Қазақстан Республикасының Египет Араб Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Берік Арынмен әңгіме
– Мысыр Президенті Әбдел Фаттах Ас-Сисидің Қазақстанға сапары қарсаңында екіжақты саяси байланыстардың қазіргі жағдайына қандай баға берер едіңіз?
– Үстіміздегі жылғы 6 наурызда Қазақстан мен Мысыр арасында дипломатиялық байланыстардың орнатылғанына 24 жыл толады. Осы мерзім ішінде көптеген іс-шаралар жүзеге асырылды: жоғары деңгейдегі саяси үнқатысу қалыптасты, сауда-экономикалық қарым-қатынастар жолға қойылды, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық дамуда. Осылардың әрқайсысы бойынша көптеген жобалар жүзеге асырылды, болашаққа бағытталған үлкен жоспарлар күтіп тұр.
Каир Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1993 жылғы ақпанда ресми сапар жасаған бірінші араб елінің астанасы болғандығын, онда сол жылдың сәуір айында бірінші рет араб әлемінде Қазақстанның Елшілігі ашылғанын атап өткен жөн. Содан бері Мысыр Қазақстан үшін араб және мұсылман әлеміндегі басты серіктестерінің біріне айналды. Өз кезегінде Астана да өзінің белсенді сыртқы саясатымен және елдің ішкі дамуындағы жетістіктерімен халықаралық аренада құрмет пен сенімге ие болып, Каирдың бұрынғы кеңестік кеңістіктегі және жалпы Азиядағы маңызды саяси және экономикалық серіктесі болып үлгерді.
Осы орайда Қазақстанның Мысыр Президенті Әбдел Фаттах Ас-Сисидің осы лауазымға сайланғаннан бергі ресми сапармен келетін Орталық Азиядағы бірінші, ТМД елдері ішінде Ресейден кейінгі екінші ел болып отырғаны кездейсоқтық емес. Бұдан бұрын да Мысыр басшысы Ресейді есептемегенде, КСРО тарағаннан кейін құрылған жаңа тәуелсіз мемлекеттерге бір-ақ рет 2006 жылы барған-тын, ол да Астана болатын.
Біздің екі ел өз аймақтарында жетекші рөл атқарады, көптеген халықаралық және аймақтық проблемалар бойынша ұстанымдары да ұқсас. Өздерінің сыртқы саясатында халықаралық құқық нормаларын берік ұстанып, барлық мемлекеттермен өзара құрмет пен теңдік қағидаттары негізінде қарым-қатынастарды дамытуға ұмтылыс танытуда.
Біздің елімізде соңғы жылдары қандай қиын жағдай орын алса да, екі ел арасында саяси үнқатысу үзілген емес. Бірінші кезекте осыны атап өткім келеді.
– Сіз сөзіңізде соңғы жылдары Мысыр қиын кезеңдерді басынан кешті деп айтып қалдыңыз. Мысырдың қазіргі жағдайын қалай бағалайсыз және елді тығырықтан шығарудағы Мысыр басшылығы тарапынан жасалып жатқан бүгінгі шаралар туралы не айтасыз?
– Иә, Таяу Шығыста «араб көктемі» деген атпен белгілі революциялық оқиғалардың күні бүгінге дейін Мысырда жүргізіліп келе жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық үдерістерге өз әсерін тигізіп отырғаны рас. Дегенмен, бүгінгі Мысыр басшылығы өзінің алдында тұрған сыртқы және ішкі саясаттағы өзекті мәселелерді белсенді әрі табанды әрекеттерімен ойдағыдай шешуде.
Барлық ауыртпалықтарға қарамастан, Мысыр араб әлемінің, Таяу Шығыс пен Африка мемлекеттерінің арасында халықаралық істерде өзіндік беделі мен салмағы бар басты елдердің бірі және беделдісі ретінде қала беруде. Бұған бай араб монархиялары мен Батыс пен Азияның жетекші елдерінің, сондай-ақ, Ресейдің белсенді жан-жақты ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық танытып отырғаны айқын дәлел. Сонымен қатар, Каир жариялаған көп векторлыққа негізделген жаңа сыртқы саяси бағыттың ойдағыдай іске асырыла бастағанын атап өту керек, онда Азия бағытына басымдық берілген.
Жақын болашақта Мысыр ауыл шаруашылығының қажеттілігі үшін 1,5 млн. феддан жерді (1 феддан – 4200 шаршы метр) игеруді, атом электр стансасын, Суэц каналы аймағында халықаралық өндірістік-логистикалық хаб салуды және т.б. бірқатар ірі жобаларды іске асыруды ойластыруда. Бұған қоса, мега жобалардың бірі жаңа әкімшілік орталық салу болмақ. Осы тұрғыдан алғанда, Мысыр тарапы астананы көшірудегі қазақстандық тәжірибеге қызығушылық танытып отыр.
