23 Ақпан, 2016

Жанашырлық

744 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
photo_6038Сыртқы істер министрлігі қызметкерлерінің адами іс-әрекеттері қазақстандықтарды ғана емес, шетелдіктерді де таңғалдырды Елінің шын мәніндегі нағыз патриоты болу – тек білікті адамдардың, ой-өрісі биік, білімді адамдардың ғана қолынан келетін қасиет. Осы қасиет тән азаматтар Сыртқы істер министрлігінде көп екендігін төмендегі оқиғадан біліп, еліміз үшін мақтаныш сезіміне бөленіп қалдық. Қазір қалталы қазақтардың бармайтын жері, баспайтын тауы жоқ. Ағылшын тілін де суша сіміріп алғандар көп. Осы тілді білсе болды, дамыған шетелдің бәрінде туған ауылында жүргендей алшаң басады. Былтырғы жылдың аяғында Қайсар Жұмағалиев деген қазақтың зайыбы Айман мен 11 жасар қызы Томирис те Батыс жартышардағы Доминикан Республикасына туған ауылына қыдырғандай дем алуға барыпты. Доминикан Республикасы деген елге бармақ түгілі, мұндай ел бар екенін, тіпті, естімеген қазақтар да кездесіп қалуы әбден мүмкін. Сондықтан, осы ел туралы аздаған мағлұмат бере кетелік. Ол – Кариб теңізіндегі Гаити аралының шығысында орналасқан шағын мемлекет. Жер көлемі 49 мың шаршы шақырым ғана, біздің ең кіші деген Солтүстік Қазақстан облысының аумағынан да екі есе кішкентай. Соған қарамай, халқы біршама көп, 10 млн.-ға жуық. Доминиканды Санто-Доминго деген атаумен алдымен испандар, одан кейін ағылшындар мен француздар отар еткен. Өткен ғасырдың басында ғана бостандық алған Доминикан Республикасы ұзақ жыл АҚШ-қа экономикалық тұрғыдан тәуелді болып келеді. ІЖӨ-нің жан басына шаққандағы көлемі де аса көп емес, 10 мың АҚШ долларына жетпейді. Бірақ бұл ел туризмге өте қолайлы. Ел бюджетінің негізгі бөлігі туризмнен түседі. Ашық теңіздің жағасы болғандықтан, мұнда келушілер саны жыл сайын 4 млн. адамнан асып жығылады. Мемлекеттік тіл испан тілі болғанымен, сыртпен көп араласқандықтан, туризм индустриясы ағылшын тілін де еркін меңгерген. Міне, осы мемлекетке был­тырғы желтоқсан айында барған Қ.Жұмағалиевтің отбасы жайсыз жағдайға ұшырап қалады. Қызы Томиристің іші күтпеген жерден ауырып, соқырішек екендігі анықталады. Ауруханаға апарып диагнозы дәлелденсе де доминикандық ақ халаттылар ота жасауға асықпайды. Тіпті, өзінен өзі тарайды деп арқаны кеңге салады. Бала болса шырылдап, шыбын жаны көзіне көрініп, дерті шыдатпайды... Енді не істеу керек? Қайда барарын, не істерін білмеген Айман Жұмағалиева болған жайды елде жатқан күйеуіне телефонмен айтады. Қайсар Жұмағалиев те не істерін білмей сасқалақтап, ақша төлеп келісімшартқа отырған компанияға хабарласса, олар да арқаны кеңге салып, дәрігерлердің шешіміне қарсы келе алмаймыз дегенді көлденең тартады. Қатты сасқан жігіттің есіне Сыртқы істер министрлігі түседі. Күн демалыс, оның үстіне қазақстандық шенеуніктердің мұндайда оң қабақ таныта қоймауы да мүмкін екенін жақсы білетін жігіт үміті аз болса да анықтамалықтан алған кезекші дипломаттың нөміріне жаны дыздықтап хабарласып, болған жайды хабарлайды. Сол күні кезекшілікте отыр­ған Айсұлу Жұмабекова екен. Ол болған жайды дәл жеке ба­сының қайғысындай жаны шырқырап қабылдайды. «Анда хабар­ла­сыңыз», «Анаған жолығыңыз» деп кей кездері шығарыпсалма жауаптан аса алмайтын шенеуніктердің аз емес екенін білетін Жұмағалиев Айгүлдің жанашырлығына айран-асыр болады. А.Жұмабекова барлық мә­се­лені анықтаған соң, оны ше­шудің жолдарын өз мойны­на алып, шұғыл іске кірі­седі. Ал­дымен Доминикан Рес­пуб­ли­касының дәрігерлеріне тікелей өзі хабарласып, олардың диагнозы анық болса да ота жасаудан бас тартып тұрғанын өз ауыздарынан естиді. Одан, мезгілдің түн ортасы екендігіне қарамай, (бізде күндіз болғанда оларда түн ғой) Қазақстан Республикасының Канада мен Доминикан Республикасы бойынша консулы болып істейтін Алмас Мақұлбековті шырт ұйқыдан көтереді. Жанталасқан Алмас Айман Жұмағалиевамен хабарласып, оқиғаны тағы да анықтап, Қазақстан Республикасының Доминикан Республикасындағы Құрметті консулы Аттилио Перни мырзаны іске қосады. Қалың оқырманға түсінікті болу үшін, «Құрметті консул» деген қызметтің мәнісін де айта кетейік. Елшілік ашылмаған кейбір елдерде әрбір мемлекет осындай «Құрметті консулдар» ұстайды. Ол – сол елдің азаматы, өзін қызметке алған мемлекеттің кейбір шұғыл тапсырмаларын атқаруды ұйымдастырып отырады. Аттилио Перни Санто-Домин­гоның клиникасында жатқан қазақ қызы туралы жай-жапсарды білген соң дәрігерлерді оған ота жасауға көндіреді. Ал қазақстандық дип­ломаттар болса, ота қаншалықты сәтті жасалғанымен, бала төсектен тұрып кеткенше хабарласып, жай-жапсарды біліп тұрыпты... Адамдар бір-біріне жана­шырлық таныта қоюы екіталай бүгінгідей қысылтаяң заманда осындай қайырымы мол адам­дардың болғаны естіген жан­ның бәрін таңғалдырды. Жұма­ғалиевтер отбасының Сырт­қы істер министріне алғыс білдіріп жазған хатын қолдарына түсі­ріп, әлеуметтік желілерде жария­лаған хабарға мыңдаған адам коммент жазып, өздерінің риза­шылықтарын білдіріп жатыр. Шы­нында, бұл таңғаларлық хабар еді. Осындай қайырымды адамдар көп болса өміріміз де жеңіл, сапасы да жоғары болмас па еді? Дүниенің қай шетінде жүрсең де артыңда Қазақстан деген елің барын, оның сен үшін барлық көмекті жасауға әзір тұрған жауап­ты қызметкерлері барын сезінудің өзі қандай ғанибет? Соны халыққа ұқтырған Ай­сұлу Жұмабекова мен Алмас Мақұл­беков сияқты дипломаттар мың алғыс айтуға лайық жан­дар. Бұл жанашырлыққа доми­ни­­кан­дық дәрігерлер де таңғалып, әр­бір турист үшін күйіп-пісетін, қан­шама лауазымды адамдары бір адам­ның жеке проблемаларын шешуге белсене араласатын қандай бақытты мемлекет едіңдер, депті олар. Иә, біз сондай мемлекетпіз деп жүрегімізді мақтаныш кернеп кернеп айта аламыз. Осының өзі түсіне білген жанға үлкен бақыт емес пе?! Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан».