(Әзілхан Нұршайықовтың «Замандасқа хатына» жауап)
Ардақты Әзілхан аға!
22 маусымда газетте шыққан «Замандасқа хатыңызда» ағалық сөз, ағалық қана емес, ақсақалдық сөз, ақсақалдық қана емес, аталық сөз айтып, ағыңыздан жарылыпсыз. Бір замандасыңыз ретінде хатыңызға үн қоссам ба деп отырмын.
Мен қазір Алладан болмаса, адамнан қорықпайтын жастамын. Зейнеткерлік жасқа жеттік. Мансап қуар кезден өттік. Біреулерге жағымпазданудың реті жоқ, қазір оның тіпті керегі де жоқ. Сондықтан батыр Бауыржан ағамыз айтқандай «Өтіріктің балын жалап күн көргенше, шындықтың уын ішіп өлген артық» деп жүріп жатқан жайымыз бар.
Соғыс алдында дүниеге келгендер «жалаңаяқ жар кешіп, қызылаяқ қыр кезіп», қорқақ пен зорлықтың дәмін ерте татқан ұрпақпыз. Балалық балғын шағымыз сұрапыл соғыс жылдарына тап келіп, әкеден ерте айрылып, жетім өстік. Пешенемізге жазылғаны сол болған соң амал нешік? Өмірде жақсы мен жаманды, аштық пен тоқтықты, баршылық пен жоқшылықты көрдік, алаяқтық пен аярлықты да, зұлымдық пен зұлматты да, қулық пен сұмдықты да бастан өткердік.
Енді міне, Алла берген ғұмырдың арқасында ержетіп, есейіп, түтін түтетіп, үйлі-жайлы болып, бала-шаға өсіріп, немере көріп отырмыз. Шүкіршілік. Қолдан келгенше халыққа қызмет жасадық, ел үшін еңбек еттік. Өмір жолымызда неше түрлі адамдармен кездестік. Көре алмағандықтан күле кіріп, күңірене шыққандар, тегершікке таяқ қыстырып, аяқтан шалғандар аз болған жоқ. Ал аз ғана адал еңбегіңді бағалап, қолтықтан демеп, қол ұшын берген жандардың әлгіндей арамзалардан көбірек болғанына қуанамын. Еңбекке араласқан жолда ақылшы аға, өнегелі ұстаз бола білген «Қазақстан» баспасының директорлары Абай Бейсембаев, Мұқан Мамажанов марқұмдар, Қазақ телеграф агенттігінде бас директор болған Жұмағали Ысмағұлов, оның орынбасары Нұрмахан Оразбеков маған көп көмектескен жандар. Әсіресе, еліміз егемен ел атанып, тәуелсіздік алып, өз алдына шаңырақ көтергенде сол шаңырақтың астында, яғни жаңадан құрылған Президент Аппаратында тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының қарамағында қызмет істеген жылдарымды (1990-96) мақтан етемін. Ол кезең өмірімнің ең бір шуақты жылдары болды деп айта аламын. Нұртай Әбіқаев, Дәулет Сембаев, Махмұт Қасымбеков, Қадыр Әлімқұлов, т.б. әріптестердің көрсеткен жол-жобаларын әсте ұмыта алмаймын.
Ардақты Әзеке! Сіз бірсыпыра мәселелер бойынша Президентке хат жазып, жауап алғаныңызды және ол мәселелердің оңды шешілгенін жазыпсыз. Өзіңіз айтқандай, атағыңыз бар болғандықтан, хатыңыз Президенттің жеке өзіне жеткен де болар. Ал қатардағы азаматтардың мұң-зары ол кісіге жете бермейді. Қарамағындағылар тиісті салалар бойынша министрліктер мен мекемелерге жолдай салады. Ал олардан өзіңіз келтірген мысалдардағыдай сырғытпа жауаптар келіп жатады. Өйткені, Елбасының атына жазылған шағымның бәрімен жеке танысып, жауап жазуға немесе оң шешілуін талап етіп тиісті орындарға нұсқау беруге Президенттің уақыты жоқ, мүмкіндігі де бола бермейді. Мұндай сырғытпа жауаптар әсіресе сот, прокуратура органдарынан көп келеді. Қазақтардың арыз-шағымы Жоғарғы Сотта қадағалауға жауап беретін А.Смолиннен, Прокуратурада М.Меркельден қайтып жатады.
