Еліміздің бас басылымы – «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газетінің 1960 жылғы 8 қазандағы №238 санында алты автордың қол қоюымен жарық көрген «Қайрат» командасы туралы ойлар» атты бұл мақаланы бүгінгі күннің тұрғысынан қарағанда, шынында да алғы күнге аманат ретінде бағалауға болар еді.
Сол жылдың көктемінде Алматының «Қайраты» футболдан КСРО чемпионатының элитасында алғаш өнер көрсетуін бастады. Бұл 1959 жылдың желтоқсан айында КСРО Спорт комитетінің алдағы 1960 жылдан «А» класындағы командалар санын 12-ден 22-ге дейін ұлғайту жөнінде шешім қабылдауы нәтижесінде мүмкін болды. Осының арқасында Белоруссия, Өзбекстан, Қазақстан, Армения, Әзірбайжан, Латвия, Литва, Молдавия және Эстония секілді одақтас республикалар астаналарының бір-бір командасы, Ресей мен Украинаның бұрынғы астаналары Ленинград пен Харьковтың «Адмиралтеец» және «Авангард» клубтары, барлығы 9 футбол жасағы бірінші рет жоғары топтан орын алды.
Бұл оқиға жоғарыдағы республикалардағы тәрізді Қазақстан үшін де айтулы тарихи оқиғаға айналды. Футбол сүйер қауым «Астаналар командаларының шеруі» атанған жаңа маусымның ашылуын зор мереке ретінде үлкен қуанышпен қарсы алды. Соны сипаттағы чемпионат регламентінің тағы бір ерекшелігі, одақтас республикалар астаналарының командалары қорытындыда қандай төмен орын алғандарына қарамастан, дебюттік жылы жоғары лигадан түсірілмейтін болып шешілді.
Жаңа чемпионат екі кезең бойынша өткізілді. Оның бірінші кезеңінде 11-ден екі шағын топқа бөлінген командалар өздерінің келесі сатыда қай орындар үшін күресетінін анықтау жолындағы күреске кірісіп кетті. Сәуірдің 9-ында сөреден шыққан топтық талас 11-12 тамыз күндері өз мәресіне жетті. Бұдан әрі командалар осы топтарда алған орындарына қарай өзара 1-6, 7-12, 13-18 және 19-22 орындар үшін таласатын тағы 4 топқа бөлініп, шайқастарын жалғастырып әкетті. Тамыздың 23-інде басталған бұл дүбірлі дода 23-қазанда аяқталды. Бірінші кезеңде екінші шағын топтың шаңын қағысқан Алматының «Қайраты» өзі өткізген 20 ойынның 6-ында жеңіске жетіп, 4-ін тең бітіріп, 10 рет жеңіліп, қарсыластарына 19 гол соғып, өз қақпасына 29 доп жіберіп, жинаған 16 ұпайымен 11 команданың арасында 9 орынға ие болды. Ол кездерде жеңіс үшін командаға 2 ұпай берілгенін бүгінгі футбол жанкүйерлері де жақсы білетін шығар деп ойлаймыз. Ал жоғарыдағы көрсеткіш командаға чемпионатта 13-18 орындар үшін шайқасатын топтан орын алдырды. Мұнда қайраттықтар 10 ойынның 3-уінде жеңіске жетіп, 7 рет ұтылып, қарсыластар қақпасына 6 доп салып, өзіне 17 доп өткізіп, 6 ұпаймен топтағы соңғы 18 орынға табан тіреді.
Әлбетте, бұл «Қайраттың» кеңес футболы жоғары эшелонындағы ең алғашқы жылы болғанына қарамастан, оның қорытынды кестеде алған орны республика футбол жанкүйерлерінің көңілінен шыға қойған жоқ. Бұған, бәлкім, кейін команданың нөмірі бірінші бәсекелесіне айналып кететін Ташкенттің «Пахтакор» жамоасының (өзбекше «команда» деген сөз) екінші кезеңде қайраттықтармен бірге 13-18 орындарды сарапқа салатын топқа түсіп, нәтижесінде 11 ұпаймен 14 орын алғаны да әсер еткен шығар. Оның үстіне көрші республиканың басты командасы сапындағы жергілікті ұлт өкілдерінің саны сол бірінші жылдың өзінде бізге қарағанда әлдеқайда көп-тін. Олардың қатарында Акмаль Азизходжаев, Идгай Тазетдинов, Максуд Шарипов, Хамид Рахматуллаев, Владимир Таджиров, Виталий Суюнов, Манап Якубов, Берадор Абдураимов, Искандер Фазылов секілді ойыншылар болды. Ал «Қайраттың» құрамына енгізілген Өмірбек Бекбосынов, Сайлаубек Есімбеков, Болат Ишанов, Тимур Сегізбаев, Диас Омаров секілді қазақ нәсілді футболшылардың алдыңғы үшеуі бірде-бір рет негізгі құрамда өнер көрсетпесе, Тимур бар-жоғы 8, ал Диас 2 рет қана жасыл алаңның жүзін көрді.
