АЯЗ
Кәрі құдаң қыс келді дегенше, Алтай тұрғындары үшін мазасыз күндер мен түндердің жалғасатыны белгілі жәйт дей беріңіз. Міне, бір аптаға жақындады, мұнда арқыраған аяз күшіне еніп, облыс көлемінде күрделі жағдайлар орын ала бастады. Соңғы екі-үш күнде Шығыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің құтқарушылары 32 құтқару жұмыстарын атқарды. Үш күннен бері өңірдегі аудандар мен қалаларды жалғастырып тұрған күре жолдар кешке жақыннан таңертеңге дейін жабық. Себебі, күн қатты суық. Сәрсенбі күні таңертең ауа температурасы Өскеменде -42, -43, қала іргесіндегі Ахмер ауылында -45, Күршім және Катонқарағай аудандарының кей жерлерінде тіпті -45-тен асып түскен. 2 қаңтарда Күршім ауданының Жаңаауыл ауылында күн күрт суытып, түнде ауаның температурасы -43, -45 градусқа жетіп, Қалжыр өзеніндегі Алқым иінінің 300 метр жерінде өзен суы қатып, ол жоғары шығып кеткен. Ал кеше су көтеріліп, оншақты үйдің қора-жайларына қауіп төндірген. Қазір өзендегі қатып қалған мұзды жару жұмысы жүріп жатыр. Күршім аудандық әкімдігі жағдайды қатаң бақылауда ұстап отыр. Сөйтіп, қоян жылы қаһарлы қыс белгісін білдіріп, адамдар сақ болыңдар дегендей ишара танытуда. Иә, күнделікті өмірде сергек болайық, ағайын. Жемшөпті үнемдеп жұмсап, ең бастысы, тіршілігіміздің тінін бұзып алмайық. Аязды күндері жолға шығуды шектеген де жөн...Оңдасын ЕЛУБАЙ.
Шығыс Қазақстан облысы.* * *
ҚАР
Былтырғыдай биыл да, міне, солтүстіктің қысы үдеп тұр. Ызғарлы. Суық. Қар қалың. Аяздың беті қайтар түрі көрінбейді. Десек те, қыстың өз әсемдігі, ғажап көркі бар ғой. Жазушы-ақындарымыз суреттеп жазатындай-ақ бүгінде Кереку өңірі айнала аппақ қарға бөккен. Дала тым-тырыс. Керемет ғажап қыс болып тұр! Соңғы аптадағы ауа райын болжаушылардың мәліметтері бойынша облыс орталығында 30-33 градус, ал алыстағы Ертіс, Железинка, Ақтоғай, Баянауыл аудандарында 37-38 градусқа дейін суық болды. Қаңтардың 6-7-сі күндері аяздың күшейетіні, жолаушыларға алыс жолға шықпаулары ескертілді, тіпті, алыстағы ауылдарда 39-40 градусқа дейін жететіні алдын ала теледидардағы жүгіртпе жолдар, облыстық радио арқылы бірнеше рет хабарланды да. Әкімдіктерге хабарласып хал-жағдайларын біліп едік: «Е, бізге қыс түскелі қай заман, ауылдар тыныш, мал-жан барлығы да бақылауда», деген жауаптар алдық. Ауылдықтар алаңдайтын емес. Оларға қосыла мұндай қыс биыл ғана болып па тәйірі дегендей, қалың тондарға оранған, жұмсақ пималар киген қала халқы да, міне, жұмыстарына да, қонағына да, құдалығына да барып, облыс орталығында трамвайлар да, қалааралық автобустар да тоқтаусыз жүріп жатыр. Оқыс оқиғалар орын алған жоқ. Қала пәтерлері де жылы. Төтенше жағдайлар басқармасының мәліметтерінше, облыс аумағының қалаларында, басқа да елді мекендерде барлық жедел қызмет орындары, жол, тәртіп сақшылары күні-түні кезекшілікте. Қатал қысқа әбден үйреніп алған солтүстіктің халқы, әй, бәлкім келер жылы қыс болмайды екен десе, қалың қар, сары аязым-ай деп жылайтын да шығар-ау!..Фарида БЫҚАЙ.
Павлодар облысы.