07 Қаңтар, 2011

Елбасымен біргеміз!

844 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін
ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР Н.НАЗАРБАЕВТЫҢ ПРЕЗИДЕНТТІК ӨКІЛЕТТІГІН ҰЗАРТУДЫ ҚОЛДАЙДЫ ЕЛ БІРЛІГІН САҚТАҒАН Қазақ деген елденбіз, Ғажап кенен жерденбіз. Бодандықтан босанып, Еркіндікке енгенбіз. Сан азапты көргенбіз, Мың тіріліп, өлгенбіз. Атой салып дұшпанға, Айқастарда жеңгенбіз. Бәріне де сенгенбіз, Бәріне де көнгенбіз. Төмендегі босқынға, Төрден орын бергенбіз. Ел бірлігін бөлмейміз, Барлығын бір тең дейміз. Елдік туын көтерген, Елбасына ергенбіз. Кеңге қанат кергенбіз, Ерге талап бергенбіз. Ерлік туын көтерген, Елбасына ергенбіз. Асқар таулы белденбіз, Айдын шалқар көлденбіз. Елде ырыс ұйытқан, Елбасына ергенбіз. Алысқа қол сермерміз, Талай өрге өрлерміз. Ғажап дархан көңілі, Қазақ деген елденбіз. Бұлжымайды мүддеміз, Бұзылмайды іргеміз. Ел бірлігін сақтаған, Елбасымен біргеміз. Махмұтбай ӘМІРЕҰЛЫ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Қызылорда.

* * *

БАСТАҒЫ БАҚТЫ БАҒАЛАЙЫҚ, БАУЫРЛАР!