Осының бәрі республика футбол жанкүйерлерін қатты қапа етсе керек, олардың бір тобы чемпионат толық аяқталмай жатып-ақ, жоғарыдағы мақаланы бас басылымда жариялап жіберді. Онда «Қайрат» командасының «А» класына қосылып, республика намысын қорғауы игі ниет екенін тілге тиек етуден бастаған авторлар жоғары спорт басшылығының, өкінішке орай, бұл мәселеге жеткілікті көңіл бөле қоймағанына қынжылыс білдірді. «Республикалық спорт қоғамында отырғандар алдымен команда құрамын іріктеп алуға мән бермеді, – делінген мақалада. – Жергілікті спортшыларды тәрбиелеп, солардың ішінен ойыншылар іздеді. Сөйтіп, аға тренерден бастап, команданың негізгі құрамын басқа республикалардан шақырды. Бәлкім, «А» класы деген атаққа сай ойыншыларды жинағысы келген болар. Бірақ мұның өзі жас футболистерді тәрбиелеп өсіру орнына, қиындықтан қашып, дайынға жармасу болып шықпай ма? Сондай-ақ қазақстандық футболистер аз ба?.. «Қайрат» командасының негізгі құрамындағы 11 ойыншының көпшілігі басқа жерден шақырылған «қонақтар». Бірақ кейбір алыстан арбалап алып келген С.Стадник, Г.Шершевский, В.Кадочников сияқты ойыншылар барлық тұрмыстық жағдайлар жасалғанына қарамастан, көп аялдамай ізінше кетіп қалды. Ал шебер ойыншы деп әкелген спорт мастері Г.Неверов сияқтылар 11 метр жерден айыпты допты түсіре алмай, ұялғанынан ол да тайып тұрды».
Бұдан әрі авторлар команданың негізгі құрамында жергілікті ұлт өкілдері мүлдем жоқ екеніне тоқталды. Негізгі құрамда ойнай алатын қазақ жастары түрлі желеулермен шетке ығыстырыла береді. Ежелден «Қайрат» командасы құрамында ойнап келе жатқан ойыншының бірі Болат Ишанов осындай жағдайға душар болған. Тәуір ойыншы ретінде өсіп келе жатқан Т.Сегізбаев жөнінде де айтылары осы. Минскіде жергілікті «Беларусь» командасына қарсы ойында екі гол соғып, командаға ең алғашқы жеңісті алып берген бұл ойыншы болмашы сылтаулармен негізгі құрамнан орын ала алмай жүр. «Шынында футбол ойынымен үнемі шұғылданып, ойыншылық өнерлерін күннен-күнге жетілдіре түскен қазақ жастары аз емес, – делінген мақалада бұдан кейін. – Ал олардың қанатын қомдап, тәрбиелеп, жастарға қамқорлық жасап отырған республикалық спорт қоғамы жоқ».
Негізгі ойларын: «Бұдан «Қайрат» командасы тек жергілікті ұлттан құрылсын деген ұғым тумайды. Қазақстан сияқты көп ұлтты республикада түрлі ұлт өкілдерінің шебер ойыншылары өсіп, жетілуі керек, ал олардың ішінде қазақ жастары да өзінің лайықты орнын алуға тиіс. Бұл заңды талап», – деген тұжырыммен тиянақтаған авторлар мақала соңында Қазақ КСР спорт ұйымдары мен қоғамдары одағының, республика Футбол федерациясының, «Қайрат» командасының аға жаттықтырушысының әділ сыннан тиісті қорытынды шығаратындарына сенгілері келетінін білдірген. Бірден ашығын айтайық, кеңес заманында республиканың шын мәнінде құрама командасы болған «Қайраттағы» қазақ футболшыларының мәселесі осыдан кейін де оңды шешілген емес. Көрші Ташкенттің «Пахтакоры» негізгі құрамында кем дегенде 5-6 өзбек ойнап жүргенде, Алматы футбол клубы сапында алаңға шығатын қазақ саны екеуден асып көрмепті. Оның да нағыз өрлеген жылдары қақпашы Құралбек Ордабаев пен қорғаушы Сейілда Байшақов жұп болып өнер көрсеткен жылдармен тұспа-тұс келеді. Бір қызығы, қазір тәуелсіздік алған жылдарымыздың өзінде еліміз құрама командасы құрамындағы қазақ футболшыларының мәселесі әлі дұрыс шешімін таба алмай келеді.
Ендеше, кешегі күннен бері жібі үзілмей келе жатқан сол проблеманы алғаш рет көтеріп, алаш жұртына аманат тастаған алты автор кімдер еді, енді соған келейік. Түрлі жастағы, қилы мамандықтағы бұл жанашыр ағаларды газеттегі мақалаға қол қойған реттерімен көрсетсек, ол былай болып шығады: Темірхан Жақыпов, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, Несіпбек Әлішев, Алматы ауыр мәшине жасау зауытының слесары, Асылбек Ғұмаров, Су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының инженері, Ишанқұл Мәженов, қатардағы жауынгер, Зәйдулла Мыханов, Батыс Қазақстан облысы, Фурманов ауданының мал дәрігері, Әбдісалан Нұрмаханов, КСРО спорт шебері. Бізге бұл кісілердің арасында атақты боксшы Әбдісалан ағамыз ғана жақсы таныс, ал басқалары жөнінде ешқандай мағлұматтарымыз жоқ. Олай болса, сондай заманда ұлт намысын жоқтай білген осы қалған бес аға қазір қайда екен? Олар жөнінде дерек білетін кісілер бар ма? Біздіңше, газет оқырмандарын енді осы сауалдардың да қызықтыруы әбден мүмкін.
Серік ПІРНАЗАР.
Астана.