ҚОСТАНАЙ. 22 ақпан. Қостанайда Ілияс Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрында ақын Ақылбек Шаяхметовтың шығармасы бойынша қойылған «Өкініш» спектаклінің премьерасы өтті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Қойылым ХХ ғасырдың екінші жартысынан басталған халқымыз қасіретінің бірі – қарттар үйі, тастанды қариялар, ұрпақ тәрбиесі туралы ой қозғайды. Шығармада өз баласы мен келініне сыймай қарттар үйінде тұрып жатқан қариялардың ой-толғаныстары беріледі. Тағдырдың мұндай сынағына кім кінәлі? Тасбауыр бала ма, көргенсіз келін бе, әлде бала тәрбиесінен осалдық жіберген өзі ме, жоқ қатыгезденіп бара жатқан қоғам ба? Осы сауалдарға қарттар үйінде отырған қариялардың өздері жауап іздейді. Бірі қоғамда ұлттық идеология жоқ десе, бірі бүгінгі жас ұрпақтың санасын жаулап алған үйдегі көк жәшік телевизор екенін айтады. Қоғамнан мейірім-шапағаттың көтеріліп кеткені де қарттар аузымен айтылады. Сахнадағы кейіпкердің бірі жас күнінде қателікті көп жібергенін айтады. Бұл да өкініш өзегін тескен кейбір аға ұрпақ өкілдері өмірінің шындығы.
«Қазақ халқында «ата-анаң жынды болса байлап бақ» деген сөз бар. Олар қандай болғанда да, балаға өмір сыйлады, ақ сүтін беріп өсірді, бақты-қақты, жеткізді. Ата-анасын бақпай, қарамай кету, үйінен шығарып тастау халқымыз тарихында болмаған. Осы шығарма жастардың жүрегіне мысқалдай да болса ой салса, мақсаттың орындалғаны», – деді пьеса авторы Ақылбек Шаяхмет. Бас-аяғы бір сағатқа жетпейтін спектакль өзінің мазмұндылығымен көрермендерді баурап алды. Қоғамның бүгінгі ащы шындығын көрсетуде шығарма авторы Ақылбек Шаяхмет, режиссер Ержан Қауленов, суретші Маралбек Нұрмаханов шығармашылық топпен жұмыс істегені, бірінің айтар ойын кейінгілері жақсы қолдағаны байқалады.
Нәзира Жәрімбетова.
Дерек, сурет: egemen.kz.