26 Ақпан, 2016

Өңірге инвестиция тартуға күш салынады

290 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
DSC_0271Архимед Мұхамбетовтің Қостанай облысы тізгінін ұстағанына әлі жарты жыл болған жоқ. Облыс экономикасы мен әлеуметтік өмірін жете зерттеп, сенімді қадамдар жасап үлгерген әкім облыс жұртшылығы өкілдері алдында өткен жылы өңірдегі біткен істер мен алдағы жоспарлар, мақсаттар туралы айтып берді. Қазір де облыстың өнер­кәсіп саласына әлемдік нарықтағы шикізат ба­ғасының төмен құлдырауы, Ресей мен Қытай экономикасының баяулауы әсер етуде. Соның салдары­нан облыс өнеркәсібінің көлемі 18 па­йызға, өнім өңдеу саласында өндірістік көр­сеткіш 10 пайыздай төмендеді. Мұ­ның барлығы шикізатты ғана емес, машина құрастыру, тамақ өнеркәсібі салаларында өнімді сатудың қиындығынан орын алды. Тек ірі өндірістен облыста металлургия өнеркәсібінің өндіріс қуаты артты. Аталған саланың даму қарқыны 10 пайызға артып, есепті мерзімде 41 млрд. теңгенің өнімі шығарылды. Бұл «ЕвразКаспианСталь» кәсіпорнының белсенді жұмысының арқасында мүмкін бол­ды. Мұнда 276 мың тонна көлемінде құрылыс прокаты шығарылды, бұл 2014 жыл­ғы деңгеймен салыстырғанда 3 есе артық. Дағдарыс екен деп экономиканы шегіндіруге болмайды. Аймақ басшысы бұл үшін тек облыс қана емес, республика экономикасына ықпалы бар Соколов-Сарыбай кен өндіру бір­лестігі, «Қазақстан алюминийі» акционерлік қоғамының филиал­да­ры, «Қостанай минералдары», «Вар­варинское», «ЕвразКаспианСталь», «Жас қанат-2006», «АгромашХолдинг» «Ақ-Тас СК» секілді ірі өндіріс кәсіп­орындары жөнінде Инвестициялар және даму министрлігімен бірлесіп, проблемалы мәселелерді шешу жұмыстары қол­ға алынатындығынан хабардар етті. Со­нымен қатар, экономикадағы дағдарыс әкелген дімкәстікті жазудың бірден-бір жолы өңірге инвестиция тарту екенін айтты әкім. Өткен жылы облыстағы негізгі капиталға 167 миллиард теңге тартылды. Бірақ бұл 2014 жылға қарағанда 16 пайызға кем болатын. Сонымен қатар, өткен жы­­лы бюд­жет қаражатынан қаралған жо­балардың 40 пайызы қысқарды. Бірақ өңірді өндірістік-инновациялық дамыту мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыру жалғасын тауып келеді. Индустрияландыру картасы бойынша өткен жылы 4 кәсіпорын қатарға қо­сы­лып, олардан 126 адам жұмыс тапты. 2016 жылы 11 инвестициялық жоба жү­­зеге асырылады деп отыр. Архимед Бекежанұлы келгелі шетел инвесторларын өңірге тікелей тарту ісін қолға алды. Ресей мен Қытай инвесторлары атқаратын 9 жоба дайындалу үстінде. Шетел инвестициясын тарту арқылы өңір­де керамикалық плиталар зауыты, жылыжай кешендері, полиграфиялық өндіріс, жаңа машина маркаларын құрас­тыру секілді жұмыстар жүзеге асатын болады. Ауыл шаруашылығына да инвестиция, оның ішінде шетелдік инвестиция тартылады. Әкім шағын және орта бизнестің дамытылатынына да сендірді. Облысаралық ет кластерін құру өңірдің ауыл шаруашылығындағы айтулы қадам, жылы жаңалық болып отыр. Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстары және Inalca Eurasia Holdings GesmbH арасындағы мәміле ет экспорты әлеуетін арттыруға мүмкіндік туғызатын болады. Ет кластерінің аясында осы үш облыста бордақылау алаңдары, асыл тұқымды мал ша­руашылықтары, шаруа қожалықтары құрылады. Экономикалық әлеуеті мықты облыс­та әлеуметтік мәселелер де жетіп артылады. Бүкіл елді мекеннің 10,5 пайызы ғана көгілдір отынды пайдаланады. Биыл 8 елді мекенге газ барады. Ал ауызсу мен жол, баспана да Қостанай өңіріндегі өт­кір мәселелердің бірі. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу кезегінде 23,1 мың адам кезекте тұр, оның 11 мыңы Қостанай қаласынан алғысы келеді. Әкім есеп беріп болған соң, оған алғашқы қойылған сұрақ та нақ осы тұрғын үй мәселесі туралы болды. Қостанай қаласының тұрғыны Екатерина Медель биыл Қостанайда әлеуметтік қанша үй салынатынын, өт­кен жылғы секілді ипотекалық компаниялар желісі арқылы қостанайлықтарға берілер жеңілдіктер туралы білгісі келді. Архимед Бекежанұлы өзге өңірлерге қарағанда Қостанайда әлеуметтік баспаналар салудың аздығын бірден айтты. Өткен жылы барлығы 249 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, соның 16 мың шаршы метрден астамы ғана бюджет қаржысына салынды. Ол қазір 2017 жылы салынатын үйлерге құжаттар дайындау жұмысы жүріп жат­­­­қандығын жеткізді. Соңғы кезде Қос­танайда ауладағы бос жерге көп қа­батты үйлер сала беру әдетке айналған. Тіпті, үйлердің жиілігінен адамдардың тынысы тарылғандай, балаларға ойнайтын жер қалмайды. Облыс әкімі осылай мінгесе салынғалы жатқан үйлердің құры­лы­сын бастауға тыйым салғанын айтты. Құ­рыл­тайшылар салатын жаңа үйлер кең, жаңа жерлерден түсетін болады. Облыс әкімі баяндамасында басым­дықты экономиканы дамытуға арна­са, оған келіп түскен сауалдар негізінен әлеу­меттік мәселелерді қозғады. Жол­дардың жағдайы, мектептердің жөнделуі, стадиондар мен спорт мектептерінің жағдайы, кейбір құқықтық мәселелер қамтылды. Әкім аға буын өкілдері қойған сауалға сәйкес Ыбырай Алтынсариннің 175 жылдығына орай кемеңгер ағар­тушының кесенесі қайта жөнделетінін жеткізді. Облыс әкімі жұртшылық алдында берген есебінің соңында «Көркейе бер, Қостанай!» ак­­­циясының тұсауын кескенін де хабарлады. Акция шеңберінде туған жерден жырақта жүрген түлектерді туған жерді көркейтуге тарту ісі жүзеге асатын болады. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». Қостанай облысы.