Күні кеше «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Асқар Мамин Alstom компаниясының президенті Анри Пупар Лафаржмен бірге «Электровоз құрастыру зауыты» АҚ-тың жұмысымен танысты. Шара барысында тараптар серіктестік аясын әлі де ұлғайтуға келісім жасады.
Ол бойынша француздың Alstom концерні ҚТЖ-дан 25 пайыз қосымша үлес алып, бірлескен кәсіпорындағы жалпы үлесін 50 пайызға жеткізді. Енді «ҚТЖ» ҰК» АҚ пен «Трансмашхолдинг» ЖАҚ-та 25 пайыз акциядан қалды.
«Қазақстан әлемдік алпауыт Alstom француз компаниясымен бірлесіп көліктік машина құрастыру саласына тікелей инвестиция және жаңа технология тарту ісін жүзеге асырды. Соның нәтижесінде соңғы технологияға негізделген жаңа өндіріс орны өмірге келді», деп атап өтті А.Мамин.
Alstom президенті Анри Пупар Лафардждің айтуынша, Қазақстанда инвестицияға қолайлы жағдайдың бәрі жасалған. Бұл өз кезегінде ұзақ мерзімді серіктестік орнатуға мүмкіндік береді. ЭҚЗ арқылы жаңа технологияларды меңгеру қазақстандық машина жасау саласындағы көшбасшылық рөлді атқаруға мүмкіндік жасайды. Қазақстандық локомотивтерді әлем нарығына экспортқа шығаруға кепілдік етеді. Зауыттағы қазақстандық үлесті көбейту 2020 жылға қарай 70 пайызды құрайтын болады екен.
Еліміздің бас теміржолшысының сөзіне қарағанда, қазіргі таңда Қазақстанның теміржолдарында сағатына 120 шақырым жылдамдықпен жүретін әлемдегі ең қуатты болып саналатын KZ-8А сериясындағы 31 жүк локомотиві жүйткіп жүр. Сондай-ақ, сағатына 200 шақырым жылдамдықпен жүретін алты дана KZ-4АТ жолаушылар локомотивтері халыққа қызмет көрсетуде.
Бұлармен бірге, Alstom және ЭҚЗ зауыттың өндірістік базасында электровозға арналған тартым трансформаторларын өндіру жөніндегі келісімге қол қойды. Осының арқасында зауыт Alstom концерніне аталған трансформаторларды шетелден жеткізетін ірі кәсіпорынға айналатын болады. ЭҚЗ-да трансформаторлар шығару 2016 жылдың бірінші жартыжылдығында басталып, 100-ден астам жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Жоспарланған өндірістік қуаттылығы жылына 200-ге дейін трансформаторды құрамақ.
Осы келісімдерді жасасудың арқасында Alstom ЭҚЗ зауытын дамытуға бүкіл күшін шоғырландырып, экспорттық әлеуетке ие әлемдік сападағы жергілікті өнімді жасап шығаратын болады. Осылайша ЭҚЗ Қазақстан экономикасының негізгі қозғалтқыш күшіне айналып, локомотивтерді өндіріп, оларды Еуразиялық экономикалық одақ және ТМД аумағындағы Әзербайжан мен Өзбекстан секілді көршілес елдерден бастап, бүкіл әлемге экспорттайтын халықаралық өндіріс ретінде танылмақ.
– ЭҚЗ зауытындағы үлесті ұлғайту және жаңа өндірісті бастау Alstom концернінің Қазақстанда бірізділікпен жүзеге асырып жатқан стратегиясы аясындағы заңды қадам болып табылады. Біздің мақсатымыз – Қазақстан Республикасымен сенімді әрі ұзақ мерзімді серіктестік құру. Технологиялар мен өндірісті жергіліктендіру, жаңа жұмыс орындарын құру және жергілікті мамандарды оқыту арқылы Alstom Қазақстандағы машина жасаушы басты кәсіпорындардың бірін жаңа деңгейге көтеріп, оның алдында әлемдік нарықтың есігін ашпақ.
Біз қазірдің өзінде ел аумағында 400-ден аса жұмыс орнын құрып үлгердік, өндірісті жергіліктендірудің үлесі 28 пайызға жетіп отыр және де таяудағы 2 жыл ішінде ол 50 пайызға дейін артпақ. Қазақстан Үкіметінің инвестициялауға және дамытуға арнап жасап берген қолайлы жағдайлары аясында біздің ынтымақтастығымыз барлық мүдделі тараптарға өз пайдасын әкелетініне мен нық сенімдімін, деді Alstom концернінің Ресей және ТМД аймағындағы аға вице-президенті Мартин Вожур.
Салтанатты шарадан кейін кәсіпорынның коммерциялық директоры Алексей Ершов журналистерге зауыт ішін аралатты. Ол әр цехтың атқаратын жұмыстарымен таныстырып, электровоздардың бұрынғылардан артықшылықтарына тоқталды. «Көріп отырған KZ8A жүк электровозы әлемдегі ең қуатты әрі тиімді машина болып саналады. Мұның бұрынғылардан артықшылығы тек қуатында ғана емес, әр тұста үнемдеуге негізделіп жасалған электровоз бұған дейінгі теміржол машиналарынан электр қуатын 25 пайызға дейін аз жұмсайды. Сондай-ақ, жылдамдығы да жоғары. Машинистерге қолайлы болуы үшін кабиналар үздік үлгіде жасалған. Онда тоңазытқыштан бастап микротолқынды пеш және шай қайнатып ішетін электр шайнекке дейін бар», деді А.Ершов.
Оның сөзіне қарағанда, қазақстандық электровоздарды алуға қазірдің өзінде Әзербайжан елі тапсырыс беріп қойған. Мұнымен бірге, таяуда ғана украин теміржолының басшыларымен Еуропа елінде кездескендерін айтты. Бүгінде электровоз парктерінің тозығы 90 пайызға таяған украин теміржолшылары да қазақстандық электровозға қатты қызығушылық танытып отырған көрінеді. «Украиналық әріптестеріміздің біздің электровозға тапсырыс беретініне күмәніміз жоқ. Себебі, Еуразия кеңістігінде ең тиімді деп саналатын осы зауыт бізде ғана бар. Оған қоса, біздің зауыт олардың талабын орындап, сапа бойынша қалауын қанағаттандыруға толық қабілетті», деді коммерциялық директор.
Зауыттың жұмысымен танысқан журналистерді экспортқа шығарылатын электровоздардың бағасы да қызықтырды. «Жүк электровоздарының бағасы 6 мың еуро болады. Келешекте отандық өнімнің үлесі артып, 70 пайызға жуықтағанда бәлкім баға шамалы арзандауы да ықтимал. Негізі нақты тапсырыстар келіп тұрса, зауыт бір аптада бір электровоз құрастырып шығаруға қабілетті. Бұған қоса, алдағы уақытта қазақстандық үлес 50 пайыздан артқан кезде құрастырылған электровоздарға «Қазақстанда жасалған» деген логотиптер жапсырылатын болады. Бұйыртса, бұл мақсатқа 2020 жылы қол жеткіземіз деген үмітіміз бар», деді ол.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».