Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың өңір тұрғындары алдындағы есебі бұл жолы әдеттегідей әкімдікте емес, «Қоныс» спорт сарайында өтті.
Бердібек Сапарбаев өңір экономикасына әлемдік экономикада қалыптасқан келеңсіз үрдістердің салдары оңай тимегендігін, алайда, Елбасының «100 нақты қадам» бағдарламасынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыруда жүйелілік қалыптасқанын тілге тиек ете келіп, облыстық бюджеттің кірістер бойынша 105,3 пайыз орындалғанын, нақты түсім 82,9 миллиард теңге орнына 87,3 миллиард теңге құрағанын дәлел ретінде келтірді. Осы кезеңде өнеркәсіп өнімінің көлемі 984,1 миллиард теңге, нақты көлем индексі 95,6 пайызды құраған. Облыста өнеркәсіп орындарын мемлекеттік қолдаудың 50,2 миллиард теңге болатын шараларының қабылдануы дағдарыстың салдарын азайтуға мүмкіндік берген.
Өңір басшысының баяндауынша, индустрияландыру картасына құрылыс кезеңінде 13,4 мың және пайдалану кезеңінде 12,8 мың жұмыс орны ашылатын, құны 800,1 миллиард теңгенің 91 инвестициялық жобасы енгізіліп, бірінші бесжылдықта 552,7 миллиард теңгенің 71 нысаны іске қосылды, 6,6 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Осы бағдарламаның екінші бесжылдығының бірінші жылы 6,3 миллиард теңгенің 7 жобасы жүзеге асырылды.
Өткен жылы облыс экономикасына 349,7 миллиард теңге инвестиция тартылған. Бұл 2014 жылға қарағанда сәл аздау. Дегенмен, облыс әкімдігі инвестициялар тарту және оған қолайлы жағдайлар жасауға баса көңіл бөлуде. «Aktobe Invest-2015» инвестициялық форумы өткізіліп, оның аясында кәсіпкерлік нысандарымен, қаржы институттарымен 1,3 миллиард АҚШ долларына 12 меморандумға қол қойылды. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы бар «Ақтөбе» индустриялық аймағының құрылысы аяқталды. Мұнда 10 ірі және орташа кәсіпорындарды және 30-дан астам шағын зауыттарды орналастыру жоспарлануда.
Осы кезеңде 142,7 миллиард теңгенің ауылшаруашылық өнімдері өндірілді, физикалық көлем индексі 103 пайыз болды. Жылдық қуаты 3 мың тонна көкөніс қоймасы, 3 мың мал бордақылайтын алаң, 7 200 тонна ет өңдейтін комбинат пайдалануға берілді. Ақтөбе, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстары әкімдіктерімен және «InagalEurasia» компаниясы басшылығының арасында 100 миллион АҚШ доллары шамасында инвестиция салуды көздейтін аймақаралық кооперация құру жөнінде меморандумға қол қойылды. Биылғы жылы отбасылық үлгідегі шағын фермалар құру бойынша қанатқақты жобалар қолға алынды. Оған 2,5 миллиард теңге қарастырылған, бұл 1,2 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Әлеуметтік маңызға ие азық-түлік өнімдеріне бағаны ұстап тұру үшін 628 бөлшек және көтерме сауда нысандарымен 430 меморандумға қол қойылды. Апта сайын ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің жәрмеңкелері өткізіліп, оларда азық-түлік қолжетімді бағамен ұсынылып келеді, деді Бердібек Мәшбекұлы.
Облыста 50,2 мың шағын және орта кәсіпкерлік нысаны жұмыс істейді. Олар 344,0 млрд. теңгенің өнімін өндірген. Бұл салада 131,7 мың адам немесе облыстың экономикалық белсенді тұрғындарының 30 пайызы еңбек етуде. Биыл кәсіпкерлік саласын несиелендіруге 1,8 миллиард теңге қосымша қолдау көрсету жолымен кәсіпкерлік саласын дамыту, оларда жұмыс істейтіндер санын 135 мың адамға ұлғайту жоспарлануда.
Өткен жылы елді мекендерді газбен жабдықтаудың 7 жобасы іске асырылып, облыс тұрғындарының газбен қамтылуы 83,7 пайызды құрады. Облыс тұрғындарының 90,5 пайызы және елді мекендерінің 44,7 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілген. 2016 жылы «Нұрлы Жол» инфрақұрылымдық даму бағдарламасы ауқымында бұл бағытта жалпы сомасы 4,0 миллиард теңгеге 12 жоба жүзеге асырылатын болады.
Облыс тұрғындарын алаңдататын мәселе жолдардың жағдайы болып отыр. Биылғы жылы 95 шақырым жолды жаңғырту, күрделі және ағымдағы жөндеуді қамтамасыз ету, республикалық маңызға ие «Ақтөбе – Атырау – РФ шекарасы» бағытындағы 220-237 шақырым жолды жаңғырту жұмыстарын жалғастыру, жол бойы сервисін дамыту қарастырылуда.
2015 жылдың қорытындысы бойынша, облыстағы құрылыс жұмыстары 123,7 миллиард, ал барлық қаржыландыру көзі есебінен 536,2 мың теңгеге орындалды. Биыл 1500-ге жуық отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жалпы ауданы 180 мың шаршы метр коммерциялық тұрғын үйді пайдалануға беру, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша 33,3 мың шаршы метр 2 несиелік тұрғын үй құрылысын аяқтау көзделуде.
2015 жылы облыста тұрғындарды жұмыспен қамту жоспары 129,6 пайыз құрады, 21 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды. Жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құрады, бұл республикалық көрсеткіштен төмен.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев микрофон арқылы берілген тұрғындарды толғантқан сауалдарға жауап қайтарды. Бұған дейін барлық аудандарда және көптеген елді мекендерде болған іскер әкім тұрғындар көтерген мәселелердің біразына бұрыннан қанық екенін аңғартты. Сондықтан да, түскен сұрақтарға мүдірместен тиянақты жауап берді. Тұрғындардың көбін толғантқан тұрғын үй алуға байланысты сауалдарды тыңдай келіп, алдағы уақытта жылына 4,5-5 мың пәтер пайдалануға берілетінін, олар кезектегілерге заңға сәйкес бөлінетінін жеткізді. Сондай-ақ, жерге байланысты сұрақтарға қазір қалада жер алуға 147 мың адам кезекте тұрғанын, тізімдегілерді түгендеп, заңдылықты реттеу қала әкімі Бекбол Сағынға тапсырылғанын, жылына 2 мың адамға жер берілетінін мәлім етті.
Облыс әкімі газ, ауызсу және жолға байланысты мәселелердің де мақсатты бағдарламаларға сәйкес қаржының мүмкіндігіне қарай шешілетінін қадап айтты.
Есепті кездесуге дейін де қабылдау жәшіктеріне, әкім блогына және сайтқа 139 сұрақ түскен екен, енді өңір басшысы есепті кездесуде қойылып үлгерілмеген сауалдарды қосып, жуық арада облыстық газеттер арқылы жауап беруге уәде берді. Қорыта айтқанда, бүгінде ел халқына танымал тұлғаға айналған Бердібек Сапарбаевтың есебі бұл азаматтың басшылығымен Ақтөбе жерінде жасалар жұмыс мол болатынына сендірді.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.