21 Ақпан, 2016

Дәулет Ниязбеков еркін күрестен Азияның екі дүркін чемпионы атанды

475 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
21-02-2016-kures 01АСТАНА. 21 ақпан. Бүгін Таиланд астанасы – Бангкок қаласында өтіп жатқан күрес түрлерінен Азия чемпионатында еркін күрестен 61 кило салмақта сынға түскен Қазақстан палуаны Дәулет Ниязбеков қатарынан екінші рет құрлық чемпионы атанды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Отандасымыз финалда Иран палуаны Бехнам Ихсанпурды 10:0 есебімен ұтып, айқын басымдық танытты. Дәулет өткен жылы да Дохада өткен Азия чемпионатының шешуші белдесуінде дәл осы ирандық палуанмен кездесіп, жеңіске жеткенін атап өткен жөн. Осымен аталған сайыста Қазақстан қоржынына тағы бір алтын медаль түсіп отыр. Бұған дейін грек-рим күресінен 75 килода ел намысын қорғаған Досжан Қартықов Азия чемпионы атанған болатын. Сондай-ақ, «классик» палуандардан Асхат Жаңбыров (66 кг) күміс жүлдеге қол жеткізсе, Мейрамбек Айнағұлов (59 кг), Дархан Баяхметов (71 кг), Асхат Ділмұхамедов (80 кг) және Дамир Күзембаев (130 кг) қола медальді мойындарына тақты. Әйелдер күресінде қазақстандықтар сапынан Ирина Борисова (48 кг), Эльмира Сыздықова (69 кг) және Айым Әбділдина (58 кг) – «күміс», ал Мәдина Бақбергенова (60 кг) мен Гүлмарал Еркебаева (75 кг) қола жүлдеге қол жеткізді. Ал еркін күрестен Нұрлан Бекжанов (65 кг), Жігер Зәкіров (74 кг) және Дәулет Шабанбай (125 кг) Азия чемпионатының күміс жүлдегерлері атанса, Аслан Кахидзе (86 кг) мен Бақдәулет Әлментай (97 кг) қоржынға қола медаль салды. Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: facebook.com. 21-02-2016-kures 02