Мен Ақтөбе облысының Темір ауданының азаматымын. Білімім – жоғары, мамандығым – мұғалім, соғыс жылдарындағы еңбек ардагерімін. 1949 жылы мектеп бітіріп, Алматының Абай атындағы университетіне оқуға түскенімде Ақ­төбе қаласын да көрмей, білмей келдім. Кеңестік кезеңде оқып, тәрбие алдық, ержеттік, есейдік. Оның бер жағында тәуелсіз мемлекет болғанымызды да көріп, қал-қадерімізше қызмет жасадық. Шіркін, тәуелсіздік, не деген қымбат, не деген қадірлі едің біздің халқымыз үшін! Не деген асқақ едің, не деген арманды едің! Халқымыз тәуелсіздікті ға­сыр­лар бойы аңсады, армандады. Сонда да саған деген сенімін жоғалтпады, алға үмітті сеніммен қарады. Сол бір жақсылықты адам­нан емес, Алладан тіледі, жа­лынды. Ақыры аққа құдай жақ де­гендей, ақ түйе­нің қарны жа­рыл­ғандай қуа­ныш­пен тәуел­сіз­дігіміз қолымызға тиіп, мәре-сәре шаттыққа бөлендік. Тәуелсіз мемлекетіміз көшбас­шылық қызметін Нұрсұлтандай дана ұлына ұстатты. Тәуелсіз мем­лекетіміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұл қыз­метке мол тәжірибемен, асқан білім-білікпен, өзіне ғана тән дара дана­лық­пен кірісті. Толыққан, кемел жасқа келген шағы. Ел-жұрты­мыз­дың ортасын­да ойлы да парасатты кейпінен жаңыл­май, мына бейдауа заман­ның желіне ілесіп, тәуелсіздік атты ғажайып ұлы күштің дүм­пуіне дес бермей, қилы да қиын күндерді бастан кешіп жатқан халқымызбен әмсе бірге келе жат­қаны – елімізге құт-береке орнат­қандай, жерімізге бейбітшілік туын желбіретіп, хал­қы­мызға бірлік, жарастықты тірлік беріп келе жатқан айтулы азамат екендігі бар­шамызға белгілі. Мен Астананың қазіргі кескін-келбетін, сән салтанатын бірінші көруім. Әсем қала, жас қала, бас қала деген сөздерді радиодан, теледидардан, болған, көрген адамдардан естуім бар еді де, қашан көремін  деген арманда едім, сәті түсіп ара­лағанымда аузымды ашып аңы­рып тұрып қалыппын, ертегілерде ғана кездесетін ғажап дүниелерге елігіп, елтіп қарай бергім келеді. Жыраулар айтатын терме, ақын­дар айтатын айтыс­тың тақы­рыбы сұранып-ақ тұр, шіркін! Шын­ды­ғын айтқанда, аз ғана жыл шамасында мұндай қала салу ешкімнің де қолынан келмес еді, ешкімнің батылы да бармас еді. Істің жүйесін тапқан – түйін­нің шиесін шешеді деген мақал Нұрекеңдей рухы өр, орны төр Көшбасшыға ғана айтылар. Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дарында экономикалық жағдайы­мыз өте ауыр болатын. Соған қа­ра­м­астан Президент астананы Ал­ма­тыдан Ақмолаға көшірудің қам-қарекетімен жүрді. Нұрекең 1997 жы­лы желтоқсан айының алғашқы жартысында кө­шіру мә­се­лесін тү­бе­гейлі шешті де, өзі бастап Ақ­моладан бір-ақ шық­ты. Күт­кен­де­ріндей қиындықтарда шек болма­ды, кеңселердің орна­ласуы, адам­дар­дың жататын орын­дары, оған қоса Сарыарқаның қы­ты­мыр сары аязы, азынаған желі шы­дат­паса да көндігуге тура келді. Демек, жаңа орынға қоныс ау­даруы­мыз еліміз­дің экономика­сы­ның қа­рыштап өсуіне септігін тигізгендігі ақиқат. Президенттің ой­лау өрісінің кең­дігі, ақылы мен сабырын құстың қос қанатындай құрметтеуі, жан дүние­сінің молдығы, іскерлігі, тап­қыр­лығы, сөйлеуге шешендігі, керекті жерінде қиын­нан қиыс­тырып, орынды әзілмен, жара­сымды қал­жыңмен адамдар­дың көңілін ау­лауы – қиындық­тарды еңсере жеңудің бірден-бір құра­лына пай­даланып келгендігі адам­дарға күшжігер, ынты­мақ-бірлік, ілгері басқан қадам­дарының қа­рыш­ты болуы­на үлкен септігін тигізіп отырды. Біз не де болса қиындықты түп­кілікті жеңдік. Сара жолға шықтық. Сара жолға салған Көш­басшымыз Назарбаевтың дана басшылығына әрқашанда риза­мыз! 56 ел басшыларының басын қо­сып, Астанада Саммит өт­кізуі­нің өзі мемлекетіміздің абырой-беделін ас­қақтатып жіберді. Сол екі күн Саммитті өткізуге бас­тамашы бол­ған Президентіміздің абырой-ата­ғын бұ­­рынғыдан бетер жоғарылата түсті. Жасай бер, Нұреке, халқыңды жаңа асқаралы асуларға бастай бер, халқыңның ауыр жүгін арқа­лауға шаршамағайсың, ауырлық көрсең жұқармағайсың, қиындық көрсең мұқалмағайсың, даналар­дың дәстүрін жаңалағайсың, жал­ғағайсың, Нұреке, дегеннен басқа не айтамыз! Астана Саммитінің нәтижелі өтуін, тәуелсіздігіміздің 19 жы­лын тамаша табыстармен аяқ­тауға риза болған халық Президент өкі­лет­тілігін 2020 жылдың 6 желтоқ­санына дейін ұзарту жө­нінде референдум өткізуді ұсын­ды. Көптің бірі ретінде мен де Президенттің өкілеттігін ұзар­ту жөніндегі рефе­рендумның өткізі­луін қолдаймын және өз дау­сымды беретіндігімді мәлім­деймін. Мені осындай бір мақала жа­зуға итермелеген, ерекше бір ри­за­шы­лық сезімге түсірген желтоқ­сан айы­ның басынан бастап, Ас­та­наны аралағандағы алған әсер­лерім еді. Өңім түгіл түсімде көрмейтін әсем қала, арман қала маған ой салды, жанымды тебірентті. Барлық жүзеге асырылған ғажайып шаралар тек қана Президентіміз Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың ісімен байланысты екендігіне көзім жетті. Прези­денттің өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзартайық деген ұсынысты бір адамдай қолдайық. Жоғарыдағы қасиеттердің бар­лығы тек Нұрекеңде ғана бола­тын, соған ғана лайық қасиет екен­дігі ешқандай дау туғыз­байды. Бетке ұстасаң беделі қан­дай, арқаға ұстасаң панасы қан­дай екендігін айыра білетін уақыт болды емес пе, ағайын! Өз басы­мыздағы бақ құсымызды бағала­май ұшырып алмайық, бағала­йық, аялайық, ардақтайық!

