Белгілі қазақ жазушысы және ақын, публицист, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Нұрғожа Ораз 84 жасында өмірден өтті.
Нұрғожа Ораз 1932 жылы 20 қазанда Қостанай облысының Урицкий ауданындағы «Октябрь» ауылында (қазіргі Сарыкөл ауданы «Маяк» кеңшарында) туған.
1947 жылы туған ауылындағы жетіжылдық мектепті, 1950 жылы Гурьев педучилищесін тәмамдаған соң, қазіргі Атырау облысында мұғалім болған. 1956 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітіріп, тағы да екі жыл мектепте мұғалім болып еңбек еткен.
Журналистика саласына ауысқан соң, Қостанайдағы облыстық «Коммунизм жолы» газетінде, одан соң өлкелік «Тың өлкесі» газетінде жеті жылдай редактор болды. 1959 жылы Қазақстан Журналистер одағының тұңғыш мүшелерінің бірі атанды. 1965 жылы КСРО Жазушылар одағына мүшелікке қабылданып, алдымен Қазақстан Жазушылар одағының өлкелік бөлімшесін, кейін солтүстік бес облысты қамтыған Целиноград облысаралық бөлімшесін 1991 жылға дейін басқарды. Нұрғожа Ораз Қазақстан Жазушылар одағының съездерінде сегіз рет Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма мүшесі болып сайланды.
90-жылдардың басында аймақтық «Сарыарқа» (кейін «Жаңа Сарыарқа», әдеби көркем журналының негізін қалап, көп жылдар бойы әдеби процестің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Ол 40-тан астам кітаптың авторы. Оның шығармалары оқырмандар мен әріптестерінің жоғары бағасын алды.
1964 жылы Нұрғожа Ораздың «Тұңғыш кітабы» шықты. Кейіннен «Кім табады?», «Достар хаты», «Қиядағы қақтығыс», «Шұғыла», «Көңіл көктемі», «Тың түлегі», «Қырандар ұясы», «Жауқазын шақ», «Тың ырғақтары», «От кешкен балалық», «Өрімталдар», «Мәңгілік махаббатым», «Дәуір додасы», «Мама батыр», «Тәуелсіздік таңы атты», «Алтын той», «Аққуым бар көлімде», «Үш таған» атты шығармалары жарық көрді.
Нұрғожа Ораздың жазушылық таланты драматургияда да айқын көрінді. Көрермен аудиториясы жазушының «Қиядағы қақтығыс», «Икс» және «Армысың, таңым» пьесалары бойынша қойылымдарды өте жылы қабылдады. Прозаик, публицист, деректі жанрлар, проблемалық очерктер шебері ретінде оның қаламынан жоғары бағаланған және кең танылған кітаптар туындады. Оның дарынының бұл қыры «Қаракүйік» романында, «Дала демі» деректі прозалық кітабында, «Таңдау», «Өмір өрнектері», «То, что остается с нами» әңгімелер мен хикаяттар жинағында, «Талқандалған тарихат» публицистикалық кітабында айқын көрінді. 2007 жылы Нұрғожа Ораздың таңдамалы шығармаларының 7 томдығы бірнеше баспадан жарық көріп, оның талантын құрметтейтін кең оқырман аудиториясының қазынасына айналды. Ол бірнеше әдеби сыйлықтың лауреаты болды.
Нұрғожа Ораз қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. 1998 жылдан бері ол ҚР Президенті жанындағы рақымшылық жөніндегі комиссияның мүшесі, ҚР Парламентіндегі БАҚ туралы Заңды әзірлеу жөніндегі комиссияның мүшесі, Астана әкімшілігінің ономастика және экология жөніндегі комиссиясының мүшесі болды. Ел астанасы Ақмолаға ауысқан кезде Нұрғожа Ораз Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін қабылдаған және қаланың символикалық кілтін табыстаған құрметті 7 ақсақалдың қатарында болды. Ол көптеген медальдармен, ҚР Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталды.Ұзақ жылдар бойғы ерен еңбегі үшін «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» және «Мәдениет қайраткері» құрметті атақтары берілді.
Жасының біразға келіп қалғанына қарамастан, ол өте жігерлі еді, жаңа шығармашылық жоспарлар құрып жүрді, ұлттық рухани мәдениетке өз үлесін қоса жүріп, студент жастармен және көптеген оқырмандармен қазақ әдебиетінің тарихы мен теориясына қатысты терең білімін бұрынғысындай бөлісуге дайын болды. Бірақ тағдырдың дегені басқа екен.