Өз басымнан өткен бір ғана мысал келтірейін.
1995 жылы сатып алып, 10 жыл тұрған саяжайымды сыртымнан бірнеше адамға қайта сатып жіберіп, мені әуре-сарсаңға салып қойған А.Матвиенко мен В.Оголихин дегендерді қылмыстық жазаға тарту керек болатын. Бірақ сот органдары олармен ауыз жаласып алып, көрер көзге заңды бұзып отыр.
Менің бір алға қойған мақсатым бар еді. Ол ауылдағы қарадомалақ балаларға бір шағын спорт мектебін салуға көмектесу болатын. Соғыс алдында өмірге келіп, одан кейінгі қиын-қыстау кезеңде өскен біздер спорт дегеннің не екенін білмедік. Сондықтан туған ауыл алдындағы перзенттік парызымды өтеу үшін спорт мектебін салуға көмектескім келіп еді. Өйткені ауыл балаларының арасында қаншама таланттар бар, сол болашақ чемпиондардың жолы ашылар еді.
2005 жылы жердің бағасы қатты көтерілді. Қала шетіндегі жасыл желектегі стандартты 6 сотық жер телімінің бағасы аспандап, бір сотығы 40-50 мың АҚШ долларына дейін барды. Мен осыдан үміттеніп, ойлаған мақсатыма енді жетермін-ау деп жүргенімде орта жолдан киліккен кісілер менің саяжайымды сыртымнан құрылыс компаниясына сатып жіберіп, оңай олжаға батып шыға келді. Қаншаға дейсіз ғой? 6 сотық жерді 54 миллион теңгеге бағалаған! Бұл сол кездегі бағам бойынша 440 мың АҚШ доллары! Ал стандартты жер телімінің бағасы 150-180 мың доллар болатын. Ұйымдасқан топ ауыз жаласып алып, бұл бағаны көпе-көрінеу 2-3 есе өсірген. Бұл нағыз жексұрын жемқорлықтың нақ өзі!
Содан мен сотқа шағымдандым. Бірақ бәрі күні бұрын кесіп-пішіп қосылған екен. Әуезов аудандық сотының судьялары (Г.Жүсіпқалиева, Р.Сартаева) заңды белінен басып, алаяқтардың сөзін сөйлеп шыға келді. Ал кезінде мен бұл саяжайды көршім А.П.Матвиенкодан 9 мың долларға сатып алған болатынмын. Енді ол мұны екінші рет 440 мың долларға сатып жіберіпті. Бұл іс үш жылдан бері созылып келеді. Мұның жай-жапсарын түгел жазып, алдыңғы жылы қараша айында Президенттің атына шағым түсірген едім. Жоғарыда айтқанымдай, істі қарау Жоғарғы Сотқа жіберілген екен. Одан келетін жауап белгілі.
Сөзім дәлелді болу үшін мысал келтірейін.
А.П.Матвиенко жер, саяжай сатып алумен және оны қайта сатумен көптен бері айналысып келе жатқан жан болып шықты. Мысалдар келтірейін.
1991 жыл. Алматы облысы, Қарасай ауданы, Бағанашыл селосы, Алматы көшесі, 18-үйді сатып алған (03-047-460-139), жер актісін 1999 жылы алған;
2004 жыл. АКХ Чапаево (03-047-441-504) 1,9000 га жер алған. 2007 жылы оны әйелі Л.В. Матвиенкоға сыйлаған;
2005 жыл. Ауданның жер қорынан (03-047-203-1427) 0,4000 га жер алып, 2007 жылы ұлы Д.А.Матвиенкоға сыйлаған;
2006 жыл. Тастыбұлақ селосы, Бейсеуов көшесі, 1 а үйді алып (03-047-422-1034), 2007 жылы ұлы Д.А.Матвиенкоға сыйлаған;
Ал 1995 жылы маған сатқан «Восход» бағбандық серіктестігіндегі Восточная, 2 а саяжайды он жылдан кейін (2005 жылы) сыртымнан жалған құжат жасап, екінші рет тағы да бірнеше адамға сатып жіберген.