Мұғал ҚҰБАШҰЛЫ, дербес зейнеткер.

* * *

3 МИЛЛИОН 100 МЫҢ ҚОЛ ЖИНАЛДЫ

Кеше  Өскеменде Қазақстан­ның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.На­зарбаевтың өкілеттігін ұзар­ту жөнін­дегі бастамашы топ мүшелері ақ­па­рат құралдары өкілдерімен жүздесті. – Дәл қазіргі сәтте еліміз бо­йынша Елбасының өкілеттігін ұзар­туға байланысты 3 миллион 100 мың адам дауыс беріп отыр, – деді бас­тамашы топтың жетекшісі, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік уни­верситетінің ректоры, про­фессор Ерлан Сыдықов. – Әсі­ресе, мереке және демалыс күндері жер-жердегі бас­тамашы топ мү­шелері белсенділікпен жұмыс жасап, көп мөлшерде дауыс жинаған. Жастар мен еңбек ардагерлерінің ынта-жігері ерекше болды. Ерлан Бәтташұлының айтуын­ша, дауыс жинау 11 қаңтарға дейін созылмақ. Одан кейінгі шешімді Елбасы өзі қабылдайды. Біздің шамалауымыз бойынша 4 миллионнан астам адам Елбасы­ның өкілет­тігін ұзартуға дауыс береді, деді ол. Бастамашы топтың мүшелері Г.Бердюгин, облыстық кәсіподақтар ұйы­мының төрайымы Н.Түсіпова, облыстық мәслихат де­путаты Т.Исабаев облыс тұр­ғын­дарының белсенділігі жайлы айта келіп, Елбасының Кенді Алтайдың эконо­микасының өр­кен­деуіне ерекше үлес қосқанына жерлестерінің лайықты баға бергендеріне тоқтала кетті.

Оңдасын ЕЛУБАЙ.

Өскемен.

* * *

ХАЛЫҚ СҮЙІСПЕНШІЛІГІ ДЕП БІЛЕМІЗ

Еліміздің жаңа тарихында бар­ша қазақстандықтар үлесі үлкен. Алайда, оның жарқын беттеріне бөлекше айшықты таңба салған, оны жарқырата түсіп келе жатқан тұлға бар. Ол Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев екені әмбеге аян. Тағдыр мені бұл адаммен бұдан елу жыл бұрын тоғыстырған еді. Басқа басқа, біздер – металлургтер қауы­мы аза­маттық қасиеттерді бір­ден тани­мыз. Ортамызда ақыл-ойы мен ерік-жігері ерекшеленген жас На­зар­баевтың сол кезде-ақ болаша­ғы­ның зор екенін сезетінбіз. Еңбекке шыңдалған сыйлас­тық берік болатындығы белгілі. Қазақстандық алғаш шойынды бірге қорыттық. Бір бригадада бес жыл иық тірестіріп жұмыс істедік. Сонда қалыптасқан жарастық қарым-қатынас күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Жалғыз мен ғана емес, сүйікті де ауыр істі тізе қосып атқарған кешегі әріптес­тері­не Нұрсұлтан Әбішұлы ықы­ласы әлі ыстық. Теміртауға жұ­мыс бабындағы сапарларында бә­рі­мізбен кездесуге уақыт табады. Отандастарымыздың Елбасы­ның президенттік өкілеттігін ұзар­ту туралы ұсынысы көңілімізге қон­ды. Мұның өзі жайдан-жай еместігін білеміз. Мемлекетімізді биік белестерге көтерген, әлемге танытқан, жарқын болашағына берік негіз қалаған адамға деген сүйіс­пеншілік пен сенімнен туын­даған жүрек үні екені анық. Сон­дықтан референдум өткізу арқылы халық қалауы анықталуын қолдай­мыз. Өркендеудің жаңа бір асуы алда тұрған кезде мемлекет бас­қарудағы қабілет-дарыны, өмірлік тәжірибесі бай тұлғаға сенімді биіктету Қазақстанымыздың кемел келешегіне кепілдік болып та­былады. Оның шуағы Н.Ә.На­зар­баевтың бойына күш-қуат болып құйыла­тын­дығына шүбә жоқ.

