07 Қаңтар, 2011

Қоршаған ортаға қамқорлық

497 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Жаңа жылдың алдында Екібас­тұз­дағы Болат Нұржанов атындағы ГРЭС-1 стан­сасына 30 жыл толды. Энергетик­терді мерекелерімен құттықтауға облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев және кәсіп­орын акционерлері – «Қазақмыс корпо­рациясы» ЖШС басқарма төрағасы Владимир Ким, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қо­ры» АҚ-тың атқарушы ди­ректоры Бақыт­жан Жақсалиевтар келіп, салтанатты жи­ынға қатысты. Энерге­тикалық қауіпсіздік – ел қауіпсіздігі. Бұған дейін шетелдік инвесторлардың қолында болып келген станса бұл күн­дері мемлекет иелігінде екені де белгілі. Өткен жылы ГРЭС-1 стансасына еліміз­дің және ТМД елдері электр энергети­касы саласының ардагері, кезінде кәсіп­орынның аяққа нық тұрып, дамуына зор үлес қосқан Болат Нұр­жановтың есімі берілді. Ал, стансаның мерейтойына орай №5 энергоблокта қор­ша­ған ортаны ластанудан қорғайтын электр­лі сүзгі іске қо­сылды. Стансаның бас директоры Рысқан Сыбамбаевтың ай­туынша, кәсіпорынның алдағы онжыл­дыққа арналған даму бағдарламасы тал­қы­ланып, бекітілді. Ал оны жүзеге асыруға бағытталған инвестиция көлемі 1 млрд. АҚШ долларын құрап отыр. Жоғарыда аталған электрлі сүзгі осы инвестициялық бағдарламаның ал­ғаш­қы бастамасы деуге болады. Жаңа құ­рылғы ауаға таралатын зиянды күлдің мөл­шерін жылына 17,5 мың тоннаға дей­ін төмендете алады. Бұған дейін эколо­гия­ға залал келтіретін қалдық­тардың ауа­ға таралу мөлшері жылына 20,5 мың тон­наны құраса, енді ол көрсеткіш 3 мың тоннаға дейін азаяды. Бұл кәсіп­орынның қаржы үнемдеуіне де әсер етеді. Мысалы, экологиялық зардаптар үшін жы­лына төленетін қаражат көлемі 70,6 миллион теңгеге қысқарады. Стансадағы № 2-ші және № 8-ші энер­гоблоктарды қайта қалпына келтіру жұ­мыс­тарына құйылатын инвестиция көлемі 53,4 млрд. теңге болады. Жобаның іске қосылу мерзімі – 2014 жыл. Иә, энер­гетика – ел экономикасының қозғаушы күші. Қазіргі кезде елімізде қолға алынып жатқан үдемелі индустриялық-иннова­ция­лық даму жобалары да энергетика сала­сымен тығыз байланысты. Бұл ретте, Екі­­бас­­тұздың ГРЭС-1 стансасының орны әрине, ерекше. Жалпы, Екібастұздағы стан­­саларда жүзеге асырылып жатқан ин­но­­вациялық жобалар Елбасы наза­рын­да. Өйткені, еліміз үшін көмірлі қала, өн­ді­рістері қаптаған Екібастұздың орны бөлек. Осы отыз жылда стансаның дамуына көп­теген мамандар үлес қосты. Жалындаған жастар энергетика саласының қыр-сырын осы станса басында жүріп игеріп шықты. Станса тек қазақстандық мамандардың ғана емес, кеңестік елдердің энерге­тик­терінің нағыз шыңдалу, шеберлік мекеніне айналды, деп атап өтті еліміздің энер­гетиктері ардагерлер кеңесінің төрағасы Советхан Нұрпейісов өз сөзінде. Бұл күн­дері стансада 5 энергоблок жұмыс істеп тұр. Ал, алдағы жылдары жұмысы тоқтап тұрған тағы үш энергоблок қайта қал­пына келтіріледі. Сөйтіп, осы арқылы станса 2016 жылы 4000 МВт электр энер­гиясын өндіре алады. Әрі кәсіпорынның инно­вациялық бағдарламасы аясында бар­лық энергоблоктарға электрлі сүзгі құ­рылғы­лары орнатылады деп жоспар­ла­нып отыр. – Біздің өндірген электр энергиямыз күн сайын жүздеген пәтерлерді жы­лу­мен, жарықпен қамтамасыз етіп отыр. Бола­шақта стансаның өндірістік қуаты одан да артады, бүкіл құрал-жабдық­тарды жаңар­туда инвестиция тартуға көп күш жұм­­са­луда, – дейді «Қазақмыс» кор­пора­ция­сының басқарма төрағасы Владимир Ким. Фарида БЫҚАЙ. Павлодар облысы.