Қазақ Ұлттық Өнер университетінің «Шабыт» сарайында Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ның халықаралық деңгейдегі үздік кардиохирург, Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының басшысы Юрий Пя туралы түсірген «Жүректерді құтқару жолында» атты толық метражды деректі фильмінің көрсетілімі өтті.
Өзінің чехиялық әріптесі Ян Пиркпен бірге Қазақстанда 2012 жылдың тамыз айында созылмалы жүрек жетімсіздігі бар пациентке донорлық жүректі алғаш рет трансплантациялаған Юрий Пяның есімі сол кезден бастап өз аумағымыздан асып, Қазақстаннан тыс жерлерде де үлкен беделге ие бола бастағанын кезінде отандық басылымдар жарыса жазған болатын. Қазіргі таңда кардиохирург әлемдік сапа стандарттарына жауап беретін, Орталық Азия аумағындағы бірден-бір жетекші кардиохирургия орталығы саналатын Ұлттық медициналық холдинг клиникасы – Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығын басқарады. Айта кететін жайт, Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ пен «Алматыфильм» студиясы бірігіп түсірген экрандық туындының режиссері – Оңдасын Тастанов.
Автордан: «Белгілі тұлға туралы мұндай деректі фильмді түсіруіңізге не себеп болды? – деп сұрағанымызда, ол: «Бұл жерде мен ерекше мамандық иесінің халыққа жасап жатқан мынадай шексіз қызметін шынайы көрсетуге тырыстым. Дәрігерлік кәсіптің мәртебесін көтеру үшін түсірдім. Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығындағы қарапайым ақ желеңді абзал жандардың біліктілігін жұртқа үлгі етуді, отандық медицинаның жетістіктері дамыған елдеріңіздікінен еш жері кемшін соғып тұрмағанын жеткізу еді», – деп тұлға туралы фильм ел дамуы тарихын баяндайтын шежіреден лайықты орын табарына сендірді.
Өз кәсібін айрықша сүйетін кардиохирург Пя жайлы фильм негізі екі сюжетпен берілген – дәрігерлік қайраткерлігі және оның ем-домына алғаш ие болғандар тағдыры. Мұның тағы бір қыры, ақ желеңді абзал жанның әр сәті, өмірдегі тыныс-тіршілігі нақты деректер арқылы көрініс табады. Сонымен қатар, медицинаның қыр-сыры жайында көп мағлұмат беріледі.
Фильмді тамашалап отырған көрермен донорлықтың қазіргі өмір үшін қаншалықты маңызды екендігін түсінеді. Дамыған елдерде оған мүлде басқаша көзқарас қалыптасқан. Тіпті, ол жақта толық шешімін тапқан мәселе деуге әбден болады. Олардың төлқұжаттарында сырқатына байланысты немесе жазатайым жағдайда көз жұмған адамдардың ішкі органдарын трансплантациялауға болатынын білдіретін арнайы мөр бар. Дәрігер туралы фильмде кейіпкер осыны халыққа дұрыс жеткізгісі келеді.
Фильмнен кейінгі кездесуде дәрігер осы ойын тағы да қайталап айтты. «Еліміз әлемнің дамыған отыз елінің қатарына қосылуды көздеп отырғанда, мұндай түйткілді көп кешіктірмей тезірек шешуге тиіспіз. Қымбат жобалар мен технологиялардан тыс қалып қоймауымыз керектігін түсінемін, бірақ трансплантация жайын біржола шешпесек, басқа ешбір әрекетімізден түк өнбейді»,– деді журналистерге берген сұхбатында кардиохирург.
Еске сала кетейік, Юрий Пя 1981 жылы Н.Пирогов атындағы Мәскеу мемлекеттік медициналық университетін ойдағыдай аяқтаған соң, Тула қалалық ауруханасында алғашқы мектептен өткен. Одақтас республикалар тарағаннан кейін достарының кеңесімен Түркияға барып тұруына тура келген ол мұндағы он жылда өте күрделі оталар жасауды үйренеді. Сөйтіп, Елбасының шақыруымен елге өз кәсібінің нағыз білгірі, мықты хирург болып оралады.
Қаршыға КҮЛЕН.