Владимир КОЛБАСА, ардагер-металлург.

Теміртау.

* * *

БЕДЕЛ БИІГІ

Нұрсұлтан Әбішұлы еліміз тәу етер жалғыз кие – тәуелсіздікке алғаш қол жеткізгенде ұлты­мыз­дың, мемлекетіміздің тізгінін қолға алып, көш бастаған Тұң­ғыш Президентіміз болды. Міне, содан бері ірге­міздің сөгілмеуіне, мем­лекеті­міздің біртұтастығына, хал­қымыз­дың ты­ныш та берекелі ғұмыр кешуіне, әлеуметтік-эконо­микалық сая­­саты­мыздың тұрақ­тануына, даму­шы ел­дердің көш соңында қалмауына аянбай тер төгіп, еңбек етті. Бұл оның көре­ген стратег, қажырлы еңбекқор, білікті басшы екенін Қазақстан жұртшылығы алдында да, әлем алдында да дәлелдеді. Мемлекетіміздің жастары Ел­басы мен Қазақстан Үкіметінің қам­қорлығының арқасында өз ар­мандарын жүзеге асыруда. Әсіре­се, ауыл жастары мұндай қол­дауға көп иек артуда. Президент жыл сайынғы дәстүрлі жол­дауын­да да ауыл тағдырына, оның әлеуметтік жағдайына, ардагерлер мен зей­неткерлеріміздің, әлеу­­меттік салада қызмет істейтін маман­дары­мыздың мәселесіне ерек­ше назар аударып, басты назарда ұстап отыр. Сондай-ақ, ел ғылымының өрістеуіне, жас ға­лым­дардың кө­беюіне, ұлт тари­хы­ның құндылы­ғына көп көңіл бөледі. Отан қамқорлығын зейнеткер де, өмір жолын жаңа бас­таған шәкірт те айқын сезініп отыр. Сарыарқаның төсінде өткен Саммит әлем назарын Қазақ еліне аударды. Жаңа елорда – Астана қала­сы қазақ елінің келбетін та­нытты, елдің береке-бірлігіне, ал­тын ұясына айналды. Астана қала­сы Еуразия құрлығының ор­та­сын­дағы Қазақстан хал­қының ерік-жі­герінің, үлкен қа­жыр-қай­ратының айғағы болды. Жаңа қала, жас қала Астананы дүние жүзіне таныту­дағы, әлем халық­тары дін өкіл­дерінің басын бір ортаға ұйытқан игілікті идеяны Америка, Ресей, Қытай, Түркия және тағы басқа да дамыған мемлекет басшылары бірауыздан мойындап, Елбасының салиқалы саясатын қолдап, эконо­ми­калық тұрақтылыққа бағыттал­ған істерге зор баға беруде. Бұл – әрине, елдің мақтанышы, абыройы! Жас мемлекет – Қазақ елінің бедел биігі мен арман-мақсаты! Осы орайда ұлтымыздың рухани көсемі Ахмет Байтұр­сынов­тың «Балам дейтін жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан болсын?!» деген сөзі еске түседі. Елдің түкпір-түкпірінен алуан ұлттың үн қосып жатқаны ел-жұрттың Ұлт Көшбасшысы ата­нып отырған Елбасыға сенім арт­қанының, сол сенімді Елбасының ақтай білгенінің айғағы! Нұрсұлтан Әбішұлы шын мә­ні­сінде ұлттың Көшбасшысы, ел­дің үмітін ақтаған, арманын алға апар­ған қайраткер. Мемле­кеті­міздің қарыштап дамуына қосқан үлесі жағынан Елбасымен терезе теңес­тіре алатын қайрат­кер жоқ. Сон­дықтан да, оның өкілеттігін ұзарту жөніндегі референдум өт­кізу тура­лы ұсынысты Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік универ­ситетінің оқы­ту­шылары мен студенттері қызу қолдап отыр. Қазір­дің өзінде референдум өт­кізу жөніндегі ұсы­ныс оқу орнының ғылыми кеңе­сінде мақұлданып, қол жинау жұ­мыстары жүріп жатыр. Асқар НӘМЕТОВ, Ахмет Байтұрсынов атындағы ҚМУ ректоры. Қостанай.

