24 Ақпан, 2016

Елбасы тапсырмасы ерекше назарда

415 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Дулат ҚұсдәулетовЕлбасы өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында отандық тауарларды көптеп өндіретін жаңа өндіріс орындарын ашуды, Қазақстан өнеркәсібін дамытуды, жаңа жұмыс орындарын құруды тапсырды. Бұл міндеттерге дағдарыс кезінде елді азық-түлікпен және бірінші кезектегі қажетті тауарлармен қамтамасыз ету және оларды төмен бағамен сату туралы мәселені шешу де кіреді. Жалпы, Жолдаудан туындайтын міндеттер ауқымды. Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдау жариялана салысымен жоғарғы палатаның «Өңір» депутаттық тобының отырысын өткізіп, онда сенаторлар өңірлерде өтетін кездесулер барысында мемлекеттік саясатты, аймақтарды дамыту мен жергілікті өзін өзі басқаруға, жаңа аймақтық саясат саласындағы Президенттің бастамаларын түсіндіру мен насихаттауға қатысты іс-қимыл жоспарын нақтылап алған болатын. Осы орайда, Атырау облысында болып, Президент Жолдауында алға қойылған тапсырмаларды жергілікті биліктің қалай іске асырып жатқанының куәсі болып қайтқан Сенат депутаты Дулат Құсдәулетовті әңгімеге тартқан едік. – Дулат Рашитұлы, Ел­ба­сы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жол­дауында отандық өнім өндіруге ерекше көңіл бөлінді. Қазіргі әлемдік дағдарыс жағдайында елімізге тек қазба байлықтарды сату арқылы ғана емес, өңдеу өнеркәсібін жандандырып, сол арқылы экономиканы дамыту үшін нақты қадамдар жасауға түбегейлі бет бұру міндеті қойылды. Атырау облысына арнайы барып қайттыңыз, Жолдауда қойылған мін­деттердің орындалу барысына көңіліңіз толды ма? – Дағдарыс біз үшін күтпеген жерде тұтқиылдан болған құбылыс емес. Әлемдік дағдарыстың салқыны бізге де тиетіні алдын ала болжанды, Елбасы Жолдауда нақты міндеттер қойды, Үкімет өз іс-қимыл жоспарын жасады. Ел Парламенті осы игі міндеттерді жүзеге асыруға қажетті заңдар қабылдады. Жалпы, дағдарысқа қарамастан, еліміз индустриялық-инновациялық дамудың екінші бесжылдығын бастағанын, соның негізінде шикізатқа ғана иек артпайтын экономика құру қолға алынғанын ерекше атап өтуге тиіспіз. Нақтырақ айтсақ, «Нұрлы Жол» мемлекеттік инфрақұрылымдық бағдарламасының қабылдануы, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының жүзеге асырыла бастауы, аз уақыт ішінде Парламеттің 80-нен астам заң қабылдауы – осының бәрі еліміздің дағдарысқа қарамай, алға жылжуы үшін жасалып жатқан нақты қадамдар. Ал енді Сенат Төрағасының арнайы тапсырмасымен сапарда болып қайтқан Атырау облысына қатысты айтар болсам, облыста Елбасы алға қойған міндеттер ойдағыдай іске асырылып жатыр. Онда жаңа өндіріс орындары ашылып, көптеген жұмыс орындары құрылуда. Ал жаңа жергілікті өндіріс орындарының ашылуы есебінен мұндағы баға нарықтан төмендегені, ал ол өз кезегінде халықтың тұрмыс-тіршілігіне тиімді жағдай қалыптастыра бастағаны байқалады. Жергілікті билік облыс халқын осы аймақта өндірілген өз өнімдерімен қамтамасыз ете отырып, делдалдардың көмегінсіз тауарды коммуналдық ба­зарларға бірден шығару арқылы бағаның төмен болуына қол жеткізіп отыр. Мысалы, «АгроФеликс» ЖШС консервіленген ауыл шаруашылығы өнімдері мен көкөніс салаттарын өн­дірумен айналысады екен. Олар жылына 75 мың құты консервіленген өнім және 370 тонна көкөніс салатын дайындайтын көрінеді. Жобаны іске асыру шеңберінде көкөністерді контейнерлік және сақтау қоймалары, консервілеу цехы, салаттар дайындау цехы, көкөніс дүкені және әкімшілік ғимараты салынып, пайдалануға берілгенін көрдік. Егер бұған дейін осы тақылеттес тауарлар сырттан тасымалданып келгенін ескерсек, бұл – даму нышаны. – Ұшы-қиыры жоқ сайын даласы бар Қазақстан үшін ауыл шаруашылығын дамыту, ішкі рынокты қамтамасыз ету, артылса алыс-жақын шет елдерге шығару – Елбасы алға қойған міндеттердің бірі. Атырау облысында мал өсіру, ет, сүт, басқа да ауылшаруашылық өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу ісін жүзеге асыру жағы қалай екен? – Атырау жері ежелден, тек жерінің астындағы байлығымен ғана емес, шаруаға жайлы жерімен де белгілі. Ке­­зінде бұл аймақта ірілі-ұсақты мал далаға сыймай жататынын білеміз. Сол үрдіс қайта жанданып, мал өсіру, ауылшаруашылық өнімдерін өндіру ісіне шындап кіріскені байқалады. Тіпті, оның ішінде бұрын онша қолға алына