20 Ақпан, 2016

Карлостың соққысын қайталаған малай футболшысы ғажайып гол соқты (фото, видео)

388 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
АСТАНА. 20 ақпан. Фаиз Субри есімді малайзиялық футболшы аты аңызға айналған Роберто Карлостың атақты айып соққысын қайталап, ғажайып голдың авторы атанды. Бұл туралы ua-football.com порталына сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. Мұндай гол Малайзия премьер-лигасы шеңберіндегі «Пулау Пенанг» пен «Паханг» командаларының кездесуінде соғылды. Атап айтқанда, «Пулау Пенанг» клубының жартылай қорғаушысы Фаиз Субри қақпаға 30 метр жерден айып соққысын орындайды. Ұшқан доп әуеде бағытын өзгертіп, қақпаның тоғыздығына барып топ ете түскен. Қазірдің өзінде малай жанкүйерлері бұл голды Малайзия футболының тарихындағы ең үздігі деп бағалауда. Сондай-ақ, мамандар аталған голдың жыл соңында Пушкаш сыйлығынан үміткер болу мүмкіндігін де жоққа шығармайды. Ал әлемдік ақпарат құралдары бұл голды бірден 1997 жылы Бразилияның атақты ойыншысы Роберто Карлостың Франция қақпасына соққан голымен салыстырып үлгерді. Тіпті, кейбір басылымдар Фаиз Субриді Карлостың ізбасары деп атады. Тағы бір назар аударатын жайт, осы ғажайып голдың Youtube-тегі қаралымы 4 күннің ішінде 2 миллионнан асқан. Айта кетейік, аталған ойында «Пулау Пенанг» командасы 4:1 есебімен жеңіске жетті. Еламан Қоңыр. Дерек: ua-football.com. Сурет: hype.my. 20-02-2016-Faiz Subri 02 20-02-2016-Faiz Subri 03 1997 жылы Роберто Карлостың Франция қақпасына соққан голы