– Сіз Қазақстан мен Мысыр арасындағы қазіргі сауда-экономикалық қатынастарға қандай баға берер едіңіз?
– Жалпы, байланыстарымызды дамытуға үлкен әлеует бар деп есептеймін. Өзіңіз байқап отырғандай, екі ел арасындағы саяси ынтымақтастық жоғары деңгейде дамуда, қазір алдымызда екіжақты сауда-экономикалық қарым-қатынастарға соны серпін беру міндеті тұр. Біз 2015 жылдың қорытындысы бойынша шамамен 50 млн.доллар құраған тауар айналымы көлемін бірнеше есе ұлғайтуымыз, сондай-ақ, инвестициялық-экономикалық ынтымақтастықты жандандыруымыз қажет.
Сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары ретінде фармацевтикалық, тоқыма өнімдері, ауыл шаруашылығы саласын, туризм, ғарыш секторларын, қазақстандық бидай экспортын қарастыруға болады. Осыған байланысты екі елдің бизнес қауымдастығымен жоспарлы жұмыстар жүргізілуде.
Қазіргі кезде Қазақстан нарығында бірқатар мысырлық компаниялар жұмыс істеуде. Сонымен қатар, «Cairo Poultry Company» («Americana Group» компаниясының еншілесі) компаниясымен Алматы облысында құс шаруашылығы өнеркәсібін ұйымдастыру, сондай-ақ, тағы бір мысырлық компаниямен Каспий теңізі жағасында «Кендірлі» туристік курорттың құрылыс жобасын инвестициялау мәселесі бойынша келіссөздер жүргізілуде.
Былтыр «Қазақстан ғарыш сапары» ҰК» АҚ пен Мысырдың Қашықтықтан зондтау және ғарыш ғылымдары жөніндегі ұлттық басқармасы», сондай-ақ, «Ғарыш кеңістігін пайдалану және қашықтықтан зондтау бойынша Мысыр компаниясы» арасында ынтымақтастық туралы бірқатар құжаттарға қол қойылды.
Ә.Ф.Ас-Сисидің Астанаға ресми сапары шеңберінде Қазақстан-Мысыр Іскерлік кеңесінің отырысы өтеді. Оның құрамы екіжақты ынтымақтастық орнатуға шынайы қызығушылық танытып отырған компанияларды енгізу арқылы жақында толықтай жаңартылды. Бизнес-форумға 20-дан астам ірі мысырлық компаниялар қатысады деп күтілуде. Олардың арасында қазақстандық бидайды сатып алуға мүдделі, Қазақстан нарығына мысырлық тауарларды әкелетін, сондай-ақ, инвестиция салуға ниетті компаниялар жүр. Мәселен, «Medical Union Pharmaceuticals» компаниясы біздің елде дәрі-дәрмек шығаратын зауыт салуға қызығушылық танытып отыр.
Қазақстандық тараптан да үлкен қызығушылық бар. Аталған шараға 40-тан астам, солардың қатарында «ҚТЖ Экспресс» АҚ, «Батуми Теңіз порты» АҚ сияқты ірі көліктік-логистикалық, тоқыма өндірісі, фармацевтикалық, туристік, қызмет көрсету, ауылшаруашылық, сондай-ақ бидай өндірумен айналысатын отандық компаниялар қатысады.
Мысыр жылына миллиондаған тонна астық сатып алатын әлемдегі ең үлкен астық импорттаушы мемлекет, ал Қазақстанның осы ауылшаруашылық өнімін экспортаушылар көшбасшыларының қатарына кіретіні мәлім. Осыған орай, мысырлық тарап Жерорта теңізіндегі Думъят және Александрия кемежайларында өз астық терминалдарын сатып алуды немесе салуды ұсынып отыр. Бұл тек Мысырға ғана емес, басқа да Африка елдеріне астық жеткізу үшін кең мүмкіндіктер ашары анық. Қазақстандық компаниялар аталған ұсыныстарға қызығушылық танытады деген үміттемін.
– Қазіргі кезде Қазақстан мен Мысыр арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың жағдайы қандай, басқаша айтқанда, осы сала бойынша бір-бірімізге қандай қызығушылықтар бар?
– Біздің елдеріміз арасында дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына небәрі 24 жыл өткеніне қарамастан, халықтарымыздың тарихи байланыстары ғасырлармен өлшенеді. Мысырды 17 жыл бойы билеген және мұсылман әлемі тарихында елеулі рөл атқарған Ұлы Даланың перзенті Сұлтан Бейбарысқа мысырлықтар үлкен құрметпен қарайды. Екі халықтың арасындағы достықты барынша нығайтудың белгісі ретінде біздің Үкімет Каирдегі Сұлтан Бейбарыс мешітін қалпына келтіруге атсалысуда. Мәмлүктер дәуірінде қазіргі Қазақстан аумағынан басқа да көптеген ірі тұлғалар шыққан, олардың тағдыры мен қызметін біздің тарихшыларымыз зерттеуі тиіс.
