Елбасы бұдан біраз уақыт бұрын Атырауға сапары кезінде мәшине жасау өнеркәсібін дамыту мақсатында салынған газ-турбина қондырғылары мен жабдықтарын жөндеу және сервистік қызмет көрсету зауытының жұмысымен танысқан еді. Бұл – Қазақстандағы алғашқы жоба. Бұрын елімізде дәл осындай, әсіресе, газ турбиналарын молынан тұтынатын мұнай-газ өнеркәсібінің тоқтаусыз жұмыс жасауы үшін қажетті қондырғыларды жөндейтін зауыт болмаған. Кеңестік дәуірде мұндай зауыт тек Ленинградта ғана салынған. Сол себептен, Қазақстаннан газ турбиналарын Ресейде және Украинада жөндету мақсатында алысқа тасымалданып келген.
Атырауда жұмыс жасай бастаған “КазТурбоРемонт” сервис орталығы” ЖШС-нің бас директоры Асхат Өсеровтің айтуынша, зауыттың құны – 6 млрд. теңге. Нысан құрылысы тапсырыс берушінің 660 млн. теңге көлеміндегі өз қаражатына және 5 млрд. 340 млн. теңге несиелік қаражат есебінен салынған. Алғашында несиені екінші деңгейдегі бір банктен алуға ниет еткенімен, кейін Халық банкінің ұсынысы кәсіпорын басшыларының қызығушылығын тудырыпты. Қазір аталған зауыт толық қуатында жұмыс жасай бастады. Зауытқа осы заман талабына толық сай келетін шетелдік технологиялар орнатылыпты. Сондықтан мұнда жөндеу жұмыстары да, сервистік қызмет көрсету де еш тоқтаусыз атқарылады.
– Жылына газ турбиналарына 18 күрделі жөндеу өткізуге толық мүмкіндік бар, – деп түсіндіреді зауыттың “КазТурбоРемонт” ЖШС бас директоры Асхат Өсеров. Оның айтуынша, сонымен бірге, зауытта мәшине жасау өндірісіндегі түрлі бөлшектерге ағымдағы 12 жөндеу цехы жұмыс істейді. Сервистік қызмет те көрсетіледі. Жаңа зауыт мұнымен шектеліп қалмақ емес. Ел экономикасының жетекші буыны саналатын мұнай-газ өнеркәсібінде кеңінен қолданылатын жабдықтардың артық бөлшектерін шығарумен айналысады. Сонымен бірге, осы саладағы кәсіпорындардың бір реттік тапсырыстарын орындайды.
Зауыттағы күрделі және жөндеу жұмыстарын орындайтын мамандар тек Қазақстаннан тартылған. Қазір мұнда барлығы 157 адам жұмыс жасайды. Барлығы да шетелдіктерге бәсекелес бола алатындай жоғары білімді мамандар. “Әрқайсысына үлкен жауапкершілік жүктелетіндіктен мамандарды іріктеуде алдымен, біліктілігіне баса мән берілді. Себебі, тек Қазақстанда ғана емес, Орталық Азия елдері бойынша газ турбиналарын жөндейтін алғашқы зауыт болғандықтан әр тапсырыстың сапалы орындалғанын қалаймыз. Ал сапалы жұмыс мамандардың біліктілігімен өлшенеді” дейді бас директор А.Өсеров.
– Осы кезге дейін тапсырысты Ресейдегі осындай зауытқа беріп келгенбіз. Ондағы зауыттың технологиялары дәл мұндағыдай емес. Әрі оның тасымалы да қосымша шығын болушы еді. Енді біз магистралды газ құбырларының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ететін қондырғыларымыздың, жабдықтарымыздың күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарына байланысты тапсырыстарымызды осы зауытқа беретін болдық. Біздің кәсіпорыннан алғашқы тапсырыстар түсті, – деді “ҚазТранГаз” АҚ бас директоры Серік Сұлтанғалиев аталған зауыттың таныстырылу рәсімінде. Бұған қоса “Еуропа елдері де біздің зауытқа тапсырыс беруге мүдделілік танытып отыр” дегенді қосып қойды бас директор А. Өсеров. Демек, отандық мұнай-газ және өзге де салалардың газ турбиналары секілді күрделі қондырғыларын жөндеуден өткізетін, сонымен бірге, оларға сервистік қызмет көрсете алатын Қазақстандағы бірден-бір зауыттың қадамы сәтті басталды деуге болады. Келешекте бұл зауытқа “Теңіз” кенішін игеру кеңейтілгенде, сонымен қатар, Каспий теңізінің қазақстандық секторынан “қара алтын” алынғанда тапсырыстар молаятыны анық.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ.
Атырау облысы.