* * *

ЖІГЕР СЫЙЛАДЫ

Президент өкілеттігін ұзарту жө­ніндегі бастамаға Сыр елі алғаш­қылардың бірі болып қолдау білдірді. Елбасы қамқор­лығын ерекше сезінген өңір халқы мұндай маңызды оқиғаға ыстық ықылас қойып отыр. Өткен жылдың тамыз айында «Нұр Отан» партиясы облыстық фи­лиалы жаңалық жа­сады. Ол — партия филиалы төр­ағасының бірінші орын­басары Өл­месхан Болат­беков­тің «Ата­мұра» баспасынан «Ел-жұрт һәм Ел­басы. Наш Лидер» кітабының жа­рық­қа шығуы еді. Автор Мемлекет бас­­шы­сының балалық ша­ғы­нан бүгін­­ге дейінгі парасат жо­лын сабақтай келе әлемге әйгілі Қазақстанның қуатты қадамын жан-жақты суреттеген. Және бұл кітап­тың артық­шылығы, оның кейіпкерлері қара­пайым ауыл адам­дары болып, олар­дың Елбасына деген жү­рек­­жар­ды ой-орамдары, тілегі қамты­луын­да. Ең бастысы, Президенттің өкілет­тігін ұзартуға қозғау салуымен ба­ға­лы болды. Біз осы кітаптың кейіп­керлері ретінде Елбасы жайлы ойы­мызды білдіруді, оның өкілет­тігін ұзар­­ту­ға қолдау жасауды парыз санадық. Нұрсұлтан Назарбаев қайта­лан­бас тұлға. Тәуелсіздік алған ке­шегі ауыр күндерде қиын-қыс­таудан елді жамандыққа ұрын­дыр­май, бас-аяғын бүтін алып шығу оның бірінші ерлігі еді. Соғыссыз, қарусыз тәуелсіздігімізді жариялап, бірде-бір елге тәуелді болмай, өз мүм­кіндігімізбен тіршілікті тоқтат­падық. Алдымен Қазақ­станды құ­дай қолдады, сосын Нұрағаң жарқын жолға жалғады. Қазақстан әлемдік қаржы дағ­дарысын айналып өткен мемлекет. Бұл экономикалық мықты тал­дау­дың, сондай-ақ алдын алу­дың сәтті қада­мы. Көршілес мемлекеттер, Еуропа елдері есін жия алмай тұрғанда, Қа­зақ­стан қарыш­ты қадамдар жаса­ды. «Жол кар­та­сы» арқылы өмірі жөндеу көр­ме­ген көшелердің келбеті кірді, ауруханалар мен мектептер салынды. Жалпы, Елбасы туралы айт­қан­да, Жолдау жайлы толғанғанда бір кем дүние көрінбейді, бәрі өнеге мен үлгілі үрдістерге толы. Біз Президентті бағалаймыз және өмірі ұзақ болғанын тілейміз. Бүгінде «Нұр Отан» партия­сы­ның бастауыш ұйымнан бастап, аумақтық, аймақтық есеп беру, сайлау жиындары өтіп жатыр. Мұн­да Елбасының өкілеттігін ұзар­ту мә­се­лесі кеңінен көтеріліп, жаппай қолдау тауып жатқанын мақтаныш­пен айта аламыз. Елбасы жетекшілік ететін «Нұр Отан» партиясының Сыр бойын­дағы отыз сегіз мыңдай мүшесі бір­ауыз­дан қолдау жасауды ұйғарып отыр. Өйткені, ел дамуына партия­ның ық­палы зор. Сондай-ақ, аймақ­тың мә­дени-әлеуметтік өмірінде кеңі­нен жұ­мыс жасап, нәтижелі іс көрсеткен партияның жергілікті филиалдары х­алық сенімінен шықты. Бұл Елба­сы­ға деген сенімді одан сайын күшейтті. Біз өз ойымызды білдіре оты­рып, еліміздегі, ауыл-ауылдағы әйелдер қауымын, батыр аналарды Елбасы­ның өкілет­тігін ұзарту ре­ферен­думы­на бір кісідей қатысуға шақырамыз.

