26 Ақпан, 2016

Қадағалаушы әрі куәгер

339 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
«Ақмола Медиа Орталығында» сайлау науқанын байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссияның облыстық филиалы жергілікті байқаушылармен семинар-тренинг өткізді. Оның басты мақсаты әділ сайлау мен сайлау науқанының ашықтығын қамтамасыз ету болып табылады. Семинарға қатысқан рес­пуб­ликалық қоғамдық комис­сияның мүшесі Тамара Ширмер комиссия сайлауалды науқанының демо­кратия­лық қағидалар талаптарына сай ұйымдастырылуына, азамат­­тардың еркін пікір ұстаны­мын қамтамасыз етуге септесе­тіндігін атап көрсетті. – Сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссия (СБРҚК) өзінің 10 жылдан астам қызметінде саяси бей­та­раптық, ашықтық және әділдік қағидаттарын ұстанып келеді, – деді Т.Ширмер. – Комиссия құрамы елімізге белгілі, құрметті азаматтардан, өзіндік пікірі қалыптасқан қоғам қайраткерлерінен, ғалымдардан, сарапшылардан, зиялы қауым және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінен іріктелген. Комиссияның өңірлік буындарының әлеуеті де зор. Біздің негізгі мақсатымыз – сайлау науқанының ашықтығын, сондай-ақ, сайлаушылар мен үміткерлердің конституциялық құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету. Комиссия мүшелері Қазақ­стан азаматтарын сайлаудың заң­дық нормаларға сай, жалпыға ортақ құқықтық негіздердің қатаң сақталуы жағдайында өтетін­дігінен кеңінен ақпараттан­ды­рылуын және бұл нормалардың мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз етуге тиісті. Әрбір азамат сайлауға қатысуы және өзінің азаматтық ұстанымдарын еркін білдіруге мүм­кіндік алуы шарт. Бейтарап қоғам­дық бақылау электораттық жағдайға оң ықпал етіп, тұрғын­дардың саяси-құқықтық мәде­ниетінің артуына жағдай жасайды. Біздің ұйымдық-практикалық жоспар-кестеміз бойынша осындай семинарлар, дөңгелек үстел мәжілістері өткізіліп, байқау ісі барлық сайлау учаскелерінде жүргізілетін болады. СБРҚК облыстық филиалының төрағасы Ғосман Төлеғұл облыс қалалары мен аудандарынан келген байқаушыларға қойылып отырған міндеттер туралы кеңінен түсінік берді: «Байқаушы – сайлаудың өткізілуі барысын қадағалаушы әрі тікелей куәгер, – деді ол. – Қоғамдық ұйымның мүшесі алдымен өз міндетіне адал болуы керек. Біз қоғамның атынан әрекет етеміз, сондықтан, әділдікті, ашықтықты, адалдықты қамтамасыз етіп, сайлау барысы мен дауыстарды санау кезінде орын алуы мүмкін келеңсіздіктердің алдын алуымыз қажет». Семинарды ұйымдас­тыру­шылар оған қатысушылардың пікір­лерін тыңдап, сұрақтарына жауап қайтарды. Комиссия мүшелері кездесудің алғашқы күнінде Көкшетау қаласындағы №1 және №3 мектептерде, «Дос­тар» мәдениет сарайында орна­ласқан сайлау учаскелері мен округтеріндегі жұмыспен таныс­ты. Кеше олар Бұланды және Ақ­көл аудандарында семинар өткізді. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан».