23 Ақпан, 2016

Азаматтардан қазірге 44 өтініш түсті

256 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Владимир Фоос кандидаттардың, саяси партиялардың және азаматтардың өтініштерін қарау тәртібі туралы брифинг өткізді. В.Фоос атап өткендей, «Қа­зақ­стан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 49-бабына сәйкес сайлау комиссиясының және оның мү­шелерiнiң шешімдері мен іс-әрекеттеріне (әрекетсіздiгіне) жа­салған шағымды, егер «Сайлау туралы» Заңда өзгеше көзделмесе, жоғары тұрған комиссия шағым түскен күннен бастап үш күннiң ішінде қарайды. Ал азаматтар мен ұйымдардың сайлау заң­на­масын бұзушылықтар туралы өтініштерiн, егер «Сайлау туралы» Заңда өзгеше көзделмесе, сайлау комиссиялары шағым түскен күннен бастап бес күннің ішінде қарауы тиіс. «Соттар мен прокуратура органдары сайлау комиссиялары мүшелерiнiң, азаматтардың, заңда белгiленген тәртiппен тiркелген қоғамдық бiрлестiктер өкiлдерiнiң дауыс берудi өткізу мәселелеріне қатысты, оның ішінде сайлау туралы заңнаманың бұзылуы туралы сайлауға дайындық және оны өткізу кезеңiнде келiп түскен арыздарын қабылдауға және оларды бес күн мерзiмде, ал дауыс беру алдындағы бес күнге жетпейтiн уақыт iшiнде және дауыс беру күнi келiп түскендерiн дереу қарауға мiндеттi. Жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн өзi басқару органдарының, кәсiпорындар мен ұйымдардың, олардың лауазымды адамдарының сайлау туралы заңдарды бұзатын шешiмдерi мен iс-әрекеттерiне сотқа шағым жасалады, – деді В.Фоос. – Соттар, прокуратура органдары мен сайлау комиссиялары өз жұмысын сайлау үдерісі кезiнде, оның iшiнде демалыс күндерi және сайлау өтетiн күнi, шағымдарды қабылдау мен қарауды сайлау туралы заңда белгiленген мерзiмде қамтамасыз ететіндей етiп ұйымдастырады». ОСК төрағасының орынбасары, сондай-ақ, БАҚ өкілдерін 2016 жылғы 20 қаңтардан бас­тап 22 ақпанға дейінгі кезеңде Орт­сайлаукомға жеке және заңды тұлғалардың 44 өтініші келіп түскенінен хабардар етті. Олар­дың 19-ы (42 %) Қазақстан Рес­пуб­ликасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлау жөніндегі сайлау науқанымен байланысты екен. Оның ішінде 10 өтініш сайлау заңнамасының жекелеген нормаларын түсіндіру мәселелері бо­йынша, тағы 9-ы Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттарды ұсынуға және пар­тиялық тізімдерге енгізілген кан­дидаттардың сайлау рәсімдеріне қатысты. «Ал ОСК-ге келіп түскен 25 (57 %) өтініш Қазақстан Рес­пуб­ликасы мәслихаттарының депу­таттарын сайлау жөніндегі сай­лау науқанына байланысты, – деді В.Фоос. – Олардың ішін­де 17-сі сайлау заңнамасын түсін­діру мәселелері бойынша, қал­ғандары рәсімдік сәттерге, сайлау комиссияларының жұмы­сы­на және кандидаттар туралы ақ­паратқа байланысты. Өті­ніш ие­леріне уақтылы жауап қайта­рылды. Тоғыз өтініш тиісті орган­дарға қарау үшін жіберілді».