Алма БАҚТИЯРОВА, Сырдария ауданының құрметті азаматы.

Айша Бөлекбаева, Алтын алқалы ана.

Қызылорда облысы.

* * *

БҰЛ – САЯСАТТЫҢ ЖАЛАУЫ ЕМЕС, ЖҮРЕКТЕРДІҢ ҚАЛАУЫ

Кеше ғана қауызын жарып азаттық аспанына талпынған тағдырлы елдің аз уақыттың ішінде, басқалар ғасырлап жеткен ға­ламдық кеңістікке шырқап шық­қанына шынымен таң қал­ған­даймыз. Таң қала тұрып осынау тарихи ғажайып құбылыстарды кемел ойымен, кенен ақылымен, сындарлы саясатымен жүзеге асырған еліміздің Тұңғыш Президенті, Ұлт Көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевпен замандас болғаныңа, ол жасаған қайталанбас саяси-әлеуметтік реформаларды ықы­лас-ынтамен орындауға қатыс­қаныңа тәңіріңе тәубе айтасың. Тәуелсіздік Нұрсұлтан Әбіш­ұлының табиғи талантын ашты, ал Назарбаев елінің бағын ашты. Тарих дегеніміз мәңгілік өлше­міндегі деректер мен дәйектер. Сол дәйектерді тағы бір жаң­ғыр­тып өтсек, жаңа Қазақстанның жаңа тарихындағы жасампаз тұл­ға жарқырап шыға келеді. Ол – Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев. Әлемде жер көлемі жөнінен 9-шы орынды иеленетін елдің мемлекеттік шекарасы дау-дамай­сыз бекіді. Бұл енді дос түгіл, дұшпан да бас ұратын ерен ерлік. Әйтпесе іргесіне ши жүгіртіп, шырқы бұзылып жатқан елдер қаншама. Сарыарқа төсінде алшайтып жаңа Қазақстанның жаңа елор­дасын салдыру да Елбасымыздың төлтумасы. Әрі қарай әрбір қазақ­стандықтың жадында жатталып қалған жетістіктерді түгендемей-ақ қояйын. Кешегі әлі ыстығы басылмаған ЕҚЫҰ Саммитінің Астанада өтуі, әлемдік маңызы бар шешімдердің қабылдануы Ел­басымыздың өлшеусіз еңбегінің, елдестірген саясаты­ның тағы бір көрінісі. Мүдделері бір-біріне кереғар келетін елдерді бір жерге иіп әкелу, ұстанған қағидаттары әр түр­лі елдер басшыларын бір тоқтамға келтіру, бір пікірге то­қайластыру қиынның қиыны екені белгілі. Солай болса да, Нұр­сұлтан Әбішұлының шебер саясаткерлігі, көшелі ойлау қарым-қабілеті Астана декларациясының қабылдануына алып келді. Біз Астана Саммитінде осы беделді басқосуға қатысушы әріп­тестерімізбен Президентіміздің ел тұтқасын берік ұстаған Ұлт Көшбасшысы ғана емес, әлемдегі санаулы саясаткерлердің бірегейі екенін қатысушы қайраткерлердің көзі жетіп, көңілдері тоғайғанын өз болмысымызбен сезіндік. Ел­ба­сы арқылы Қазақстанымызды қауымдастықтың құрметтегенін сезініп, тұла бойымызда тебіреніс толқындардың әлсін-әлсін жүгі­ріп өткенін несіне жасырайық. Мемлекетті тұлғалар түзеді. Ал халық сол тұлғалардың айна­ласына топтасып, мемлекеттік істерді жүзеге асыруға қатысады. Бұл әлімсақтан жалғасып келе жатқан қағида. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қар­саңында Елбасының өкілетті­гін ұзарту жөнінде бүкілхалық­тық бастама көтеріліп жатыр. Бұл – салиқалы саясаттың жалауы емес, жүректердің қалауы. Бұл Қазақстан халқының алдағы он жылға да Тәуелсіздіктің кепіліндей туынды тұлғамен бірге бару­ды қолдап отырғаны. Ал жү­рек қалауы қандай бір құдіреттерден де биік болмақ. Сондықтан, Елбасының өкі­лет­­тігін алдағы 10 жылға ұзар­туды көз­дейтін бүкілхалықтық бас­тама­ны бірауыздан қолдауға шақырамын.

