25 Ақпан, 2016

Ұлы Дала жыршысы

844 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Кеше Алматыда Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында қазақ ауыз әдебиетінің алыбы, жыр дүлдүлі, суырыпсалма ақындықтың қас шебері Жамбыл Жабаевтың туғанына 170 жыл толуына арналған «Ұлы Дала жыршысы» атты халықаралық ғылыми симпозиум өтті. Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инс­титуты, Алматы қаласы мен Ал­маты облысы әкімдіктері жә­не Жамбыл атындағы Қазақ мем­лекеттік филармониясының бір­лесе ұйымдастыруымен өткен мә­дени шараға Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова қатысты. Жиын аясында ақынның шы­ғар­машылығына арналған көрме ұйымдастырылды. Салтанатты жиынды ашқан М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының дирек­торы, ҰҒА-ның мүше-коррес­пон­денті, филология ғылымдарының докторы Уәлихан Қалижанов жыр алыбының мерейтойын елі­міз болып тойлап, үлкен құрмет көр­се­тіліп жатқанын тілге тиек ете кетті. Ұлтымыздың ұлы ақыны, жыр дүлдүлі Жамбыл Жабаев өз өмірі мен өнерін адамгершілік құндылықтарды, мейірімді жырға қосуға арнағанын, оның туын­дылары елуге тарта ха­лық­тың тіліне аударылып, шы­ғар­машылығы тек қазақ қана емес, əлем ғалымдарының зерт­теу нысанына айналғанын құттық­тау сөзінде жеткізген Мемле­кеттік хатшы Гүлшара Әбдіқа­лықова Жамбыл Жабаев поэзия­сының қазақ халқының өмірімен және тарихымен өзара тығыз байла­нысып жатқанын, оның шығар­маларындағы негізгі ой өрімдері Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұсынған «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясымен үндесетінін айтты. – Ел тарихында бір дәуірде дүниеге келіп, халқымыздың рухани тұғырын көтеруді мұрат еткен екі тұлға бар. Бірі Абай болса, екіншісі Жамбыл Жабаев. Қос бəйтеректің де өлеңдері өзектес, тақырыптары тамырлас келеді. Екеуі де халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтады, елдің еңсесі биік болса деген асыл мұраттарын жырларына арқау етті. Нұрсұлтан Назарбаев ұлы Жамбылды «адал­дық пен адамгершіліктің, әділдік пен ізгіліктің алып жыршысы» деген тарихи бағасын берді. «Ел бірлігін сақтаған татулықты айт» деп жырлаған Жамбылдың туындыларынан бүгінгі бейбіт тірлік пен берекелі өмірді көргендей боламыз, – деді Гүлшара Əбдіқалықова. Алматы облысы əкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев баба есімін ұлағат тұтып, есте қал­дыруда облыстың мәдени-әдеби өмірінде қалыптасқан жақсы дәс­түрлерді жеткізе келіп, жыл сайын ақпан айында «Жамбыл күндері» өтетінін, биылғы мерей­той аясында атқарылатын іс-ша­раларға облыстық бюджеттен 300 млн. теңге, Жамбыл орта мек­тебінің күрделі жөндеуі мен тех­никалық базасына 238 млн., ауылдағы «Өнер» мектебі мен 140 орындық балабақшаға 50 млн. теңге бөлінгенін, сондай-ақ ақын­ның әдеби ескерткіш мұра­жайына күрделі жөндеу жүргізіліп, ауылдың орталық көшелері жөн­дел­генінен хабардар етсе, Қазақ­стан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай жампоз ақын, ұлы жырау, жауынгер жыршы, шын мағынасындағы биік парасатты өнерпаз, азаматтық поэзияны қалыптастырушы, оның ұлылығы ақындық