АСТАНА. 22 ақпан. Астанадағы Қазақстан Республикасының Ұлттық мұражайында қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, ұшқыш, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, техника ғылымдарының докторы, профессор Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіровпен кездесу өтті. Бұл туралы Ұлттық мұражайдың ақпараттық имидждік қызметіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
«Бұл күн біздің Ұлттық музей тарихындағы ең айтулы оқиғалардың бірі болып тарихта қаларына сенімдімін. Бүгінгі кездесудің басты мақсаты – қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкермен сырласып, отандық ғарыш саласының өткені мен болашағы жайлы әңгімелесу болып отыр. Біз патриотизм дегенді жиі айтамыз. Ал шын мәнінде сөзімен және ісімен, бүкіл жан дүниесімен патриоттықтың үлгісі деп осы Тоқтар Әубәкіровті атауға болады. Біз болашақта ғарыш әлеміне байланысты Ұлттық мұражайдан арнайы зал ашсақ деп отырмыз. Сол залдың құрылымы, және болашақ жұмысы жайында да ғарышкермен ақылдасып отыратын боламыз», – деді жиында сөз алған Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай.
«Биыл ғарышқа көтерілгеніме 25 жыл толады. Осынау жауапты миссиядан сүрінбей өтуіме ең басты себеп – қазақ халқының маған деген кіршіксіз құрметі мен селкеусіз сенімі. Мен халқым үшін ұштым және сол үшін де үлкен құрметке бөлендім. Қай жерге барсам да «Біздің батырымыз келді», «тұңғыш ғарышкеріміз келді» деп қарсы алады. Сол жұрттың риясыз көңіліне дән ризамын. Мен қазақтың ұлан-ғайыр даласын ғарыштан көріп, қадірін әбден ұғынған адамның бірімін. Сондықтан жастармен кездесе қалған жерде Отанымызға деген құрмет, адалдық тақырыптарында көбірек сұхбат жүргізгенді ұнатамын. Менің алдымда екі бала отырса да сөйлей беруге дайынмын. Бастысы ол екеуінің Қазақстанға деген махаббатын, ата-бабаларымыздан қалған жерге деген құрметін арттыра білсем, уақытымның бос кетпегені. Жас кезімде мектеп кітапханасынан шықпайтынмын. Сондағы бар кітапты оқып тауыстым. Десе де көп дүниеге қол жете бермейді. Ал, қазір бәрі бар, кім қандай кітап оқимын десе, қайда оқимын десе, көп мүмкіндіктерді пайдалануға болады. Жалпы адам баласы білім алуға ешқашан шаршамауы керек. Ол кішіге де, үлкенге де керек», – деді Т.Әубәкіров.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінің ғылыми қызметкерлері, университет студенттері қатысты.
Аян Әбдуәли.
Дерек, сурет: egemen.kz