Ол өте қарапайым, мейірбан, парасатты және зиялы адам, адал дос, өз отбасының ұйытқысы бола білді. Біздің жадымызда, өзі жақын және қымбат болған жандардың бәрінің есінде ол дәл осындай болып қала бермек.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі,
Қазақстан Жазушылар одағы,
Астана қаласының әкімдігі.
Менің Нұрғожам
«Менің Әкімім» дейтін маған. Онысын сондай жүректі жылытып, жаныңды нұрландырып айтатын. Жазушылар одағының хатшысы кезімде, кейіннен одақтың Астана бөлімшесіне жетекшілік еткенімде өзіне бастық тұтқандай етіп, «менің әкімім» деген сыңайда әзілдеп те айтатын. Қалай десе де, жарасып тұратын. Нұрғожамен Астананың Ақмола тұрмақ, Целиноград кезінің өзінде жақын араласып-құраласып кеткенмін. Целиноградқа Нұрғожа үшін келген кездерім де бар. Нұрғожа Ораз жаны жайсаң, ер көңілді, сері мінезді азамат еді. Жазушылығы, ақындығы, әдебиетшілігі тең түсетін. Қаламгер ғана емес, қайраткер де болатын. Арқа жерінде қазақтың намысы кететіндей тұстың бәрінен табылатын. Айтыс ұйымдастыру дейсіз бе, мектеп ашу дейсіз бе, көшеге ат беру дейсіз бе, сондай шаруалардың ортасында, қалайда ұлттың ұпайын ұттырмаудың қамымен жанын жеп жүретін. Соның барлығында діттеген мақсатына жетпей қоймайтын. Астанаға көшіп келген соң тіпті жақын араласып кетіп едік. Қатарласымның, қаламдасымның, досымның қазасы қабырғамды қайыстырып жіберді. Қайтейік, өлшеніп берілген өмір сызығының жеткен жері осы шығар. Шүкір, артында мол мұрасы қалды, үбірлі-шүбірлі ұрпағы қалды, жақсы аты қалды. Соған тәубе дейміз. Қош, топырағың торқа болсын, менің Нұрғожам. Әкім ТАРАЗИ.Жанымда жақсылығы қалды
Соңғы бір жарым ай маған өте ауыр тиді. Бірінен соң бірі бақилық болған бес-алты жақын ағайын, дос-жаран, қымбатты жандардан айырылып қалдым. Одан Алматыда сондай бір қазалы жаназада жүргенде жарты ғасырдан бергі жан досым, сеніскен жолдасым, ардақты Нұрғожа Ораздың қазасы туралы хабар келіп жетті. Сөйтіп, заманымыздың бір аяулы жанының Мұқағали айтқан «келместің кемесіне» мініп суыт жүре бергенін естіп, жүрегім қан жылап Астанаға қайта асыққан жайым бар. Бар саналы ғұмырымыздағы сырымыз да, шынымыз да бір еді. Терең толғамның текті парасатымен ұғысқан қимастар, әзілі жарасқан заманы бір құралпастар едік. Бұрынғы Целиноградта қазақ мұңын мұңдаған, ана тілімізде жырлаған екі адам болса – бірі, біреу болса – нақ өзі менің Нұрғожа досым болатын. Ұлан асу, асқар тауыма балайтынмын. Саятшылығыма – сая, наласы көптеу жан-жүрегіме – ая болып өзімді бірден-бір ұғып-түсінетін ұлағатты да Нұрғожадай асыл бауырдан тапқан едім. Сондай салқар сырбазымнан айырылып, кең дүнием, міне, тарылып жүре бергенін қараңызшы!.. Нұрғожа достың ендігі ғұмырын жұрт енді әулетінен, отбасы шырақшысы – жан жарынан, ұрпағынан алар. Ақын-жазушылығының өміршеңдігі жазған-сызғанында, өлең-жырларында, қатпары қалың романдарында қалар. Ал өзінің жақсылығы ел аузындағы жақсы пікір, құрмет арқылы заңды жалғасын табар. Ізгілігі мен жарқын бейнесі өзін білетін адамдардың, оның ішінде мен сияқты сеніскен досының жүрегінде сақталар. Қасым ТӘУКЕНОВ, еңбек ардагері. АСТАНА.Ол – аға, мен іні едік
