Төрт жылда айналып келетін артық күнді қыс пен көктемнің түйісер тұсы – ақпанның соңына кіргізіп қойған. Яғни әрбір төртінші жыл 366 күнді дөңгелектейді. Сөйтіп, кібісе жылының қарапайым жылдан бір күн артықшылығы бар. Аталған жылдың төңірегінде халық арасында алуан түрлі әңгіме айтылады. Көпшіліктің пікірі кібісенің қаупі басым дегеннің айналасына тоқайласады. Ал енді біз соңғы ғасырдың шенінде төрт жылда бір айналып келетін жылдың төңірегіне тоқталып, ол Қазақ еліне қаншалықты жайлы, жайсыз болғанына көз жіберіп көрелік.
1916 жыл
Отарлық езгінің бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде барынша күшеюі, жерді тартып алу, орыстандыру саясатына қоса, Ресей патшасының 25 маусымдағы армияның қара жұмысына 19-дан 43 жасқа дейінгі ер-азаматтарды шақыру жөніндегі жарлығы Қазақ еліндегі көтерілістің басталуына түрткі болды.
Шілденің басында қазақ даласында стихиялық бас көтерулер басталды. Ол біртіндеп ұйымдасқан сипат алды. Торғайда А.Иманов, Ә.Жангелдин, Жетісуда Т.Бокин, Б.Әшекеев, Ж.Мәмбетов пен Ұ.Саурықов басшылық еткен ірі көтерілістер пайда болды. Оны басу үшін патша өкіметі әскер шығарды, қарсыласқандарды аяусыз жазалады. Б.Әшекеевті дарға асып, Ұ.Саурықовты атып өлтірді. Ел қырылды, аман қалғаны бассауғалап Қытайға ауды. Бір ғана Торғай, Қарқара көтерілісінің трагедиясы халықтың жанына өшпес жара салды. Осы тұрғыдан келгенде 1916 жыл халқымыз үшін жайсыз жыл болды дер едік.
1920 жыл
1920 жылы 20 тамызда Қазақ АКСР-ін құру туралы декрет шықты. РКФСР БРОАК-тің 22 қыркүйектегі жаңа декретімен Орынбор губернаторлығы мен Орынбор қаласы ҚазАКСР-і құрамына қосылып, Орынбор қаласы Қазақ елінің астанасы болды. Қалай болғанда да бұл біздің ұзақ уақыттан кейін республика мәртебесіне ие болған кезіміз ғой. Сондықтан бұл жылды дұрыс жыл санатына қосуға болады.
1924 жыл
Орта Азия республикаларының ұлттық-мемлекеттік шекарасы белгіленіп, қазақ жерлері тұтастай Қазақ АКСР құрамына енді. Шекара межеленген жыл жаңадан қалыптасып жатқан автономиялы республиканың жетістігі ретінде бағалауға тұрарлық. Қысқасы, жақсы жыл.
1928 жыл
Қазақстан ОАК мен ХКК «Аса ірі бай шаруашылықтары мен жартылай феодалдарды тәркілеу және жер аудару туралы» декрет шығарды. Байларды кәмпескелеу заңсыз жүзеге асырылды. Ұжымдастырудың кесірінен халық саны 2 миллион адамға кеміді. «Партияның сүйіктісі» атанған Н.Бухарин осы жылы өткен Бүкілодақтық комсомол съезінде М.Жұмабаевқа «саяси сенімсіз» деп айдар тақты. Мұндай мәліметті алдын ала даярлаған оның досы Ф.Голощекин еді. Қазақ тарихындағы қасіретке толы жылдардың бірі. Жайсыз жыл болатыны да сондықтан.
1932 жыл
1930-1932 жылдары аштықтан, түрлі індеттен халықтың 40%-ы қырылды. Республикадан тыс жерлерге көшіп кеткен халық саны 769 мыңға жетіп, оның 616 мыңы қайтып оралмады. Әке-шешесінен айырылғандар саны күрт өсіп, сол жылдың күзінде балалар үйлеріне орналастырылғандар саны 68 мыңға жетті. Жайсыз да қара жамылған жыл болды.
