Осы жылдың ортасына дейін Үкімет елдің экономикалық дамуының жаңа стратегиялық жоспарын әзірлейді. Бұл туралы кеше Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев мәлімдеді.
«Үкімет тиісті бастамамен Мемлекет басшысына жүгінді және Елбасы қолдау білдірді. Біз 2025 жылға дейінгі ел дамуының жаңа стратегиялық жоспарын әзірлейміз. Бұл бағыттағы жұмыс жылдың ортасына дейін аяқталады. Жоспарда барлық жаңа үрдістер, Қазақстан экономикасын дамытудың жаңа бағыттары көрініс табады», деді Е.Досаев тілшілерге берген арнайы сұхбатында.
«Үкіметтің алдыңғы отырысында еліміздің 2016 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының жаңа болжамын бекіттік. Сондықтан, бірқатар параметрлердің өзгерісі болжанып отыр. Біріншіден, теңге бағамын өткен жылдың қарашасында бекітілген 300 теңгеден 360 теңгеге өзгертеміз. Мұнайдың жылдық орташа бағасын өзгертеміз, халықаралық қаржы ұйымдарының, инвестициялық банктердің, мұнай мен газ саласындағы сарапшылардың болжамына сай, бір баррель мұнайдың бағасын 40 доллардан 30 долларға төмендетеміз. Осыған орай, біз экономиканың өсіміне байланысты болжамды да өзгертеміз. Егер, естеріңізде болса, бір баррель мұнайдың бағасы 40 доллар деп алған кезде, ішкі жалпы өнімнің өсімі 2,1 пайыз болады деп болжаған едік, ал консервативті сценарий бойынша, биыл ішкі жалпы өнімнің өсімі (бір баррель мұнайдың бағасы 30 доллар деп болжанғанда) 0,5 пайызды құрайды деп болжап отырмыз. Дегенмен, біздің экономиканың ахуалы әлі де жағымды шамада», деп түсіндірді Е.Досаев.
Министр сондай-ақ, Үкімет экономиканы дамыту үшін Ұлттық қордан қосымша трансферт сұрамай отырғандығын атап өтті. «Бүгінде біздің ұстанған және жүзеге асырып отырған саясатымыз осы. Оның үстіне, кепілді трансферт аясында заңға сәйкес, 15 пайыздың деңгейінде қосымша қаржы алуға мүмкіндігіміз бар еді. Біз бұл мүмкіндіктен бас тарттық. Яғни, 360 теңге бағам бойынша 8 миллиард доллар кетеді», деді Е.Досаев.
Министрдің айтуынша, 2016 жылы инфляция деңгейі бұрынғы 6-8 пайыз дәлізінде сақталады деп күтілуде. Тау-кен байыту өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 5 пайызға, өңдеуші өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 1,4 пайызға азаяды деп күтілуде. Ал ауыл шаруашылығы саласындағы өндіріс 3,5 пайызға өспек.
«Бұл болжамды қарау кезінде бектілген негізгі параметрлер. Осылайша, сәйкесінше 2016 жылдың республикалық бюджетінде параметрлер өзгертіледі», деді Е.Досаев.
Министрдің айтуынша, «Нұрлы Жол» қаражаттарымен қоса, 2016-2017 жылдарға арналған дағдарысқа қарсы жоспарға қосымша 1,994 триллион теңге бөлінді. «Үкімет әрбір кәсіпорынға жеке-жеке көмек көрсетуден бас тартты. Біз жүйелі көмек пен қолдау жасаудың жаңа жүйесіне көштік. ДСҰ-ға енгеннен кейін біз ауыл шаруашылығында да жалпыжүйелік қолдауға ауыстық. Бұл жүйеге көшуді біз өсімдік шаруашылығында биыл, ал мал шаруашылығында 2017 жылдың 1 қаңтарында бастаймыз», деп атап өтті министр. Е.Досаевтың хабарлауынша, жүйелік қолдау ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту, ғылымды дамыту, инновацияларды енгізу бағытында көрініс таппақ.
Ұлттық экономика министрі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаржыны пайдалану жайына да тоқталып өтті.
«Біздің ойымызша, портфель әртараптандырылған болуы керек. Қаржы көлемінің бір бөлігі бюджет тапшылығын қаржыландыру үшін пайдаланылады. Мемлекеттік құнды қағаздар шығарылып, олар нарықтық жағдайларға сәйкес болады», деді Е.Досаев. Министрдің сөзіне қарағанда, шартталған несиелер шағын және орта бизнесті қаржыландыруға бағытталады. Министрдің айтуынша, БЖЗҚ қаржысы банктер арасында олардың жағдайына және Ұлттық банктің талаптарын ескере отырып бөлінеді. Сонымен қатар, «БЖЗҚ қаржысының сақталуы мен қайтарылуының кепілдігіне қатысты Қаржы министрлігі, Ұлттық экономика министрлігі және Ұлттық банк бірлесе отырып салымдардың барынша қауіпсіз болуына жұмыс істейтін болады», деді министр.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан».