22 Ақпан, 2016

Жамбыл облысындағы Бурыл ауылында жағдай бірқалыпты

405 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
22.02.2016 TAR ТАРАЗ. 22 ақпан. Байзақ ауданының Бурыл ауылында орын алған жағдайға байланысты тарап жатқан түрлі қауесеттердің ақ-қарасын ажыратып, халыққа шынайы ақпарат жеткізу мақсатында Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов баспасөз мәслихатын өткізді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. «Жалпы, бұл елді мекенде 8 ұлттың өкілі тұрады. Оның ішінде негізгісі – қазақтар мен түріктер. Бүгінде ауылдағы қоғамдық-саяси ахуал тұрақты. Қайғылы оқиға орын алған күннен бастап біз тиісті құзырлы орындармен бірге барлық қажетті шараларды қолға алдық.  Мәслихат депутаттарынан, ақсақалдардан құралған арнайы топ құрылып, бүгінге дейін осындағы үйлердің 91 пайызына кіріп, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік.  Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады. Халыққа тек қана шынайы ақпараттар жетуі тиіс. Сондықтан сіздер осындағы тиісті басшылармен, ауыл тұрғындарымен, өзге ұлт өкілдерімен оқиғаның анық-қанығын анықтауларыңызға болады», дейді Ерқанат Нұрбапаұлы: Сонымен, тиісті құзырлы орын өкілдерінің, ауыл тұрғындарының сөздеріне сүйене отырып, анықталғаны, айып тағылып отырған күдіктінің отбасы 2008 жылы Қырғызстаннан көшіп келген. Күдікті Д. К.-ны отбасы асырап алған.  Қылмыстық оқиға орын алған күні Д. К. көршісінің үйінде ешкім жоқ болатынын білгендіктен, ұрлыққа түседі. Алайда оны 27 мың теңге ұрлап жатқан жерінен үйдің 6 жасар баласы көріп қойып, әкесіне айтатынын жеткізген. Ұрлығы әшкереленген Д. К. баланы алдымен тұншықтырып, сосын асхана пышағымен өлтірген. Қазіргі таңда ол кінәсін мойындаған. Әлеуметтік желілерде тарағандай, ауруханада емес, оқшаулау орнында отыр. Психикалық ауытқушылығы жоқ, дені сау. Әлеуметтік желілерде сондай-ақ, күдіктінің жарақаттанған суреті салынып, оның ағасының өлтірілгені туралы ақпарат тараған болатын. Құқық қорғау орындары мұндай ақпараттың жалған екенін айтты. Күдіктінің жарақаттанып, қолын байлап алған суреті осыдан бір жыл бұрын, қолын сындырып алған кезде түсірілген болып шықты. Күдікті азамат тұрған үйдің екі терезесі сындырылғаны рас, ал көліктің, үйдің өртенгені, ұлт өкілдері арасында бей-берекет бұзақылықтың орын алғаны туралы деректер негізсіз. Қазіргі таңда күдіктінің отбасы Қырғызстанға көшіп кеткен. Қалған өзге ұлт өкілдері сол елді мекенде, ынтымақта өмір сүруде. Оралхан Дәуіт. Дерек, сурет: egemen.kz