1936 жыл
Осы жылы Қазақ КСР-і құрылды. Мемлекет атанды. Мамыр айында Мәскеуде қазақ өнерінің алғашқы онкүндігі ашылып, ол үлкен табыспен өтті. «Қыз Жібек», «Жалбыр» қойылымдары көрсетілді. Күләш Байсейітоваға осы онкүндікте КСРО халық әртісі атағы берілді. Басқа да қазақтың өнер қайраткерлері орден-медальдармен марапатталды. Мемлекет атауын иемденіп, өнердің алғашқы белестеріне қол жеткізген бұл жылды жақсы жыл есебіне енгіздік.
1940 жыл
Бұл жылы егін жақсы шықты. Ұзындығы 806 шақырым болатын халықтық екпінді құрылыс әдісімен 9 айға толмайтын уақыт ішінде Ақмола-Қарталы теміржол торабы салынды. Ашаршылық, репрессия артта қалып, ел есін жиды. Мәскеу, Ленинград, Челябі зауыттарынан Қазақстанға машина, тракторлар көптеп келіп, ел техниканы меңгеруге бет бұрды. Бұл жыл да жайлы жыл, жемісті жыл саналады.
1944 жыл
Сәуір айында ҚазКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің №457 қаулысымен Алматы қаласында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институты ашылды. Сондай-ақ, КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің Қазақ КСР Ғылым академиясын ұйымдастыру туралы қаулысы шығып, оған алғышарттар жасалды. Алматы қаласына троллейбус келіп, жүре бастады. Майданда да жаудың жеңіле бастағаны айтылып, тылда оң өзгерістер жүзеге асып жатты. Сөйтіп, бұл жылы дұрыс жылдың лебі сезілді.
1948 жыл
Атақты ғалым Кәрім Мыңбаев бастаған республика ғалымдары ұшақпен Алматыдан көтеріліп, жолшыбай Балқаш қаласына қонды. Жанармай құйып, Мәскеуге қарай бағыт алғанда, олар мінген әуе кемесі аспанда жарылды. Сөйтіп, Қазақстанның бір топ талантты ғалымдары кемеліне келіп тұрған кезінде өмірден өтті. Кәрім Мыңбаев, Қылыш Бабаев, Федор Солодовников, Хасен Наурызбаев, Сапар Нұғыманов сияқты көрнекті ғылым иелерінің қазасы елдің ауылшаруашылық саласын ойсыратып кетті. Жайсыз жылдың қатарын толықтырды бұл жыл.
1952 жыл
Мамырда Қазақ ССР Ғылым академиясы төралқасының отырысы болды. Онда көрнекті ғалым Е.Бекмахановты қызметінен босатты. Партиядан да, жұмысынан да шығарылып, ғылыми атақтарынан айырылған атақты тарихшы әуелі Алматы облысының Нарынқол, екі айдан соң Жамбыл облысының Шу ауданына жіберілді. 25 жылға соттап, Сібірге жер аударды. Бұл жылы осындай қиындықты ғалымдар Қ.Жұмалиев, Б.Сүлейменов бастаған біраз адамдар да көрді. Діни орталық деп Баянауыл іргесіндегі Мәшһүр Жүсіп кесенесі қиратылды. Қазақ эпостарында байшыл-феодалдық сарынның бар екендігі сынға алынып, бұл рухани мұралар оқулықтардан алынып тасталды. Сондықтан, бұл жылды жайсыз жыл деп тану ләзім.
1956 жыл
Қазақстанның колхоздары мен совхоздары мемлекетке мерзімінен бұрын 1 млрд. 340 мың пұт астық тапсырды. Ел тұрғындарына тұңғыш рет зейнетақы беріле бастады. Сондықтан бұл жайлы жылдың қатарына қосылады.