А.П.Матвиенконың Алматы қаласында тіркелген үйі: Сейфуллин даңғылы, 500, 42-пәтер.
В.Оголихин де осындай іспен айналысып жүрген жанның бірі болып шықты. 2005 жылы «Восход» бағбандық серіктестігінің Восточная көшесінен екі саяжай учаскесін (Восточная, 2 және Восточная, 3) сатып алған. Ол жердің бағасы күрт көтерілетінін ертерек біліп, оңай жолмен баюға кіріскен екен. Сөйтіп екі саяжай аз болғандай, көршісі менің саяжайымды да (Восточная, 2 а) бұрынғы иесі А.П.Матвиенкомен ауыз жаласып, сыртымнан құрылыс компаниясына сатып жіберген. В.Оголихиннің мекен-жайы: Алматы, м-н «Казахфильм», 34 а, 4-пәтер.
Ал бұл алаяқтардың әрқайсысының Алматыда 3-4 үйлері бар болып шықты. Мұндай қылмыстық істі көре тұра сот органдары көздерін жұмып отыр. Егер әрбір алаяқ осылай жасай берсе, қазаққа жер қала ма? Ал «Шаңырақ» пен «Бақайдағы» байғұс қазақтар өздеріне баспана салып алатын ұлтарақтай жер ала алмай отыр.
***
Нұрекеңде ерекше бір қасиет бар. 90-жылдары Сауд Арабиясына барып, Пайғамбарымыз жатқан жерге зиярат етіп шығып келе жатқан кезде нөсер жауын төгіп жіберген. Араб баспасөзі ертеңіне аспаннан нұр жауды, ол нұрды Нұрсұлтан Назарбаев әкелді, деп тамсана жазған. Өйткені, елде жауын жаумағанына үш айдың жүзі болған екен.
Осы нұр жайында Қазақ аграрлық ұлттық университетінің профессоры, бір үйде тұратын көршім Аманжол Таңатаровтың аузынан естігенім бар. Университеттің 70 жылдық мерейтойына қатысқан Президент оқытушы-профессор құрамымен сәлемдесіп, әрқайсысының қолын алып шығыпты. «Жүзінен нұр тамып тұрады екен, мен соған таңқалдым», деп еске алады А.Таңатаров.
1991 жылы маусым айында достық және ынтымақтастық туралы құжаттарға қол қою үшін Өзбекстан мен Қазақстан делегациясы Түркістан қаласында кездесті. Делегация құрамында Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбайұлы, т.б. ресми адамдар болды. Рәсім Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің алдында өтті. Аспан ашық. Күн күйіп тұр. Екі ел Президенттерінің кіріспе сөздерінен кейін құжаттарға қол қойылды. Сол кезде аспанда шөкімдей бұлт пайда болды да сіркіреп жаңбыр жауа бастады. Шаң басылды. Жұрт аң-таң. Екі бауырлас ел басшыларының кездесуіне Алла-тағаланың жасаған рақымшылығы болар, деп жатты үлкен кісілер. Содан соң Ислам Кәрімов пен Нұрсұлтан Назарбаевқа екі ақбоз ат сыйға тартылды. Нұрекең атқа қарғып мінді. Нұрекең нағыз Даланың перзенті екенін сонда тағы бір дәлелдеген. Бұл – өзім куә болған оқиға.
***
«Сынықтан басқаның бәрі жұғады» дегенде атам қазақ нені меңзегенін жұрт әртүрлі түсініп, екінің бірі оның дәл мағынасын дөп басып айта қоюы қиын. Ал «Көрмес – түйені де көрмес» дегенді жеті жасар баладан жетпіске дейінгі қариялардың жақсы білетіні хақ.
Қазіргі кезде бетімен кеткен кейбір баспасөз құралдарын оқи қалсаңыз, төбе шашыңыз тік тұратыны былай тұрсын, тіпті ағарып үлгірмей жатып түсіп қала жаздайды. Өйткені, олар аузына келгенін айта салатын болды және айтып та жүр, ойына келгенін жаза салатын болды және жазып та жүр. Оларға салсаңыз, Қазақ елінде оң өзгерістер, ілгерілеулер деген атымен болған емес және жоқ. Олардың ойынша, осының бәріне кінәлі бір-ақ адам бар, ол – Елбасы екен.
