07 Қаңтар, 2011

ШарАйна

380 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Әлемде азық-түлік өнімдері тапшы Әлемдік экономикаға «бағаның естен тандыруы» кері әсерін тигізіп, оның ақыры азық-түлік дағдарысына алып келуі ықтимал. Бұл туралы БҰҰ жанындағы Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы хабарлады. Мұндай мәлімдеме аталған ұйым ауыл шаруашылығы тауарларының индексі желтоқсан айында номиналды рекордына жетіп, 2007-2008 жылдардағы деңгейден асып түскеннен кейін жасалып отыр. Сол жылдардың өзінде әлемде азық-түлік дағдарысы орын алып, 30 кедей елде наразылықтар бой көрсеткен болатын. ИНТЕРПОЛ БАКИЕВТІ ІЗДЕУДЕН БАС ТАРТТЫ Интерпол Қырғызстанның бұрынғы президенті Құрманбек Бакиевті іздеуге қаты­судан бас тартты. Өзінің бұл шешімін Қылмыстық полиция халықаралық ұйымы­ның бас хат­шылығы Интерполдың қолда­ныстағы конституциясына сүйеніп шығарғанын жария етті. Ұйым конституциясына сәйкес оған саяси, әскери, діни немесе нәсілдік сипаттағы қызметтерге қандай да бір араласуға тыйым салынады. Қырғызстан үкіметі сондай-ақ бұрынғы президенттің үлкен ұлы Маратты, бауыры Жанышты, басқа да сыбайластарын іздестіреді деп үміттенген болатын. Іс жүзінде бәрі басқаша болып шықты. РЕСЕЙ ОФИЦЕРІН ҚЫЗМЕТТЕСІ ӨЛТІРСЕ КЕРЕК Әзірбайжанның Габалин радиолокациялық стансасында (ГРС) Ресей офицері өлтірілді. Ол ГРС-ның қызметкері майор Сергей Грачев деген көрінеді. 47 жастағы офицерді өзінің қызметтесі өлтіріпті. Аталған оқиға бойынша Әзірбайжан прокуратурасы қылмыстық іс қозғады. Өлтірудің негізгі нұсқасы тонау дегенге саяды. Осы жерде атап көрсететін бір жәйт – ГРС Ресейдің баллистикалық зымырандар ұшыратын жүйені бақылайтын негізгі бөлімдердің бірі болып табылады. Станса Кеңес өкіметі кезінде салынып, қазіргі кезде оны Ресей жалға алып отыр екен. МАЛИДЕГІ ФРАНЦИЯ ЕЛШІЛІГІН ШАБУЫЛДАДЫ Тунистің тумасы кеше Мали астанасы Бамако қаласында орналасқан Франция елшілігі ғимаратының жанында газ баллонын жарып жіберді. Шабуылдаушы сол сәтінде-ақ қамауға алынды. Тергеушілерге ол өзінің ислам Магрибіндегі «Әл-Каида» мүшесі болып табылатынын мәлімдеген. Оқиға салдарынан өтіп бара жатқан екі адам жеңіл дене жарақатын алса керек. Ал террорлық ұйым өкілінің бұл әрекетімен не айтқысы келгені әзірге белгісіз және оны тергеу барысы анықтайды деп күтілуде. ТҮРІК АЗАМАТЫ ҰШАҚТЫ ҚУЫП КЕТПЕК БОЛДЫ Норвегияның астанасы Осло қаласынан Түркияның ең ірі шаһары – Ыстамбұлға ұшып шыққан «Түрік әуе жолдары» ұшағының жолаушылары ұшқыштардың кабинасына басып кіруге әрекет жасаған азаматты залалсыздандырды. Ол түрік азаматы екен. Түрік азаматы сондай-ақ әуе кемесін жарып жіберемін деп те қоқан-лоққы көрсетіпті. Және ұшақты қайтадан Осло әуежайына қондыруды талап етпекші болған. Бортында 60 жолаушысы және 7 экипаж мүшесі бар Боинг-737-800 ұшағы аман-есен түрік жеріне келіп қонған. РАДИКАЛДЫ ШИИТ ЛИДЕРІ ИРАКҚА ОРАЛДЫ Үш жылдан астам уақытқа созылған үзілістен кейін шииттердің радикалды лидері Муктада әл-Садыр Иракқа қайта оралды. Ол осынша уақыт бойы көрші Иран мемлекетінде тұрып келген болатын. Кеше ол туған қаласы Эн-Наджафта қарсы алынды. Әл-Садыр өзі басшылық жасаған «Армия Махди» әскери ұйымының арқасында танымалдылыққа ие болған еді. Аталған әскери ұйым 2003-2008 жылдар аралығында коалиция күштеріне қарсы ұрыс қимылдарын жүргізген-тін. КОРЕЯ АЛТЫ АЛЫП ҰШАҚ САТЫП АЛМАҚ Оңтүстік Кореяның Asiana Airlines әуе компаниясы алты А-380 аэробустарын сатып алу туралы шешімді қуаттады. Аталған ұшақтар әлемдегі жолаушы ең көп сыятын әуе кемесі болып табылады. Ал келісім-шарт құны 1,8 миллиард долларға бағаланып отыр. А-380 – аэробустардың соңғы жетістігі. Лайнер 525-тен 853 жолау­шыға дейін тасымалдауға қабілетті және 15 мың шақырым ара­лықты бағындыра алады. Аталған алып ұшақты тек әлемдегі ең ірі әуежайлар ғана қабылдай алады. Бүгінде А-380-ге тапсырыстар саны 234 болса, қазірдің өзінде түрлі бағыттарда 40 осындай ұшақ ұшып жүр екен. ҚЫСҚА ҚАЙЫРЫП АЙТҚАНДА: • Ресейдің Челябі облысының бұрынғы губернаторы, Қазақстанның досы Петр Сумин 64 жасында қайтыс болды. Ол осы қызметті 1996 жылдан 2010 жылдың наурызына дейін атқарған болатын. Денсаулығына байланысты соңғы сайлауға түсуден бас тартқан еді. • Хоккейден жастар арасындағы әлем чемпионатында ресейлік жас хоккейшілер жеңімпаз атанды. Финалда олар фаворит ретінде аталып келген Канада құрамасын 5:3 есебімен ұтты. • Тбилисидің қалалық соты Грузия күш құры­лымдарының аштық жариялаған 11 ардагеріне айып салды. Олар 1992-1993 жылдары абхаз соғысына, 2008 жылы Оңтүстік Осетиядағы соғысқа қатысқандар екен. Ардагерлер осы әрекеттері арқылы әлеуметтік жағ­дайларын жақсартуды талап еткен көрінеді. • Севастопольде Украинаның «Запорожье» деп аталатын сүңгуір қайығы сынақтан өткізілді. Бұл Украина әскери-теңіз күштеріндегі жалғыз сүңгуір қайық болып табылады.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.