Бақберген ДОСМАНБЕТОВ, Парламент Сенаты Қаржы және бюджет комитетінің хатшысы, экономика ғылымдарының докторы.

* **

ЖАСТАР ҚОЛДАЙДЫ

Қазақстанның экономикасы әлем­дік дағдарыста сүрінбеді. Дү­ние жүзі­нің көшін бастап жүрген мемлекеттер соңын күтіп, іркіліп қалғанда елімізде жасауға тиісті тіршіліктердің тоқтап қалғаны жоқ. Мұны оңтүстікқазақстан­дық­тар да анық сезінуде. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінен бө­лек білім беру, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік, шағын және орта бизнес саласында күн сайын дерлік жаңа нысандар беріліп жатты. Облыс әкімі Асқар Мырзах­метов 2011 жылы бюджеттің ба­сым бөлігі әлеуметтік салаға ба­ғытталады деп отыр. Қазір жұрт бұрынғы саманнан салынған мектеп, итарқа секілді емдеу мекемелерін ұмытты. Алып құры­лыстар жүріп жатыр. Осының бәрін көкірек көзінен өткізіп отырған халық Елбасы­ның президенттік өкілеттігін ұзарту ту­ралы бастаманы қызу қолдайтынын айтып, “Егеменнің” қосынына жиі телефон шалады. Қарапайым халық. Басесеп емес, алғаусыз көңілін білдіреді. Халық пайдасына өлшеусіз жұ­мыс жүр­гізіп жатқан Елбасымызды бі­р­ауыз­дан қолдаймыз дейді. Өзіміз де талай мекемелердегі жиын­дарға қатыстық. Жастар фо­румы, Студенттер Ассамблея­сы, Жастар қ­а­наты секілді ұйымдар өз дауыстарын жеткізіп жатыр. Ел пай­дасына дегенде алғы шепте жүретін М.Әуезов атын­дағы Оң­түстік Қазақ­стан Мемлекеттік университетінде “Жастар – Ел­ба­сы­мен бірге” атты облыстық жастар қо­ғамдық ұйым­дарының фо­румы өтті. Университеттегі баста­машы топтың жетекшісі Бақыт Сапарбаев жүргізіп отырған іс-шарада мемлекетімізде ат­қары­лып жатқан іргелі істер сөз болды. Университет рек­торы, академик У.Бишімбаев, рес­пуб­ли­ка­лық бастамашы топ мүшесі Р.Пак, ОҚМУ Студенттері альян­сының мү­шесі И.Хайдов, Студенттік өзін-өзі басқару мү­шес­і У.Разакова, ОҚМУ Халықтар дос­тығы Ассамблеясының мүшесі Е.Ли, сту­­дент, Қытайдан келген қан­дасымыз Б.Аманқұлова, студент Р.Алманов, З.Орынбеков сияқ­ты азаматтар сөйле­ген сөздерінде аз­даған жылда Қа­зақстанды бәсе­кеге қабі­летті елдердің қатарына тартқ­ан, әлемге мәшһүр еткен Ел­басының сындар­лы саясаты жай­лы айтып, референ­думды бірауыз­дан қол­дай­тындық­тарын білдірді. “Ал­тынай” ши­пажайының атқару­шы директоры Асылхан Ойсаев өз ұжы­мының бас­таманы қолдай­тынын ай­тып, өзге әріп­тестерін де осыған ша­қыр­са, Оңтүстік-Батыс мал және өсім­дік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ди­ректоры, академик, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты Әб­дірахман Омбаев “Нұр­сұлтан Назарбаев – Тәуелсіз Қазақ­станды аяғы­нан тұрғызған көр­­некті мемлекет қайраткері. Дү­йім түркі әлемі өз көшбасшымыз деп танып отырған тұлғаның өкі­леттігін ұзар­туды, референдум өт­кізуді біз­дің институт бірауыздан қол­дай­ды” дейді. Тілші телефонында тыным жоқ. Біз өзіміз қатысқан жиын­дардағы сөздердің тобықтай түйі­нін беруге тырыстық.

Бақтияр ТАЙЖАН.

Оңтүстік Қазақстан облысы.