* * *
КӨКӨНІС КӨЛ-КӨСІР БОЛМАҚ
Ақтөбе қаласына қарасты Благодарный селолық округі аумағында «ISET GREENHOUZE» ЖШС-нің жаңа жылыжайы пайдалануға берілді. Жылыжайдың ашылу салтанатына облыс әкімі Елеусін Сағындықов қатысып, сөз сөйледі. Өңір басшысы 2010 жылы 43 жоба жүзеге асырылғанын, соның ішінде республикалық үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаға кірген 24 ірі жобаның іске қосылғанын, 360 миллиард теңге инвестиция игерілгенін атап өтті. Осы жылыжаймен бір мезгілде шалғайдағы Байғанин ауданында ілеспе газды өңдейтін зауыттың пайдалануға берілгенін, бірыңғай ауылшаруашылықты ауданның өнеркәсіпті дамытуға бағыт ұстағанын жыл жақсылығы ретінде бағалады. Қазір мұнда 1 мыңға жуық адам өндірісте жұмыс істейтінін жеткізді.
Үстіміздегі жылы 30 индустриялық-инновациялық жобаны жүзеге асыру көзделуде. Соның кемінде 20-22-сі республикалық индустрияландыру картасына енетін болады. Инвестиция көлемін 400 миллиард теңгеге жеткіземіз. Бұл дегенің жаңа жұмыс орындары. Ал бүгін іске қосылып жатқан жылыжай Ақтөбеде тұтынушыларды арзан көкөніспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді Елеусін Наурызбайұлы.
Голландиялық «Dalsem» фирмасы мен «ISET GREENHOUZE» ЖШС-нің арасында 9 гектар жылыжай кешені мен құрал-жаблықтар жеткізуге 2008 жылы келісім жасалды. Жобаның құны 1230 млн. теңге құрайды. Жобаны «ҚазАгроҚаржы» АҚ қаржыландырды. Жылыжайдың іске қосылып отырған қызанақ өсіретін бірінші кезеңі жылына 1500 тонна өнім алуға есептелген. Кешенге газ жүргізу және электрлендіру жұмыстары жергілікті бюджет қаржысы есебінен атқарылды. Оған қалалық бюджеттен 53 млн. теңге қаржы бөлінді. Қалған екі кезеңінің де құрылысы жүргізіледі. Бұл Батыс Қазақстан аумағында көкөніс шаруашылығы бойынша жүзеге асырылып жатқан бірегей жоба. Құрылыс жұмыстарына 45 адам тартылса, кешен пайдалануға берілгенде 32 жұмыс орны ашылды. Бастапқы кезеңде жылыжай өнімдерін Ақтөбе өңірінде, сондай-ақ, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Қостанай облыстарына өткізу көзделуде.
– Жалпы, біздің акционерлік қоғам 2000-2010 жылдары облыс экономикасына 12,5 миллиард теңге инвестиция салды. 5,5 миллиард теңгеге инвестициялық жобаларды қаржыландырды. Оның ішінде бүгін іске қосылып жатқан «ISET GREENHOUZE» ЖШС де бар. Бұл жұмыс алда да жалғасады. – дейді «ҚазАгроҚаржы» АҚ Ақтөбе филиалының басшысы Қорған Нұртазин.
Мамандардың мәлімдеуінше, Ақтөбе қаласының тұрғындарына жылына 3560 тонна қызанақ қажет екен. Соның 1500 тоннасын осы жылыжай береді, 600-700 тоннасын жеке саябақ иелері дайындайды. Сонда қала халқы көкөністің бұл түрімен 60-70 пайыз қамтамасыз етіледі. Жергілікті билік қалған кемшіннің орнын толтыру үшін жаңа жылда «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ қаржысы есебінен қосымша 60 шағын жылыжай салуды қолға алды. Қазіргі таңда осы жылыжайлар үшін жер бөлу мәселесі қарастырылуда. Қолға алған жобалар толық жүзеге асқанда қызанақ басқа өңірлерге қарағанда, мұнда анағұрлым арзан болады. Бұған оңтүстік облыстардан жеткізілетін көкөністі қосыңыз. Яғни, бір-екі жылда бұл мәселе толық шешіледі деген сөз.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ
Ақтөбе облысы.
* * *
БАСТӨБЕДЕГІ ЖАҢА ЖЫЛЫЖАЙ
құрылысына 750 мың АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылған
Елбасының 2010 жылғы Жолдауында әртараптандыру жөніндегі жоспарларды жүзеге асыруға шетелдік инвестиция тарту қажеттігі тапсырылғаны белгілі. Нәтижесінде жетісулықтар азық-түлік белдеуін құрудағы жұмыстарын жандандырып келеді. Соның айғағы Қаратал ауданының Бастөбе ауылында азық-түлік молшылығын жүзеге асыру мақсатында жаңа жылыжай кешені ашылып, жұмысын бастады. Құрылыс Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Корея Республикасы үкіметінің қолдауымен тиянағы келтірілгенін айтуға болады. Жаңа технологиямен салынған жобаға 750 мың АҚШ доллары жұмсалды.