1960 жыл
Рим Олимпиадасында 4х100 метрлік эстафеталық қашықтыққа жүгіруде Кеңес Одағы құрамасының сапындағы қандасымыз Ғұсман Қосанов күміс медальға ие болды. Сөйтiп, ол қазақ халқы үшiн Олимпиада кiтабын ашты да, оған алғашқы болып өз есiмiн жазды. Осы жылы Жамбыл электр стансасы салынды. Соколов-Сарыбай кен-байыту комбинаты, Қарағанды металлургия зауытының бірінші домнасы іске қосылды. Табысқа бастаған бұл жылды да жайлы деуге әбден болады.
1964 жыл
37 килотоннаға тең Дегелең тауының қойнауында жасалған жер асты жарылысы болды. Полигондағы ең сұмдық ядролық алапат еді бұл. Сол себепті бұл жылды жайсыз жылдың қатарына қосуға мәжбүр болдық.
1968 жыл
Еліміз тарихына көз жүгіртсек, қыстың ең суық күні 1968 жылы 8 желтоқсанда тіркелген екен. Онда республикадағы ауа райы минус 43,6 градусты көрсеткен. Аяздан облыстардағы мал қырылған. Үйлердің қабырғалары жарылып, жер асты суының деңгейі көтерілген. Ауылдардағы мал да, жан да қатты әбігерге түскен. Сондықтан бұл жыл да жайсыз жылдың қатарын толықтырады.
1972 жыл
Баскетболшы Әлжан Жармұхамедов Мюнхенде КСРО құрама командасының сапында Олимпиада чемпионы атанды. Сөйтіп, осындай әлемдік додада ең жоғары атаққа қол жеткізген тұңғыш қазақ ретінде тарих жылнамасына есімі жазылды. Осы жылы «рекордтар фабрикасы» атанған Медеу мұз айдынының сан-салалы заманауи кешені пайдалануға беріліп, Қапшағай су электр стансасы толық көлемінде жұмыс істей бастады. Жақсы жыл.
1976 жыл
Олжас Сүлейменовтің «Аз и Я» кітабы жарыққа шықты. Сол-ақ екен, Мәскеудегі «Молодая гвардия» журналында Қазақстанды кінәлаған сөздер естіліп қалды. Сол кездегі атақты, көрнекті, зиялы дейтін Лихачев, Рыбаков сияқты академиктердің өздері: «Алматы деген провинциялық қалада біздің тарихымызға күмәнмен қарайтын кітап шықты», деген ұстамсыз сөздерді айтуға жол берді. Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті кітапты айыптаған қаулы қабылдады. Ашынған, қорланған қазақ зиялы қауымы іштей күйзеліске түсті. Осы себепті бұл жылды жайсыз деп қабылдауға мәжбүрміз.
1980 жыл
Мәскеу Олимпиадасы қазақстандық оғыландарының айбынын асырған дүниежүзілік дода болды. Балуандар Жақсылық Үшкемпіров пен Шәміл Серіков алтыннан алқа тақса, боксшылар Серік Қонақбаев, Сергей Демьяненко күміс медальға қол жеткізді. Қазақ КСР-і 60 жылдық мерейтойы құрметіне республикалық ақындар айтысы өткізіліп, бұл қасиетті өнердің қайта жандануына жол ашылды. 60 жылдыққа арналған салтанатты жиналыста орталықтың Алматыда метро салуға рұқсат бергені айтылды. Сондықтан бұл жылдың жайлы жыл атануға толық қақысы бар.
1984 жыл
Жалпы білім беру мектептеріндегі оқу жүйесі 11 жылдыққа көшірілді. Осы жылғы мектеп реформасы бойынша балалар мектепке 6 жастан баратын болды. 1-4 сыныптар бастауыш, 5-9 сыныптар орта, 10-11 сыныптар толық орта және кәсіби мамандыққа жол ашатын сыныптар болып белгіленді. Жақсы дер едік бұл жылды.
