Жыр алыбы Жамбылдан бата алған Сәдуақас Бигелдиев туралы бір үзік сыр
Армандай білу де адами құндылықты аңғартады. Сол арманға жету уақыты белгіленсе, мақсат болып шығатыны тағы бар. Ерте ме, кеш пе адам арманының орындалғаны қандай ғанибет! ХІХ ғасырда Алатаудың баурайында Қосай деген ел ағасы өмір сүріпті. Бірсөзділігімен ел ынтымағын сақтап, ұрпақ сабақтастығын жалғап, үрім-бұтағы қазақтың бүтіндігіне, бейқұт өмір сүруіне себепші болуын армандапты. Әлбетте, сөз бен іс қабысу үшін елдің өз қолы өз аузына жетіп, берекесі кіріп отырса құба-құп. Ол тірлік бейнетпен келетінін сұңғыла жан жете сезініп, ішкі ойына жетудің бір қадамы Алатаудың сан сілемінен шығатын Қарақыстақ өзенінің бір арнасын атамекені болған аядай ауылға бұрып, халық кәдесіне асыруды мақсат тұтыпты. Алғашқы қадамы өзенді сан бұрала ағуға мәжбүрлейтін бес белдің тұмсықтарын кесе икемге келтіре ағызуды да жобалапты Бірақ жаугершілік заман ол ойды іске асыруға мүмкіндік бермейді. Амал нешік. Жылжып жылдар өтеді. Ел аузында айтылып жүрген баба арманын араға екі ғасыр салып, ұрпағы Бигелді ұста бес бірдей белді асыра арық қаздырып орындауға ниет етеді. Көрігін қыздыра темірден түйме түйген ұста өзіне де еліне де кетпен соғып, су патшасы Сүлейменнің рухына сыйына Қосай баба жобасы бойынша іске кіріседі. Сондағы ел аузында қалған бір ақиқат Бигелді ұста қанында бар бекзаттығына басып кетпенін жігіттеріне көтертіп қояды екен. Сондай сәтте екі жігіттерлеп-тепшіп ұстаның кетпенін көтеріп жүретінін ел жыр ғып айтады. Сөйтіп, араға екі ғасыр салып Қосай баба арманы орындалады. Бұл 1890 – 1895 жылдары-тын.
Қосай баба тумалары атамекеніне айналдырған аядай ауылдың іргесінен өзен арналай ағып, ел егін егіп, диқаншылықты кәсіп етіп тұрақтаған уақыттан бері Бұрған ауылы атанады. Өзенді бұрудан шыққан сөз ғой. Сөйтіп, асыл арманның орындалуына атадан балаға жеткен жүрек үні себеп болады. Сүйегі асыл бабаның мейірімділігі, әрқандай оқиғаны адамгершілікпен зерделей, екшей алудаға сұңғылалығы адами құндылығын танытып, қаны арқылы ұрпағының бойына дарығандығын уақыт атты төреші көрсетті. Қашанда қалт айтпайтын халық нақты өмірде болған жайтқа сүйенетіні ақиқат. Бабасының арманын орындаған Бигелді ұстаға Алланың рақымы түсіп, жасы тура алпысқа толғанда зайыбы өмірге балпанақтай ұл әкеледі. Бұл 1936 жылы еді. Құдайдың бергені. Ұлға азан шақырып Сәдуақас деп ат қояды.
Сол сәбиге кейін Жамбыл бабаның мейірімі түседі. Аудан орталығынан келе жатқан қарт ақын бірде Бигелдінің ауылына тоқтапты. Сонда ұста Жәкеңе жаны қалмай қызмет көрсетеді. Қойған сұрақтарына бар пейілімен жауап беріп, алма бағы мен қырманды аралатады. Атқа қонарда Жамбыл баба: «Батаменен ер көгерер, жауынменен жер көгерер», деп мынадай жыр жолдарын айтқан екен:
«Келгенімде бағана-ақ,
Алдымнан шықтың ағалап.
Өскелең мен екеуің,
Атымды бердің тағалап.
Батамды бердім балаңа,
Еңбегіңді бағалап.
Өмір жасы ұзақ боп,
Жақсыны жүрсін жағалап».
Ақын атасы бата берген сол бала ұстаның ат ұстары Сәдуақас еді. Бастауыш сыныпты Бұрған ауылынан оқып, орта мектепті Қарақыстақта бітірген ол жас кезінен өзеннің қос жағасына орналасқан екі ауылды жалғастыратын көпір салуды армандапты. Иә, неге екенін ешкім ашып айта алмайтын бір еренсіздік еді бұл. Сөйтіп, аядай ауыл әу бастан-ақ тасада қалған. Екі елді мекеннің арасы 3-4 шақырым ғана жер. Бұрған ауылының балалары бастауыш сыныптан соң Қарақыстаққа қатынап оқуға мәжбүр. Ел болып салатын шағын көпірді көктемде тасыған су бұйым құрлы көрмей бұзып кете береді. Қалыптасқан әдет қой, жұрт баяғыдай еренсіз. Ересектері кішілерін жолға тастамай өзеннен арқалап өткізіп, өмір көші алға жылжи береді.