Қазақтың тағы да бір қадірлі қаламгері дүниеден озды. Өзінің бар саналы өмірінде ата әдебиетіміздің кемелдене түсуіне өз хал-қадірінше үлес қоса білген Нұрғожа аға Оразовпен сонау алпысыншы жылдардың орта тұсында ол – аға, мен – іні болып табысып едік. Целиноград тұсында тағдырдың жазуымен бір қалада тоқайласып, бір мақсатта жұмыс істеген де тұстарымыз болды. 1965 жылы Нұрекең Қазақстан Жазушылар одағының Целиноград облысаралық бөлімшесінің жауапты хатшысы болып тағайындалғаннан бастап шығармашылық қарым-қатынасымыз нығая түсті. Кейіннен «Сарыарқа», «Жаңа Сарыарқа» журналын шығарып, Қазақстанның орталық, солтүстік аймағындағы облыстар қаламгерлерінің қалам қарымын қанаттандырып, ізденістерін жетілдіре түсуге кеңінен жол ашты. Журнал беттерінде олардың шығармаларын кеңінен насихаттауға мүмкіндік жасады. Уақытпен бірге өзі де кемелденіп, тәжірибесі мен шығармашылығы толыса түсті. 1963 жылғы «Тұңғыш кітабынан» бастап келе-келе поэзия мен прозалық шығармалары жарық көре бастады. Поэма, повесть, романдары қалам қарымын байқатып үлгерді. Өз оқырмандарының қадір-құрметіне бөленді. Нұрғожа аға өзінің табиғи көркем мінезімен, адам сыйлағыш сырбаздығымен ерекшеленетін. Ұзақ жылдар бірге жүріп Нұрекеңнің аузынан әлдекімдер туралы ауыр сөз, орынсыз ғайбат күстәналауды естімеппін. Міне, қатал тағдыр осындай көркем мінезді абзал азаматқа да ажалдың құрығын салыпты. Амал қанша! Пенделік мінезімізге бағып, бақұл бол ардагер аға, асыл азамат дейміз. Соңында қалып бара жатқан қадірлі жеңешемізге қайғырып көңіл айтамыз. Ұрпағыңызға есендік, баянды да бақуатты ұзақ ғұмыр тілейміз. Нұрлы бейнеңіз менің де жүрегімде ұзақ сақталады, ардақты Нұраға! Иманыңыз жолдас болып, пейіште нұрыңыз шалқығай! Төлеген ҚАЖЫБАЙ, Қазақстан Жазушылар одағы Ақмола облыстық филиалының директоры. Көкшетау.Жастардың жанашыры
Өнегелі ғұмыр кешкен, қазақ әдебиетінде өзіндік үні мен орны бар ақын Нұрғожа Ораз ағамыз солтүстік өңірдегі рухани болмысымыздың іргелі-кейінгі кезеңдердегі өсіп-өркендеуіне айтарлықтай үлес қосқан аға ұрпақ өкілдерінің бірі еді. Кеңестік кезеңнің өзінде тілі мен ділін қызғыштай қорғай білген ағамыз, әсіресе, әдебиетсүйер жастарға жанашырлық танытып, оларға қамқоршы бола білді. Солтүстік өңірдің Жазушылар одағы бөлімшесіне басшылық жасап жүргенінде сонау Алматыға қаламының қарымы бар жастарды әдеби ортаға үкілеп әкеліп таныстырғаны әлі есімде. Ал Астанамыздың өзінде қашанда әдебиеттің жанашыры екенін білдіріп, біздерге үнемі ақыл-кеңесін айтып отыратын. Өзі басқарған «Жаңа Сарыарқа» журналы арқылы да әдебиетімізді өзіндік белеске көтеріп, талай жас таланттарға қамқорлық көрсетті. Ал әдебиетіміздің айтулы тұлғалары Ғабит Мүсіреповпен пікірлес болып, Тұманбай Молдағалиев сияқты біртуар лирик замандасымен етене араласып, жақын досы болған Нұрағамыздың кейінгі ұрпаққа айтары көп еді. Артында асыл мұрасы, өнегелі өмір жолы қалған ағамыздың пейіште нұры тасысын. Несіпбек АЙТҰЛЫ, Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының директоры.