Қызылжар өңірінде де «Нұр Отан» ХДП саяси ұйымының бастауыш партия ұйымдарындағы есептік-сайлау шаралары қызу жүргізілуде.
Аудан орталығы Явленка кентінде өткен бастауыш партия ұйымының есептік-сайлау жиынына қатысар алдында облыс әкімі Серік Біләлов бірқатар нысандарды аралап, ауданның тыныс-тіршілігімен танысты. Солардың бірі «Нұр Сәт» автокөлікке қызмет көрсету орталығында болды. Кәсіпорынның ашылғанына көп бола қойған жоқ. 10 миллион теңгеге тұрғызылған қызмет көрсету орталығына келушілер қатары күн санап артып келеді. Мұнда автожуу, доңғалақтарды жөндеу шеберханасы да жұмыс істейді. Мекеменің директоры Нұрлан Рамазановтың айтуынша, қызмет көрсету бағасы қолжетімді. Алдағы уақытта жаңа құрал-жабдықтар сатып алу үшін «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында несие алуды көздеп отыр. 250 орынды мейрамханасы мен бильярд залы бар «Түркістан» ойын-сауық кешені де өз қызметін бастап кетіпті.
Бұдан кейін Серік Сұлтанғазыұлы аудан орталығы—Явленка кентінде өткен бастауыш партия ұйымының есептік-сайлау жиналысына қатысты. Онда партия ұйымының төрағасы Сергей Корнев есепті кезеңде атқарылған жұмыстар жайында жан-жақты баяндап берді. Ұйым қатары нығайып, мүшелердің қатары 6 пайызға артқан көрінеді. Бүгінде 1236 нұротандықты топтастырып отыр.
Жиында сөйлеушілер алдағы он жылды қамтитын партия бағдарламасына қатысты өз ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды. Еліміздегі айтулы оқиғалар тізбегін, олардың арасынан Қазақстанның Кеден одағына кіруін, ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуін, Астанадағы Саммиттің өтуін ерекше атап өтті. Елбасы Н. Назарбаевтың жүргізіп отырған саясатын бірауыздан қолдап, 2020 жылға дейінгі Қазақстанның стратегиялық даму жоспарын орындауға тас-түйін әзір екендіктерін, Тұңғыш Президентіміздің өкілеттігін он жылға ұзарту туралы референдум өткізу жөніндегі бастаманы бірауыздан қолдайтындықтарын білдірді.
Жиында «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының төрағасы, аймақ басшысы С. Біләлов сөз алып, жаңа жыл үлкен міндеттер жүктеп отырғанын жеткізді.
Петропавл қаласындағы «Денсаулық» бастауыш партия ұйымы бюросының есеп беру-сайлау жиналысы да іскерлік тұрғысында өтті. Оның жұмысына денсаулық сақтау басқармасының өкілдері, емдеу мекемелерінің басшылары шақырылды. Партия ұйымының төрағасы Владимир Сердобинцев өз баяндамасында атқарылған жұмыстар жөнінде жан-жақты мағлұмат берді. Алдағы міндеттер кеңінен сөз болды. Қалалық партия ұйымы төрағасының бірінші орынбасары Николай Черновол делегаттарды «Нұр Отан» ХДП-ның 2020 жылға дейінгі мерзімге арналған бағдарлама жобасымен таныстырып, ол қолдау тапты. Жиында партия топтарының жетекшілері Жанна Мәуітова, Светлана Кащенцева, Ғалия Мәметова сөйлеп, бірқатар мәселелер бойынша ой-пікірлерімен бөлісті.
Есеп беру-сайлау жиналысына қатысқан облыс әкімі Серік Біләлов облыс экономикасының дамуына медицина қызметкерлері үлкен үлес қосып отырғанын атап көрсетті.
Өмір ЕСҚАЛИ.
Солтүстік Қазақстан облысы.