немесе Ресей мен Қазақстандағы сайлау науқандарының ерекшеліктері туралы
Қазақстанда сайлау науқаны қызатын тұсқа келіп жетті. Бұл елдегі Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлау үдерістері бірнеше ай ғана қалған Ресейдегі сайлауалды бәсекесіне пайдалы болатыны күмәнсіз. Бұл жерде мәселе Ресей мен Қазақстанның ұқсас саяси және экономикалық модельдері бар көршілес елдер, одақтастар екендігінде ғана емес. Сайлау екі елде де жаһандық әлеуметтік-экономикалық конъюнктураның тұрақсыздығы жағдайында кезектен тыс өткізіліп отыр. Осыған қарамастан, Қазақстандағы сайлау науқаны барынша тұрақты негізде дамып келеді. Сайлаудың кезектен тыс өтетіндігі сенсация немесе тырнақ астынан кір іздейтіндер үшін ешқандай мәселе туындатпауы тиіс. Бұл – қалыптасқан белгілі бір әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайға байланысты дәстүрлі түрде жүзеге асырылып келе жатқан үрдіс – Қазақстанда Мәжілістің ешбір шақырылымы мерзімі толықтай аяқталғанша жұмыс істеп көрген жоқ. Аталған жағдайда сайлауалды науқаны аясында саяси үдерістерге сырттан да, іштен де, ел ішіндегі радикалдар мен маргиналдар тарапынан да айтарлықтай ықпалға жол берілмеді, яғни саяси үдеріс штатты режімде даму үстінде.
Бүгінгідей алмағайып заманда мұндай тәжірибе Ресей үшін де пайдалы болатыны күмәнсіз. Қазақстандағы қазіргі сайлау науқанының ерекшелігі – Мәжіліске баратын басты үміткерлер, бірінші кезекте, президенттік «Нұр Отан» партиясы реактивті және превентивті іс-қимыл танытуда. Саясаткерлер өздерінің назарын тек дағдарысты туындатқан мәселелерге ғана аударып қоймай, стратегиялық дамудың бес институттық реформасы секілді нақты бағдарламаларға иек артуда. Өйткені, бұл бағдарламалар Қазақстанды дағдарыстан шығарып қана қоймай, елдің орнықты дамуын да қамтамасыз ететін болуы тиіс. Бұған қол жеткізетін басымдықтар қатарында мыналар бар: мемлекеттік қызмет моделін реформалау, құқық қорғау жүйесінің ашықтығын арттыру, өндірісті әртараптандыруға негізделген индустрияландыру мен экономикалық өсім, қазақстандық азаматтық біртектілікті нығайту – нәтижесінде ашық, халыққа есеп беретін мемлекетке көшу.
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бағдарламасындағы экономикалық өсімді белсенді етудің жеке бір құралы Еуразиялық интеграцияны тереңдету болып табылады. Бұл арада осы бағыттағы басты міндеттердің бірі – Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде тариф саясатын оңайлату. Стратегияның нәтижесі жай ғана эфемерлі макроэкономикалық көрсеткіштер ғана емес, шетелге экспортқа бағдарланған нақты жаңа 3-4 өнім болуы тиіс.
Осындай стратегиялық бағытқа қатысты сөз қозғайтын болсақ, тұстастай алғанда, қоғам деңгейінде де, сондай-ақ, елдегі басты саяси күш – «Нұр Отанмен» қатар, «Ақ жол» демократиялық партиясы мен Қазақстанның Коммунистік халық партиясы деңгейлерінде де консенсус бар екенін үлкен қанағат сезімімен атап көрсеткен жөн. Осы бірлік пен түсіністікті Мәжіліс сайлауы қорытындысында оған өткен жағдайда ауыл мүддесін алға тартушы «Ауыл» партиясы да бұза қоюы екіталай.