бермейтін, бірақ пайдалы саналатын шаруашылық та бар. Олай дейтінім, Атырау облысы, Махамбет ауданы, Сарайшық ауылдық округінде орналасқан «Сарайшық» асыл тұқымды мал шаруашылығы» ЖШС «Ешкі өсіру және ешкі сүті мен етін қайта өңдеу мал шаруашылығы кешені» сүт және қышқыл сүт өнімдерін өндірумен айналысады екен. Кәсіпорын жылына 180 тонна ешкі сүті мен 140 тонна сүт өнімін өндіреді. Жоба 1000 бас ешкіні күтіп-ұстауға есептелген. Мені таңғалдырғаны, күніне 800 литр ешкі сүтін және сүт өнімінің 18 түрін өндіретін олар өнімдерін Атырау, Орал, Астана қалаларында және Ресейдің Орынбор қаласында сатады екен. Бұрын ешкі малын менсінуші ме еді жұртшылық. Енді, міне, пайда тауып, өзге елдің нарығына шығып отыр. – «Қазақ «Есің кетсе, ешкі жи» деп бекер айтпаған ғой. Сол «есің кетсе» дегені бүгінгідей қиыншылықты кезеңдерді білдіретін болар, шамасы. Ешкінің тез өсетінін, сүті де, жүні де үлкен пайда әкелетінін мамандар жиі айтып жүргенінен хабардармыз, десек те, ет, сүт өндіруде ірі қараның орны бөлек қой. – Әрине, қазақ халқы ежелден қадір-қасиетін білетін ауылшаруашылық өнімдерінің, оның ішінде мал шаруа­шы­лығының ел экономикасындағы орны бөлек. Осынша кең жазира жеріміз бола тұра шеттен сүт, ет, сүт өнімдерін тасымалдауымыз көңілге қонымсыз. Сондықтан да Елбасы Жолдауда осы саланы дамытуға ерекше назар аударып отыр. Ауыл шаруашылығын көтеру арқылы, біріншіден, біз халқымызды экологиялық таза өнімдермен азықтан­дыруға қол жеткізсек, екіншіден, ауылды жерде көптеп жұмыс орындары пайда болады. – Айталық, Атырау облысы, Махамбет ауданы, Бейбарыс ауыл­дық округінде орналасқан «СП Перво­майский» ЖШС голштино-фриз тұқымдас 1000 бас сауын сиыры бар тауарлы-сүт фермасы күніне 6000 литр сүт және сүт өнімінің 6 түрін өндіріп, Атырау қаласының нарығына өткізеді екен. Осы сияқты сұрыпталған ет өнімдерін өндірумен айналысатын «Асыл-Агро» шаруа қожалығының «Атырау ет өңдеу комбинаты» жылына 44 мың ірі қара мал басын сойып, содан тәулігіне 15 мың құты консервіленген ет, 5 мың тонна шұжық өнімін шығаратын көрінеді. Мал өнімдері дегенде, ет пен сүт қана емес, жүн, тері сияқты өнімдерді өңдеу, олардан жұртшылыққа қажетті бұйымдар жасауды ұйымдастыру ісі де ойға оралады. Атырауда бұл іс те мықтап қолға алыныпты. Бір ғана мысал, жүнді бастапқы өңдеу және жүннен жасалған бұйымдарды жасаумен айналысатын «Caspiy Lana Atyrau» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі шұға, сырмақ жамылғы және көрпе тігіп, нарыққа шығарады екен. Бұл айтылғандар экономиканың дамуына тың серпін беріп, көптеген жұмыс орындарының ашылуына мұрындық болып отырғанын өзім көзіммен көрген, көңілім сенген бірқатар шаруалардың жайы ғана. Ал Атырауда Елбасы Жол­дауын алға апарып, қолға алған ісін дөң­гелентіп отырған іскер орта қатары көбейе түсіпті. Бұл – көңіл қуантатын жайт. – Елбасы бәсекеге қабілетті отан­дық тауарларды өндіру үшін жаңа технологиялар мен өндіріс инф­ра­құрылымдарын енгізу қажеттігін айтып келеді. Әрине, инновацияға негізделген алып өндіріс туралы айт­пасақ та, аймақта отандық өнім өндіруші шағын өндірістердің ахуалы қалай екен? – Еліміздің аграрлық-индус­триялық бағытта даму үстіндегі мемлекет екенін ескерсек, жаңа технологияларды игеру, заманға сай, бәсекеге қабілетті отан­дық тауарлар қатарын көбейту бас­ты мақсат болып табылады. Бұл орайда да Атырауда тың талпыныстар аз емес. Олардың арасында жаңашылдыққа ерте қол созған қазақстандық компаниялар да барын байқадым. Мәселен, өз жұмысын 1996 жылы қоғамдық инфрақұрылымдарға сервистік қызмет көрсетуден бастаған «Карат» ЖШС бүгінгі таңда тігін, ауыз су және құтыдағы консервілер дайындау цехтарын іске қосып, отандық өнім өндіруді арттыруға атсалысып келе жатыр екен. Айта кетерлігі, «Карат» құтыдағы ет консервілері 2015 жылы Астана қаласында өткен «Қазақстанның үздік тауары-2015» көрме-сайысында Атырау облысының намысын қорғапты. Олардың өнімдері бүгінде Орал, Ақтау, Ақтөбе, Қарағанды қалаларына сатылымға шығарылып жатқанын білдік. Міне, осы айтылғандардың бәрі Атырау облысында Елбасы Жол­дауының ойдағыдай жүзеге асырылып жатқандығының нақты мысалдары. Облыс халқы еліміздің жарқын болашағы үшін аянбай еңбек етіп, Қазақстанды одан әрі дамытуға өз үлесін қоса береді деп сенеміз. – Әңгімеңізге рахмет.  Әңгімелескен Әділ Бек ҚАБА, журналист.