Бұл енді көре алмаған күншілдіктің, мүттәйім мақсаттың, сол баяғы даяр асқа тік қасық дейтін бақай есептің салдары. Ондайлар Нұрекеңнің бастамасымен ежелгі Есілдің жағасындағы бұрынғы көптеген шағын ғана қалалардың бірі Ақмоланың орнына Сарыарқаның самалындай, жаңа арқаның жанарындай болып бой көтеріп, қазақ елінің астанасына айналып, атағы әлемге мәшһүр болып отырған алып шаһар атанған Астананы да көргісі келмейтіні өкінішті-ақ.
Қазақстанның өткен жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық еткеніне де көңілдері толмайды олардың. Қазақстанның алдыңғы қатарлы дамыған 50 елдің қатарына кіруге ұмтылысы да ұнамайды оларға. Әйтеуір тырнақ астынан кір іздеумен әуре болып жүрген жандарға таңырқамасқа лажың қалмайды.
Иорданияда Қазақстанның тұңғыш Президентінің атына көше берілуі, Түркияда ол кісіге ескерткіш орнатылуы да базбіреулердің ұйқысын қашырып жүргені анық. Оу, бұл әр елдің ішкі шаруасы емес пе? Оған біздің араласуға қандай хақымыз бар? Бізде де шет ел қайраткерлеріне берілген көшелер мен қойылған ескерткіштер бар ғой. Бұған олардың елдерінің не азаматтарының қарсылық білдіріп жатқандарын көре алмадық. Мұндай іс-шаралар мемлекеттердің қарым-қатынастарының жақсаруына, олардың арасында достық байланыстар орнауына ықпал етері сөзсіз.
Дала данышпандарының бірі Төле би: «Халық азса, хандыққа таласады» деп сонау қиын-қыстау кезең болған он сегізінші ғасырда дөп басып дәл айтқан ғой.
Қазіргі қандастарымның кейбір қылықтарына қайран қаламын. Олардың күні бірін-бірі күндеумен, аңдумен өтіп жатыр. Бір-бірінің ішкен тамағын да, киген киімін де көре алмайтын халге жеткен. Басқалар, яғни келімсектер қос-қостан үй алып, бас-басына мәшине мініп, үріп ішіп, шайқап төгіп жүргенін, ал қандастарының жатақханалардың тар бөлмелерінде бала-шағасымен қысылып-қымтырылып күн көріп жатқанын, әйтпесе келімсектердің артық баспаларын жалға алып, тапқан-таянғанын солардың алақанына салып беріп, өз елінде, өз жерінде өгей болып жүргенін көрсе де көрмегендей болады.
Еліміз тәуелсіздік алғанға дейін облыстардың бірінші басшылары мен министрлердің біразы келімсектер болғаны жасырын емес. Солардың қазір тірі жүргендерінің бәрі дерлік Ресейге кетіп қалған жоқ па? Жай кеткен жоқ, қалған өмірлеріне жетерлік байлық алып кетті. Тіпті күні кеше Швейцарияға қоныс аударған Алматы қаласының бұрынғы әкімі, жиын-тойлардағы сөзінің бісмілласын «Кудай қаласа» деп бастайтын күйеу баламыз Виктор Храпуновты алайық. Қазір ол байлығы жөнінен сол елдегі бай адамдардың қатарында бұрынғы алматылық Н.Анисимов екеуі 3-4 орында тұр. Ал оның ұлы Ильяс жиеніміз Швейцарияда әрі шипажай, әрі қонақ үй салып, еуропалықтарды бір жарылқап тастамақшы екен. Бұған қандай уәж бар?
«Бір жақсы көрген адамымды ақырына дейін жақсы көремін. Оған деген ілтипатымды ешқашан да өзгертпеймін. Бұл менің бала күнімнен бойыма сіңген әдет» деп жазыпсыз, Әзеке. Бұл жағынан мен сізге «ұқсап баққан» екенмін. Мен де сондаймын. Елбасын ешқашан жамандыққа қия алмаймын.