Сайлауалды бәсекесіне қатысып жатқан басқа партияларда, ашығын айтқанда, ел Парламентіне өту мүмкіндігі мүлдем жоқ деуіміз керек. Мәселен, өзінің қазіргі қалпында 2013 жылы қалыптасқан «Бірлік» партиясының елдің саяси алаңындағы салмағы күні бүгінге дейін жеткілікті көтерілген емес. Өз кезегінде, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия да сайлауда Мәжілістен қандайда бір орын алу үшін не жарқын «локомотивке», не айтарлықтай қаржылық негізге ие емес. Дегенмен, Президент алға қойған кең ауқымды міндеттерді жүзеге асыру үшін Мәжілісті айтарлықтай жаңарту күтіп тұрғаны анық. Егер Қазақстан Парламенті төменгі палатасының жаңа құрамы бұрынғысынша үш партиялы болып қалатынын ескерер болсақ, ал дауыстың басым көпшілігін елдегі басты саяси күш – «Нұр Отан» алатын болса, онда ұсынылған партиялық тізімдерге сәйкес төменгі палатаның шамамен үштен екісі жаңаратыны анық.
Бұл жерде басымдық элитаны таптаурыннан ада міндеттерді шешуге қабілетті кеуделі саясаткерлердің жаңа буыны есебінен нығайтуға беріліп отырғаны анық аңғарылады. Ресей үшін бұл бүгінде қаперге алуға болатын және, тіпті, алу аса қажет болып табылатын көкейкесті тәжірибе екені еш күмән туғызбайды. Өйткені, бұл тактикалық іс-қимыл шеңберінен шыға отырып әрекет жасауға да мүмкіндік береді. Мәскеудің халықаралық аренадағы белсенді ұстанымы, Батыс елдерімен арадағы дүрдараздық сайлау науқаны жақындаған сайын ел ішіндегі жағдайды тұрақсыздандыруға бағытталған әрекетті тек күшейте түсетіні күмән туғызбайды. Экономикалық жағдайдың қиындығы және осыған байланысты қолға алынып жатқан көпшілікке соншалықты ұнамды емес қарекеттер арандату үшін жеткілікті сылтау болып табылмақ.
Осындай тәуекелді жағдайлардан тек нақты ұзақ мерзімді даму жоспарлары ғана алып шығатыны ақиқат. Дағдарыс өзі-ақ өтер деп күтіп, тек жан-жағын жалмаған өрт кеңге тарамайды деген үмітпен оны сөндіруге ғана назар аудару – әуел бастан-ақ ұтысқа апаратын ұстаным. Дамудың жаңа көздеріне арқа сүйеу қажет. Қазақстан секілді Ресейге де, бірінші кезекте, тіпті, көптеген «ізгі ниеттілер» ЕАЭО-ның ұтымдылығына күмән келтіріп отырған бүгінгі дағдарысты жағдайда да, бүкіл Еуразиялық әріптестерімен экономикалық кооперацияны дамытуға ұмтылуы керек. Өзінің басты одақтастарымен үйлестірілген орнықты экономикалық даму халықаралық қатынаста кері тартушы емес, белсенді қызметтің негізі болуы тиіс. Сондықтан, сайлауалды науқанында екпінді Ресейде де, сондай-ақ, Қазақстанда да дағдарысқа қарсы күн тәртібінен стратегиялық басымдықтарға қарай түсіру деструктивті саяси күштер тарапынан ықпалдың тиімділігін төмендетіп, саяси жүйенің орнықтылығын қамтамасыз етеді. Жаһандық сыртқы тұрақсыздық кезеңінен тек ішкі тұрақтылығы мықты, жаһандық міндеттерді шешуге жұмылған қоғам ғана табысты өте алады.
Сергей РЕКЕДА,
тарихшы, Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы Кеңестен кейінгі кеңістіктегі қоғамдық-саяси
үдерістерді зерттеу жөніндегі ақпараттық-сараптамалық орталықтың бас директоры.
МӘСКЕУ.