Жалпы, екі ел халықтарының өзара қызығушылық танытуы мен бір-біріне ұмтылысы тарихи, мәдени және рухани ортақтыққа негізделген. Орталық Азиядан шыққан көптеген атақты ортағасырлық ғалымдар мен ақындардың араб тілінде сөйлеп, жазғандығы белгілі. Олардың жарқын өкілдерінің бірі – Әбу Насыр әл-Фараби. Мысыр мұрағаттарында қазақ халқының тарихына қатысты көптеген мағлұматтар бар. Ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу мақсатымен Каирге келіп тұратын біздің ғалымдарға қажет мағлұматтарды қазіргі Мысыр билігі ешбір кедергісіз ұсынуда.
Мысыр үкіметінің көмегімен салынған Алматыдағы «Нұр-Мүбәрак» Қазақ-мысыр ислам университеті қазіргі кезде дұрыс бағыттағы теологиялық білім беретін, білікті діни кадрлар даярлайтын орталыққа айналды. Біз қазір мысырлық тараппен бірлесе отырып, аталған жоғары оқу орнының ең үздік студенттерін Әл-Азһар университетінің соңғы курстарына қабылдау және дипломын алу бойынша жұмыстар жүргізудеміз. Аталған жетекші ислам университетінде білім алудың толық циклын өту үшін қазір 10-12 жыл қажет.
Қазіргі кезде әртүрлі мысырлық жоғары оқу орындарында 250-ге жуық қазақстандық студент білім алуда. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және басқа да қазақстандық жоғары оқу орындары мен Каир, Айн-Шамс, Әл-Миния, Танта, Зақазиқ университеттері арасында ынтымақтастық орнатылған. Мысыр Сыртқы істер министрлігі жанындағы Серіктестікті дамыту жөніндегі агенттіктің ұйымдастыруымен Мысырда әртүрлі салаларда 1500-ден астам қазақстандық маман арнайы курстардан өтті.
Өткен жылы Елшілік бастамасымен екі елдің қарым-қатынастарын нығайту және дамытуды көздеген «Қазақстанның достар тобы» қоғамдық бірлестігі құрылды. Оның құрамына екі ел халықтары арасындағы жан-жақты қарым-қатынастарды тереңдетуге өз үлесін қосуға ниеттенген мысырлық көрнекті саяси және қоғам қайраткерлері, бизнесмендер мен журналистер кірді.
Мысыр және жалпы араб қауымын қазақ халқының тарихымен таныстыру мақсатында өткен жылы Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту шеңберінде біз І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының бірінші томын араб тіліне аударып, Каирде басып шығардық. Биыл қалған екі томын басып шығару жоспарда тұр.
Біздің астанамыздағы көшелердің бірі Мысырдың ұлы жазушысы Таха Хусейн атымен аталады. Өз кезегінде, Каирдің белгілі аудандарының бірінде қазақтың ұлы ағартушысы әрі ойшылы Абай Құнанбаевтың атында көше бар. Бұған қоса, биыл біз Мысыр астанасында Абай ескерткішін ашуды жоспарлап отырмыз.
– Мысыр Президенті Әбдел Фаттах Ас-Сисидің Қазақстанға сапарынан қандай нәтиже күтесіз? Жалпы, Қазақстан мен Мысыр арасындағы ынтымақтастықта қандай салаларда үлкен жетістіктерге қол жеткізуге болады деп санайсыз?
– 2014 жылы Елбасымыз өзінің А.Ф.Ас-Сисиге оның Египет Президенті болып сайлану құрметіне орай жолдаған құттықтауында «Қазақстанның Мысырды Ислам әлеміндегі маңызды серіктестерінің бірі ретінде қарастыратыны және елдеріміз арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың одан әрі нығаюына және көпжақты құрылымдар шеңберінде өзара әрекеттесуді күшейтуге мүдделілігі» атап өтілген еді. Осыған орай, Мысыр басшысының Астанаға жасайтын ресми сапарының екіжақты қарым-қатынастарға соны серпін беретініне және барлық саладағы серіктестіктің жаңа бағыттарын анықтайтынына сенімдіміз. Және де Жоғары Мәртебелі Ә.Ф.Ас-Сисидің біздің елге келуі Мысыр билігінің Астанамен ынтымақтастықты барынша кеңейтуге деген ұмтылысын көрсетіп отыр.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Самат МҰСА,
«Егемен Қазақстан».