Бірер мысал келтірейін. Тәуелсіздік алған соң 90-жылдардың басында Президент өзінің резиденциясындағы дөңгелек залда әйелдерді 8 наурыз мерекесімен құттықтады. Кіріспе сөзден кейін кімнің құттықтағысы келеді деп залға қарады. Бірінші болып мінберге көтерілдім де сөзімді қазақша бастадым. Конституциямыздың құрметіне, Тіл туралы Заңымыздың құрметіне мемлекеттік тілде тілек айтуға рұқсат етіңіздер, дедім. Мұндай жағдай бұрын-соңды кездеспегендіктен болар, жұрт аң-таң. Сосын мен орысша білемін, деп ақталғым келіп еді, Нұрекең: Тағы қандай тіл білесіз? – деді кекесінмен. Мен енді болар іс болды ғой деген сыңаймен: қырғыз тілін, өзбек тілін, ұйғыр тілін... деп түркі тілдерінің біразын атап шықтым. Президент жақтырмай қырын қарап отырды.
Сөзімді аяқтап орныма келдім. Бүлдіріп алдым-ау осы деген ой келіп, терлеп те кеттім. Ғаділбек Мусин деген жақсы сыйлас ағамыз бас изеп, бас бармағын көрсетті. Қалғандары орысша сөйледі. Жиналыстан кейін: «Жігітім, сен, немене, Президент Конституцияны, Тіл туралы Заңды білмейді деп пе едің? Мұның әбестік болды», деп бұл қылығым үшін мені жазғырушылар да табылды. Мен мұны бәлендей бір ерлік жасадым деп айтып отырғаным жоқ. Тек тәуелсіздіктің дәмін әлі татып үлгіре қоймаған сол бір жылдары алғашқылардың бірі болып үлкен мінберден мемлекеттік тілімізде сөйлегенімді айтып жатқаным ғой. Мұның алдында Түркістан, Мәскеу сапарларында Өзбекстан мен Ресей делегацияларымен келіссөздер жүргізу барысында ресми құжаттарды мемлекеттік тілде дайындау үшін Президенттің қасына ерген адамдардың сапында болғаным бар. Сондықтан ол кісі аты-жөнімді толық білмесе де түсімнен танитын. Менің қаупім орынсыз болып шықты. Негізінде дәл сол жиын үстінде менің қазақша сөйлегеніме онша разылық білдірмегені үшін Президентке көңілім толмай қалғаны да рас еді.
Жалпы, Нұрекең жайшылықта өте қарапайым, жайдары жүреді. Халыққа жақындығы да содан болар. Ал жұмыс кестесі жайында Кеңсе бастығы Махмұт Қасымбеков баспасөзде талай рет жазды. Менің бір білетінім – Нұрекең көбіне таңертеңгі тоғыздан кешкі тоғызға дейін жұмыс істейді. Сағат кешкі тоғызда бөлім бастықтары үйлеріне қайтуға жинала бастайтын. Сосын кезек сектор меңгерушілеріне келетін. Бұл Президент жұмыстан жаңа ғана шықты дегенді білдіретін. Елінің қамын ойлап түн ұйқысын төрт бөліп жүретін Нұрекең осының бәрін халықтың болашағы үшін жасайтын.
«Ер Төстік» ертегісінде «Тоғыз ұлым бір төбе, Ер Төстігім бір төбе» дейтін тұс бар. Ол – әкенің ұлдарына берген баталы бағасы. Құдайға шүкір, халқымыз айбарлы ұлдарға, жайдары қыздарға ешқашан кем болып көрген емес. Нұрсұлтан Әбішұлы – сан ғасырлар бойы басынан бағы тайып, соры ашылмай, жат жұрттықтардың қас-қабағына қарап жалтақтаумен күн кешіп келген қасиетті халқымыздың қалған ұрпағының алаңсыз өмір сүруі үшін туған ұл! Алла-тағала оған ұзақ ғұмыр берсін!
Ардақты Әзеке! Сіздің замандастарыңызға қарата айтқан ойларыңызға алып-қоспақ болғаным осы бір жәйттер еді. Артық-кемі болса, көңіліңізден шықпай жатса, ғафу өтінемін.
Ғазизбек ТӘШІМБАЙ, Қазақстанның құрметті журналисі.
Алматы.