Әмбебап жылыжай Оңтүстік Кореяның заманауи үлгісінде салынып, жалпы аумағы едәуір жерге орналасқан. Жылыжайда көкөністің түр-түрін өсіруге қолайлы жағдай жасалып, жұмыс толық автоматтандырылған.
Кореяның Қазақстандағы Бас консулы Шин Хен Ын осындай жылыжай кешені Кореяның өзінде сирек екенін айтып, екі елдің экономикалық байланысының нығаюының нақты нәтижесі екенін жеткізді.
Жылыжай экологиялық жағынан таза өнім шығарады. Қазір мұнда қызанақтың екі түрі отырғызылып, алғашқы өнім тұтынушыға наурыз айында жөнелтілмекші. Жаңа нысанда өсірілген көкөністерді қолжетімді бағамен өткізетін боламыз, дейді диқандар. Жылыжайда мамандардың кәсіби біліктілігін арттыратын орталық ашу да жоспарланған. Олардың пікірінше бұл жылыжай қуат көзін үнемдеумен бірге, өнімді ұзақ уақыт сақтауға мүмкіндігі бар. Мәселен, көкөніс жаз айында піссе, оны сабағынан жұлмай, қалпында сақтауға болады. Жалпы, бұл кешен Қазақстандағы корейлер қауымдастығы бастамасымен жүзеге асқан екі елдің достық байланысының нақты көрінісі деуге болады. Жаңа нысан Жаңа жыл қарсаңындағы көпшілікке тарту екендігіне тоқталған облыс әкімінің орынбасары Тынышбай Досымбеков соңғы үш жылда жылыжай кешендерін салу қызу басталып, бүгін олардың саны 500-ден асқанын атап өтті. Жылыжайлардан жыл ішінде 5 мың тоннадан астам көкөніс жиналған. Қалалықтар мен өңір тұрғындарының дастарқанын экологиялық жағынан таза әрі сапалы қызанақ, қияр, басқа да көкөніс түрлері байыта түсті. Ал, жаңа жылыжайда бастөбеліктер жұмысқа тартылды.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.
* * *
ҚОСЫМША БЕС ЖОБАМЕН ТОЛЫҚТЫ
Уақыт талабына, ішкі мүмкіндіктердің өзгеруіне сәйкес алға қойылған міндеттердің үстемеленіп отыруы отандық өндірістің қара шаңырағы саналатын Қарағанды өңіріндегі жыл сайынғы құбылыс. Жақында өткен үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі үйлестіру кеңесінің кезекті отырысында мұның алдында белгіленген инвестициялық жобаларға тағы бесеуі қосылуы қарастырылды. 2009 жылы 9 жоба іске асырылса былтырғы сан одан екі есе артық болғалы тұр. Зерттеу, талдау жұмыстары көрсеткеніндей, облыста өндірістік және ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындарын дамыту бойынша аса зор әлеует бар. Осыған орай индустрияландыру картасына жаңа жобаларды енгізу ұйғарылды.
Солардың ішінде, атап айтқанда, «Ауыл шаруашылығына арналған жеңіл ұшақтарды сериялы түрде өндіру» жобасы бойынша «ҚазАвиаСпектр» ЖШС директоры Александр Ващенконың ақпары тыңдалып, талқыланды. Ол ортаға салғандай «ҚазАгроҚаржы» АҚ оны қаржыландыру туралы оң шешім қабылдаған. Бизнес-жоспар мен инфрақұрылым құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді. «ҚазАгро» холдингінің қарауынан кейін бас мердігер анықталып, жоспарлау жұмыстары басталады. Егістік алқаптарға дәрі себу, жедел медициналық жәрдем көрсету, қоршаған ортаны қорғауды бақылаушылар үшін өте қолайлы әуе көлігіне сұраныс көптеп түсетіндігі байқалады.
Сонымен бірге, оған қоса «Айқын жол» ЖШС-нің металл кеңірдектелген құрастырмалары өндірісін іске қосуды көздеуі де қолдау тапты. Қарағанды мен Теміртау автопарктерінің жылжымалы құрамын жаңарту, «УМР 2010» ЖШС өндірістік базасы мен көрсететін қызмет аясын кеңейту қолға алынатын болды. БТА банктің Қарағанды филиалының «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде «Спорт саласындағы қызмет» бағытын басым бағыттардың тізіміне енгізу туралы ұсынысы қолдау тапты.
Үйлестіру кеңесінде аталғандай, жаңа жобалардың толықтырылуына жол ашық. Экономикалық маңызы бар олардың қай-қайсысы да дер кезінде қаралып, тиісті орындар талқысына салынады.
Айқын НЕСІПБАЙ.
Қарағанды.