26 Ақпан, 2016

Сенім жүгі – салмақты

326 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
IMG_8718[1]Нұрлан Ноғаевтың есімі батысқазақстандықтарға сонау 2007 жылдан бері жақсы таныс. Өйткені, ол осы жылы облыс әкімінің орынбасары болып бекітілді. 2012 жылдың 20 қаңтарында Президент Жарлығымен Батыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалды. Бұл күннен есептегенде ол кеше Орал өңірінің жұртшылығына өзінің бесінші есебін бергеніне көз жеткіземіз. Талас жоқ, аталған уақыт бірқатар істердің басын қайырып, өңірді алға дамытудың стратегиясын белгілеуге, өзі бастаған істердің нәтижесін көруге молынан жетеді. Осы мерзім аралығында облыс басшысы өзінің алға қойған мақсаттарын тындырымды орындауға, ел мен Елбасы сенімінен шығуға ұмтылғаны көпшілікке белгілі. Осы тұжырымды оның соңғы бір жыл ішінде атқарған қызметіне қатысты да айта аламыз. Облыс басшысы ретінде оған тән басты қасиет шұғыл шешімін күтіп тұрған мәселелерді жолға қоюға ұмтылысы деуге болады. Екі арада алыс болашақтағы өңірдің даму перс­пективалары да ұдайы назарында жүретіні байқалады. Біз білетін облыс басшысы Нұрлан Ноғаевқа тән тағы бір жақсы қасиет жыл сайынғы дәстүрге айналған есепті бір күндік іс деп қарамайтыны. Мысалы, жыл басында аудан әкімдері есеп бере бастаған кезде ол арнайы елге шығып, оның бәріне қатысуды әдетке айналдырған. Әрі ел-жұртты толғандырып жүрген мәселелерді жергілікті жерде шешуге әдеттенген. Аудан әкімдері есебіне жал­­ғыз бармайды. Облыстағы жетекші басқарма, департамент басшыларын ерте жүретіні мәселенің шешімі тез табылуына септігін тигізуде. Мысалы, біз биыл облыс әкімі қа­тысқан Қаратөбе ауданының әкімі Асхат Шахаровтың тұрғындарға берген есебіне қатысқан едік. Сонда бір куә болғанымыз Нұрлан Ноғаевтың аты­на бірде-бір сауал берілмеді. Бұл нені көрсетеді? Бұған дейін ақиқат түйін ретінде айтылып жүргендей сұрақ екі жағдайда берілмейді. Біріншіден, бәрі де түсінікті болған жағдайда. Екіншіден, ел ішінде халықтың көңілінен шығатын біраз шаралардың басы қайырылып қалған жағдайда. Әсіресе, әлеуметтік-тұрмыстық проблемалар түбегейлі ше­­­­ші­мін тапқан кезде. Шынында да республиканың ең шалғай аудандарының бірі – Қаратөбеде елді мекендердің газ құбырына қосылу көрсеткіші жүз пайызды құрағаны, барлық жолдарға күрделі жөндеулер жүргізілгені және халық күнделікті тұтынатын өнімдер жергілікті жерде өндіріліп жатқаны осы сөзіміздің бір дәлелі. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев өз есе­бінде республиканың батыстағы қақ­пасы – Ақжайықта өткен жылы ат­қа­рылған сан алуан істерге жан-жақ­ты, әрі терең талдаулар жасады. Құр де­рек­терді тізбелеуге емес, сарабдал са­рап­тамалар мен салыстыруларға, орын алған олқылықтар мен кемшіліктерден са­бақ алуға және өңір экономикасының басты сипатын айқындауға арналған об­­­лыс басшысының есебі жөнінде ел не деді? Дәулеткерей Құсайынов, Батыс Қазақстан облыстық мәдениет бас­қармасының басшысы: – Биылғы облыс әкімінің есеп беру жиынына облыстың түкпір-түкпірінен және Орал қаласынан үш мыңға жу­ық адам қатысты. Осы кезге дейін рес­­публикадағы облыс әкімдерінің есебіне тізім бойынша алдын ала бел­гіленген мемлекеттік қызметшілер мен «штаттағы адамдар» ғана барады деген түсінік қалыптасқаны жасырын емес. Нұрлан Асқарұлы өзінің халықтың қалың тобымен кездесуі кезінде осы түсініктің тас-талқанын шығарды. Кездесу өтетін орын және оның өтетін уақыты БАҚ арқылы бірнеше дүркін тұрғындарға хабарланды. Кім есепке келемін, қатысамын десе, оның жолын ешкім қаққан жоқ. Бұл басшының облыс халқына деген үлкен сенімі деп түсінуіміз керек. Ал сенім тек біржақты болмайды. Халықтың басшыға сенім жүктейтіні секілді басшының халыққа деген де сенімі болады. Айтайын де­геніміз, осы жолы облыс басшысының өзі басқарып жүрген тұрғындарға деген сенімі айқын көрінді. Сенім жүгі қай тараптан алғанда да салмақты емес пе?! Шаһидолла Әбуғали, Жаңақала ау­дан­дық қоғамдық кеңестің төрағасы: – Біз шалғайдағы аудан тұрғындары облыс әкімінің есебіне қатысты өз ой-пікірлеріміз бен ұсыныстарымызды алдын ала жіберуге немесе электронды пош­та арқылы жолдауға мүмкіндік алдық. Бұған қоса облыс басшысының ел-жұрт алдындағы есепті баяндамасының тұжы­рымдары облыстық газеттерде жарияланды. Осы арқылы айтатын ойымыз бен беретін сұрағымызды алдын ала қорытып, жинақтауға мүмкіндік алдық. Бұған қоса, кеше өзіміз тыңдаған есептің кең ауқымдылығы мен сындарлы сипаты, көкейкесті мәселелерді айналып өтпей, оған қатысты облыс әкімінің нақты да тұжырымды ой толғағаны бәріміздің көңілімізден шықты. Виктор Фомин, Батыс Қазақстан облыстық балалар мен жасөспірімдер орталығының директоры: – Мен Нұрлан Асқарұлын интел­лектуалдық деңгейі жоғары басшы деп есептеймін. Өңір басшысына соқпайтын, оны айналып өтетін мәселелер мен проблемалар болмайды. Нұрлан Асқарұлы соның бәрін те­рең зерделеп, соған сәйкес қай кезде де тиянақты шешім қабылдайтынын байқап жүрміз. Оның бүгінгі мыңдаған облыс жұртшылығының алдында берген есебінде де өңірге жаны ашитыны, оның басты патриоты екендігі, қазіргі күрделі кезеңде облыс экономикасына қан жүгіртіп дағдарыстан алдырмай-жұлдырмай алып шығуға деген талпынысы айқын көрінді. Талпынды деу аз. Өйткені, бүгінгі есептен ұққаным – облыста өнімдерді өңдеу мен ұқсату ісінде біраз істер тындырылыпты. Мен осыған қуандым. Ал тікелей жасөспірімдер мен балалар туризмі саласына келсек, мұнда да облыс басшысының қолдауымен көп іс тындырылды. Бұл жөнінде өңір республикадағы базалық деңгейге көтерілді. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». Батыс Қазақстан облысы.