Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрында «Қазақстан-Ақтөбе» облыстық телеарнасы өзінің жарты ғасырлық мерейтойын атап өтті. Бұған дейін алты ауданда көрермендермен «Алтын микрофон» атты кездесулер өткізіп, жұртшылық пен екі арадағы байланысты нығайта түскен облыстық телеарнаның елу жылдық өткен жолы салтанатты кешке жиналғандарға бейнефильм арқылы таныстырылды. «Елу жыл сіздермен біргеміз» атты мерекелік салтанатта «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасының директоры Раукен Отыншин шығармашылық ұжымның өткен жолы, бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы әңгімеледі.
Қазір телеарна облыстың 132 елді мекеніне хабар таратады. Облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың қолдауы нәтижесінде ақтөбеліктер облыстық телеарна хабарларын бұрынғыдай тәулігіне бір сағат емес, 14 сағат көре алады. Сондай-ақ, телеарнаның студиядан тыс жерлерден тікелей хабар беретін мүмкіндігі бар. Салтанатты сәтте телеарнаның бастауында тұрған ардагерлердің есімдері құрметпен аталды.
Облыс әкімінің орынбасары Роза Кемалова бір топ қызметкерге облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың атынан Алғыс хат пен ақшалай сыйлық, бір пәтердің сертификатын тапсырды. Қала әкімі Архимед Мұхамбетов бірқатар қызметкерлерге сый-сияпат жасады. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы бас директорының орынбасары Тақталифум Есенғұлов шығармашылық ұжымға алда да тың табыстар тіледі. «Қазақстан» телекомпаниясы төрағасының орынбасары Қайнар Олжай облыстық телеарнаның өзге өңірлердегі филиалдардан озық тұрғанына тоқтала келіп, ұжымдағы соңғы жылдардағы соны ізденістерді атап өтті.Атыраулық журналист Айтқали Нұрғалиев мұнайлы өңірде телеарна ашылғанда ақтөбелік әріптестері көп көмек бергенін жұртшылық жадында жаңғыртты.
Салтанатты сәт әсем әнмен әдіптеліп, күмбірлеген күймен, көркем бимен көмкерілді.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ.
Ақтөбе облысы.