06 Қаңтар, 2011

Имандылыққа жол бастаған басылым

830 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Ақпарат құралы адамзаттың тәрбиешісі, рухани азығы. Бұл – өмір шындығы. Жылдан жылға ұлт­тық басылымдардың сапасы артып, саны да көбеюде. Әсіресе, рухани тірек болатын басылым­дардың халық арасына кеңінен та­ралуы көңілге қуаныш ұялатады. Сондай басылымдардың бірі Шығыс Қазақстан облысына та­райтын «Ислам нұры» газетіне 10 жыл толып отыр. Әрине, «газет шықты, он жыл толды» деп айта салу оңай, бірақ оны ұйым­дас­тыру, басшылық жасау, қаржы­лан­дыру, тарату нарық заманында оңай шаруа емес екені әркімге де аян. Ендеше, осы қиындықтарды жеңе білген, батыл қадам жасап, қо­ғам­дық мәні зор, осы заманға қажет газетті шығаруды қолға алған журналист Дәулет Тілеубердиев еді. Бүгінде «Ислам нұры» газеті 5 мың таралыммен Шығыс Қазақ­стан облысына тарап отыр. Осы басылымнан тәлім алып, иман­дылық жолына бет бұрғандардың саны қаншама. – Біздің басылым дінге жаңа бет бұра бастаған адамдарға ар­налған. Сондықтан, газет бетінде берілетін мақалалардың оқырман­дар үшін тү­сінікті болуына көп көңіл бө­ле­міз. Сонымен бірге та­ғылымы мол әңгімелерді газет бетінде жиі беруді мақсат етудеміз, – дейді сөз ара­сында газет редакторы. Журналист Дәулет қажы Тілеубердиев елімізде енді қанат жая бастаған діни журналистиканың ал­ғашқы қарлығаштарының бірі бол­ды десек, артық айтқандық емес. Жалпы, қазақ журналис­ти­ка­сында діни тақырыпқа қалам тар­тып жүрген журналистер саны аз. Ол үшін бірінші кезекте діни сауаттылық қажет. Себебі дін нә­зік те күрделі ілім және бүгінде адам­ды адастыратын ағымдар да көп. Байқамасаң, қалың жұртшы­лық­ты шатастыруың мүмкін. Сон­дықтан, діни тақырыпқа қа­лам тарту мол ізденісті, үлкен жауапкершілікті қажет етеді. 2007 жылы семейлік журналистер арасынан ол алғаш рет Мекке-Мединеге барып, қажылық пары­зын өтеп қайтты. Әкесінің ай­ту­ынша, 1931 жылы «халық жа­уы» атанып, 85 жасында үштіктің үкі­мі­мен жазықсыз сотталған үл­кен атасы Иса қажы 1907 жылы жел­тоқсан айында қажылық са­парға ат­танып бір жыл жүріп қайтқан екен. Тағдырдың жазуы шығар, шөбересі 100 жылдан соң дәл желтоқсан айында қасиетті жерге табан тіреді. «Еліміз өз тәуелсіздігін алған­нан бері халқымыз дінге бет бұра бастады. Қазіргі таңда Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі хазірет діни уағыздарды жандандыру мә­селесін бірінші орынға қойып отыр. Елімізде «Ислам және Өр­кениет» және «Иман» басылым­дары баста­ған көптеген діни ба­сылымдар ді­німіздің құнды­лық­тарын халық арасына насихаттауда айрықша рөл атқарып отыр. Соның бір айғағы – облысымызда шы­ға­тын «Ислам нұ­ры» газеті. Осын­дай басылымды 10 жыл бойы үз­діксіз шығарып келе жат­қан ұлт­жанды азаматтарға айтар алғысы­мыз мол», – дейді Қазақ­стан мұ­сылмандары діни басқар­масының Семей өңіріндегі өкілі Тыныштық қажы Яхияұлы. Газеттің бұл күнде басты та­қырыбы: діни-танымдық жолы бол­­са, газет ұжымы бір бағытпен шектелмей, ұлтымыздың әдет-ғұр­пын, салт-дәстүрін, ауыз әде­биеті үлгі­лері мен тәрбиелік тағылымы мол әңгімелерді де жариялап келеді. Алдағы уақыттарда да «Ислам нұры» газетінің оқырмандары кө­бейе түсеріне еш күмән жоқ. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ. Семей.