20 Ақпан, 2016

Күрес түрлерінен Азия чемпионатының 3-күні қоржынға 4 медаль түсті

361 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
20-02-2016- kures 01АСТАНА. 20 ақпан. Таиланд астанасы – Бангкок қаласында өтіп жатқан күрес түрлерінен Азия чемпионатында палуан қыздарымыз қоржынға тағы төрт медаль салды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Жарыстың үшінші күні 69 килода бақ сынаған Эльмира Сыздықова күміс жүлдеге қол жеткізді. Ол финалға дейін барлық қарсыласынан басым түскенімен, шешуші сында жапониялық Сара Дошоға шамасы жетпеді. Сонымен қатар, 48 кило салмақ дәрежесінде белдескен отандасымыз Ирина Борисова да күміс медальді мойнына тақты. Ол финалда қытайлық Юнань Сунге есе жіберді. Одан бөлек, әйелдер күресінен тағы екі жүлдеге қол жеткіздік. Нақты айтсақ, 60 килода сынға түскен Мәдина Бақбергенова мен 75 кило салмақта белдескен Гүлмарал Еркебаева Азия чемпионатының қола жүлдегерлері атанды. Жүлдеге таласта Мәдина Үндістан сенім артқан Сакши Маликтен 2:0 есебімен басым түссе, Гүлмарал өзбек қызы Лалахан Орынбаеваны 10:0 есебімен тізе бүктірді. Айта кетейік, бұған дейін грек-рим күресі палуандарының бәсекелері өткен болатын. Бұл сында қазақстандықтар 1 – алтын, 1 – күміс және 4 қола медаль еншіледі. Атап айтқанда, Досжан Қартықов (75 кг) Азия чемпионы атанса, Асхат Жаңбыров (66 кг) күміс жүлдеге қол жеткізді. Сондай-ақ, Мейрамбек Айнағұлов (59 кг), Дархан Баяхметов (71 кг), Асхат Ділмұхамедов (80 кг) және Дамир Күзембаев (130 кг) қола медальді мойындарына тақты. Аталған сайыс 21 ақпанда аяқталады. Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: facebook.com.