1988 жыл
Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің қаулысымен 1930-1950 жылдары жазықсыз жазаға ұшыраған қазақ зиялыларының бір тобы Ш.Құдайбердиев (1858-1931), Ж.Аймауытов (1889-1931), М.Жұмабаев (1893-1938), А.Байтұрсынов (1872-1937), М.Дулатұлы (1885-1935) ақталды. Тағы бір ерекше жаңалық, Алматы метрополитенінің құрылысы басталды. Сондықтан бұл жылды дұрыс жыл деп айтуға құлықтымыз.
1992 жыл
Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болып қабылданып, тәуелсіз Қазақстанның Елтаңбасы мен Туының жаңа үлгілері бекітілді. Сонымен қатар, Хельсинкиде Қазақстан Еуропа Қауіпсіздігі және Ынтымақтастық Ұйымына мүше болды. Алматыда Дүние жүзі қазақтарының І құрылтайы өтті. Енді ғана бостандық алған елдің өміріндегі аталған жылды жақсы жылдың қатарына қосамыз.
1996 жыл
Қазақстандағы қазақ ұлтының азаматтары төлқұжатқа тарихи, халықтық дәстүрге сәйкес аты-жөнін өз әкесінің, ата-бабасының ныспысымен жаздыруға мүмкіндік алды. Осы жылы Алматыдағы Республика алаңында Қазақстан тәуелсіздігінің бес жыл толуына байланысты «Тәуелсіздік монументі» ашылды. АҚШ-тың Атланта қаласында өткен Олимпиадада бокстан Василий Жиров, күрестен Юрий Мельниченко, бессайыстан Александр Парыгин алтын, ауыр атлетикадан Анатолий Храпатый, бокстан Болат Жұмаділов күміс, Ермахан Ыбырайымов және Болат Ниязымбетов, күрестен Мәулен Мамыров қола медальмен оралды. Бұл тәуелсіздік тұғырын нықтаған жақсы жыл болды.
2000 жыл
Сиднейде бокстан Бекзат Саттарханов, Ермахан Ыбырайымов, жеңіл атлетикадан Ольга Шишигина Олимпиада чемпионы атанды. Осы дүбірлі додада боксшы Мұхтархан Ділдабеков күміс медальға қол жеткізді. Сондай-ақ, киелі шаһар Түркістанның 1500 жылдығы бар сән-салтанатымен атап өтілді. Жайлы жыл.
2004 жыл
Елбасы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы туралы қаулыға қол қойып, елордада Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің музейі ашылды. Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) енгізілді. Қазақстан Республикасы Президентінің Резиденциясы жаңа ғимаратқа көшіп, ол әлемге Ақорда деген атаумен әйгіленді. Ел өмірі мен мәдениеті және білім саласында өзіндік орны бар бұл жылды жақсы жылдың қатарына қойдық.
2008 жыл
Қазақстанда өндірілген ІЖӨ-нің көлемі 2007 жылғымен салыстырғанда оның көлемінің өзгеру қарқыны 3,2 пайызды құрады. Астананың сол жағалауындағы әсем де зәулім ғимараттар қатарын «Қазақ елі» монументі толықтырды. Осы жылы республика Үкіметінің қаулысымен 2009-2011 жылдарға арналған «Нұрлы көш» бағдарламасы бекітілді. Дағдарысқа қарамастан, ұлтты ұйыстыра білудің үлгісін көрсеткен жылды дұрыс жыл деп ұйғардық.
2012 жыл
Лондон Олимпиадасында қазақстандықтар 7 алтын, 1 күміс, 5 қоламен командалық есепте 12-орынға табан тіреді. Бұл спортшыларымыздың әлемдік деңгейде бұрын-соңды болмаған жетістігі. Жақсы жыл.
* * *
Біз сарапқа салған 25 кібісе жылының қай-қайсының да Қазақ елінің тарихында өзіндік орны бар. Әрбір 4 жыл сайын келіп отыратын оның халқымыз үшін соншалықты жайсыз емес екенін жоғарыдағы деректерден аңғаруға болады. Жайсыз жылдардың дені кеңестік қоғамның еншісіне тиеді. Ал енді босағадан аттаған кібісе жылы тәуелсіз еліміз үшін тыныш, қалыпты, жайлы жыл болады деген сенімдеміз.
Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».