шеберлігінде ғана емес, ол халық поэзиясында бәйтерек болуында, оның сөзі құнарға, жыры тұмарға айналған, жырдың иесі, қасиетті сөздің киесі болғанына тоқталды. Жамбылды қайта оқу мен жаңаша тану, жаңаша көзқарас жөнінде ғылыми баяндама жасаған қазақ әдеби сынының сардары, академик Серік Қирабаев оның өз заманының ұлы ақындарының бірі екенін, кезінде шығармалары аударылып, төрткіл дүниеге тарағанын, «Қазақ» деген халықты әлем бірінші рет Жамбыл есімімен байланысты танығанын сөз ете келе, кезінде атағы дүркіреп тұрған заманда, оның табыстарына қызғаныш көрсетіп, үстінен «Жамбыл деген ақын жоқ. Оның аты ойдан шығарылған» деген қаралау хаттар түскенін, содан Сталин бұл мәселені анықтауды А.Фадеевке, ол Л.Соболевке тапсырып Алматыға жібергенін айтып, тарихи шындыққа салиқалы сараптама жасады. Сөз соңында Жамбылды бүгінгі жастар аз білетініне, қазақтың қазақ екенін, қандай халық болғанын, мәдени, рухани мұрасын түсініп, өзіңді байыту үшін алдымен Абай мен Жамбылды, содан кейін қалған әдебиет үлгілерін оқып-үйрену керектігіне, онсыз жастар қазақы мінез-құлықты бойына сіңіре алмайтынына екпін түсіре айтты. – Жамбыл жарықтық жүз жасаған адам, әттең, соның бәрі жазылмай қалған, – деді бүкіл ғұмырын Жамбыл мен Кенентануға арнаған ғалым, ұстаз, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков арнайы баяндамасында. – Кенен атам айтқандай, соққан желмен, дауылмен бірге кеткен. Десек те, артында асыл мұра қалды. Мен шыңырауда тудым, шыңырауда өстім, осы заманды 70 жыл аңсадым дейді. Сол жүдеп жүрген кезінде «Дуадақ болдым шөлі жоқ, аққу болдым көлі жоқ, сыбызғы болдым үні жоқ» дейді. Жәкең қазақ ақындығында өзінің орнын белгілеп кеткен адам. Жазған кітаптарымда Жамбыл жарық дүниеге шыр етіп түскен кезде алдында Сүйінбайдай ұлы ақынның болуы – оның ұлы бақыты деп айтқаным бар. Жамбыл бақытты ақын. Ол өзге ақындардың да бағасын білген. Бірде Мұхтар Әуезов, Әбділда Тәжібаев әңгіме үстінде Жәкеңе: «Сіздіңше, Абай қандай ақын?» деп сұрақ қойыпты. Жамбыл әзілқой да ақын. Біле қойып: «Абай қандай ақын дейді?» деп қутың ете қалыпты. Біраз үзіліс жасап, «Абай – ақын ба?..» дегенде Мұқаң қызарақтап кетсе керек. «Абай ақын емес – Пайғамбар!» депті. Не деген баға... Сондай-ақ, мерейтойға келген қонақтар Колумбия уни­вер­ситетінің профессоры Рафис Абазов «Тарихтың мәңгілік тұлғасы», Шота Руставели атындағы Грузия әдебиет институтының директоры, профессор Ирма Ратиани «Шота Руставели Жамбыл поэ­зиясында», Қырғызстан ҒА-ның вице-президенті ф.ғ.д., профессор Абдылдажан Ахматалиев «Жам­был және қырғыз ақындары», түрік бауырымыз Шет тілдер және іс­керлік карьера университетінің ректоры, т.ғ.д., профессор Саб­ри Хизметли «Жамбыл поэзия­сы түркі әлемінде» атты баянда­малар жасаса, Жәкеңнің фольк­лорлық мұралары, кинодағы бей­несі, сондай-ақ, Жамбыл шығар­ма­шылығын кезең-кезеңмен көрсе­туде жамбылтануда өзіндік үлес қосып жүрген ғалымдарымыз Бақытжан Әзібаева, Гүлнар Әбі­кеева, Бекен Ыбырайым, Құлбек Ер­гөбек, Серік Негимов кеңінен тоқталып, тұшымды талдау жасады. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Алматы.