тестілеуден өтіп, сайлау күні әр сайлау учаскесінде жұмыс істейді. Эльмира НҰҒМАНОВА, журналист. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». ОРАЛ.