Мәссаған!
Ақсу қаласы аумағына қарасты Үштерек ауылында тұратын Бұлбұл Күмісжан қолында мал дәрігері деген құжат-қағазы болса да әлі күнге дейін жұмысқа орналаса алмай жүр. Бар кінәсі оның Улан-Баторда білім алғаны болып тұр. Ауыл әкімі «сен тест тапсырып, бұл жақтың қызметіне өте алмайсың» дейтін көрінеді. Осы мәселе, яғни мал дәрігерлерінің қажеттігі таяуда Үкімет отырысында да айтылды. Әсіресе, ауылды жерлерде мал дәрігері мамандарының жеткіліксіздігі немесе мүлде жоқтығы, мал соятын орындар мен қасапханалардың аздығы, болса да олардың талапқа сай еместігі, бақылаудың жоқтығы сөз болды. Ендігі мақсат әрбір ауылды мал дәрігерлерімен қамтамасыз ету болып отыр. Елімізде мал дәрігерлерінің жетіспеушілігі өңірлердегі эпизоотиялық ахуалдың төмендей түсуіне де себепкер. Облыстағы мал ұстайтын қалың қазақ ауылдары отырған Лебяжі, Май аудандарында қазір бруцеллез ауруы белең алып барады. Ол малдарды енді жаппай өртемекші көрінеді. Себеп малдарға екпе жасалмайтынынан деп отыр ауыл тұрғындары. Жастардың көпшілігі қазір заңгер, экономист мамандықтарын алуға құштар, бұрынғыдай зоотехник, мал дәрігері болып жүргендері санаулы ғана. Биылғы жылғы жазда облыстағы Ақсу қаласы аумағына қарасты Ребровка және Қаракөл ауылдарында ірі қара малдан қарасан індеті таралды. Бұл ауру ауыл адамдарына жұқты. Өкінішке қарай, дерт жұқтырып алған бірнеше адам өмірмен қоштасты. Әйтеуір, індеттің таралмауына үкіметтік деңгейде көмек келіп, шұғыл шаралар қолдану нәтижесінде ғана басқа ауылдар аман қалды. Малда қарасан індеті пайда болуына Жолқұдық ауылдық аумағының ветеринар-дәрігеріне ескертпестен, рұхсат етілмеген жерлерде өріске жіберулері, ауырған малды сойып, бір-біріне таратып бергендері себеп болған көрінеді. Бұл ауылдық аумақта 2 мыңдай халық тұрады. Зертханалық зерттеулер нәтижесінде малдардың қарасан індетімен ауырғаны, адамдарға жұғу фактісі анықталды да. Бұл – бір. Екіншіден, қарасан ауруының шығуына жергілікті атқарушы органдар жұмысындағы кемшіліктер де әсер етті. Кейіннен адам өліміне әкеліп соқтырған бұл қайғылы жағдайдан соң Ақсу қаласы әкімінің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары Рүстем Сәдуақас қызметінен босатылды. Мамандығы бойынша заңгер бұл жігіттің ауыл шаруашылығы, ветеринария жөнінде, мүмкін, білгені де шамалы болған шығар. Егер ауылдарда малдар ветеринарлық испекторлардың қадағалауымен ветеринария талаптарына сәйкес сойылатын болса, онда қайғылы жағдай болмас еді. Ал, енді бұл жағдайдан кейін қалай болды дейсіз ғой, кеткен орынбасардың орнына «апама жездем сай» дегендей, мамандығы заңгер Ержан Иманісләм деген тағы бір жас жігіт келді. Құтты бір, ауыл шаруашылығы саласына бас-көз болуға заңгерлерден басқа адам табылмай қалғандай болды. Жалпы, Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, қазіргі күні елімізде бар 7 066 ауылдық елді мекеннің 3 094-інде немесе 44 пайызында ветеринар мамандар жоқ көрінеді. Біздің облысты алатын болсақ, қазіргі күні 85 ауылға ветеринар дәрігер қажет болып тұр. Күнделікті тіршілігін ет пен сүттен айырып отырған ауылға қазір мал дәрігерлері ауадай қажет. Ауылдан келетін мал еті таза болса, қала халқы да алаңсыз, қарны тоқ. Мал дәрігері деген дипломы бар жастарға да жағдай жасалуы керек-ақ. Жалпы, халықаралық эпизоотиялық бюро талаптарына сәйкес, еліміздегі малдың барлығы да ветеринарлық-профилактикалық шаралардан өтіп тұруы тиіс. Қорасындағы малдың қаны жыл сайын екі рет диагностикалық тексерулерден өтуі керек екенін ауыл тұрғындары Кеңес өкіметі кезінен жақсы біледі. Мақаламыздың басында айтқан Бұлбұл Күмісжан сияқты маман-дәрігерлерге жол ашудың орнына қолда бар кадрдың қадірін білмей отырмыз, оның өтінішіне көз салмай жүрдім-бардым қараймыз, Моңғолиядан еліне оралған жас әйелдің отбасы, бала-шағасы бар, ауылда жұмыс жоқ емес, әттең, осы бір бюрократтык көзқарастар болмаса дейсің. Сондықтан біз мал дәрігері Бұлбұлдың өтінішіне қала әкімінің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары заңгер ретінде дұрыс көзқарас танытады деп сенеміз. Фарида БЫҚАЙ. Павлодар облысы.Жаңа тариф жергілікті халыққа тиімді
Табиғат • Кеше
Қарағанды облысында алты жасар бала өзенге батып кеткен
Төтенше жағдай • Кеше
Анасы түрмедегі ұлына телефон кіргізбек болған
Қоғам • Кеше
Роза Рымбаева жаңа атаққа ие болды
Мәдениет • Кеше