Сәдуақас аға Бигелдиев мектеп қабырғасынан шыққан соң, тұрмыс тауқыметін тартып, бақташы болды. Зерделі жан күнделікті тірлікпен қалып қоймай, әдеби кітаптарды жастана жатып оқитын әдет тапты. Күні бойы мал соңында жүріп оқығанын ой елегінен өткізіп, сараптап, саралаудан еш жалықпайтын. Қайта ойы ұшталып, өрісте ауыл қарттарымен жолыға қалса тосын сауалдар қойып ойландырып тастайтыны да бар-тын. Қазақы болмысты күнде көріп жүр. Көргенінен түйгені көп қариялардан суыртпақтай сыр тартып, ел аузындағы оқиғаларды сұрай беретін. Сосын оңашада сол әңгімелерді екшегенді ұнататындығы бар.
Бақташы болып жүріп жүрек қалауымен жан жары Айсұлуға қосылды. Отау құрып үлкен жауапкершілікті сезіну арқылы қолына қалам алды. Кешқұрым әйтеуір бір себеппен ой тұнығына бойлай отырып, ақ қағазға күріштей етіп сөз маржандарын тізе беретін, тізе беретін. Құдайға шүкір, сол туындылар бірнеше жинақ болып, оқырмандарына жеткен. Шығармашылығы туралы сөз қозғарда естелік айтушылар ойларын саралағанымызда тапқыр сөз иесі болғанын, елді әдемі әзілдерімен-ақ мойындатып тастайтынын аңғардық. Көсіле жазған туындыларының оқиғалары оқыс, ойы тұнық, әлбетте тақырыбы тың болғанын да сол ел айтуда.
Өстіп жүріп Сәдуақас аға Бигелдиев ҚазМУ-дің журналистика факультетіне сырттай оқуға түседі. Заманымыздың заңғар жазушысы, ғұлама ғалым Мұхтар Әуезовтен дәріс алады. Мұның өзі мақтаныш әрі екінің бірінің маңдайына жазылмаған бақ емес пе?! Сөйтіп, істеп жүрген жұмысынан қол үзбей журналистикадағы деңгейін көтере, дамыта түсу мақсатымен Сұлтанғали Садырбаев секілді зерделі ғалыммен тығыз байланыс орнатады. Содан университет дипломын алған соң Жамбыл аудандық «Атамекен», кейін Күрті аудандық «Шұғыла» газеттерінде қызмет істейді.
Дене бітімі тау тұлғалы болса да жүрегі нәзік те сезімтал жан бірде-бір адамның көңіліне қаяу түсірмегенін оны білетіндер жарыса айтады. Жоғарыдағы екі газетте 45 жыл қызмет істеп, 25 шақырым жердегі Бұрған ауылына қыстың суығына қарамай қара тонын қымтанып алып мотоциклімен қатынап жүреді. Сонда орта жолдағы ауылдарда тұратын әріптес інілерін де кезегімен мінгестіріп ала кететінін жұрт әлі ұмытпайды.
Уақыт өте келе Сәдуақас ағаның балалары ержетті. Олар өзі туып-өскен жерге, момақан елге қалайда шапағатын тигізуді ойлады. Сонда Бұрған мен Қарақыстақ ауылдарының арасын жалғап, үлкеннің де кішінің де алғысына бөлейтін көпір салу жөніндегі әке арманы жақындап, тіпті қол созым жерде тұрғандай сезілетін. Сәдуақас аға секілді төменгі сынып оқушыларын ертелі-кеш тау өзенін кешіп арқалап өткізудің сан машақатын көрген ұлы Махабат қызметке іліккенде әке арманын іс-жүзіне асырды. Сөйтіп, Жамбыл ауданында басшы болғанда көпір салғызуға мұрындық болып, игі дәстүрді жалғады.
Осыдан кейін әке өсиетіне адал Махабат ауылдағы сары топырағы езіліп жататын көшелердің барлығын да тегістеп, тас төсеп, асфальт жол салуға қолұшын берді. Көргендіктің тағы бір дәлелі ретінде Бұрған атты аядай ауыл балаларын көрші Қарақыстақтағы орта мектепке сабылтпай, Сәдуақас Бигелдиевтің өзіміз жоғарыда атын атаған ұлы, бүгінде Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарып жүрген Махабат Сәдуақасұлы бастаған 6 перзенті бірлесе тізе қосып, осы жерге заман талабына сай мектеп пен балабақша кешенін салып берді. Оны естіген жан қуанып, алғыстарын ағытқанын сол ел мақтана айтады. Әкелерінің еңбегін елі бағалап, заңнама талабына сай құжаттарын реттестіріп, Бұрғандағы білім ордасын Сәдуақас Бигелдиев атындағы мектеп-балабақша деп атады.
Әсілі, тектілік жайдан жай кез-келген ұрпақтың бойына қона бермейді. Ертегілер әлемінен ой тамызық ала отырып, нақты өмірден мысал келтірсек біздің кейіпкерімізді оның ұста әкесі алпыс жасында көрген ғой. Содан соң жыр алыбы Жамбыл оған бата берген. Бүгін оның ұрпақтарына ел алғыс айтып отыр. Осының бәрінде бір сабақтастық бар. Сәдуақас аға Бигелдиевтің фотосуретіне көзіміз түскенде ойымызға осы жолдар түзіліп түсе берді.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы облысы.
Суретте: жыр алыбы Жамбыл баба бата берген Сәдуақас Бигелдиев (жоғарыда).