07 Қаңтар, 2011

Өтежан НҰРҒАЛИЕВ

2734 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Қазақ әде­би­еті орны толмас ауыр қа­за­ға душар бол­ды. Үстіміздегі жылдың 5 қаң­тарында 73 жас­­қа қараған шағында көр­нек­ті ақын Өте­жан Нұр­ға­лиев дү­ние­ден өтті. Ол 1938 жылы 15 та­мыз­­да Ақтөбе облысы, Бай­ғанин ауда­ны­ның “Ақжар” ұжымшарында дүниеге келген. 1964 жылы Қазақ мемлекеттік универси­те­тінің журналистика факультетін бітірген. 1964–1968 жылда­ры Жарқала орта мектебінде мұғалім, 1968–1972 жылдары «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан»), «Қазақ әде­бие­ті» газеттерінде тілші, сонан кейін «Жалын» баспа­сын­да редактор болып қызмет атқарған. Қазақ телевизиясында ұзақ жыл­дар жемісті жұмыс жасады. Әдебиетке тумысы бөлек, талантты жырларымен келген Өтежан Нұрғалиев ә дегеннен-ақ өлең сүйер қауымның сүйікті ақын­да­ры­ның біріне айнала білді. Оның асау жырлары өзіндік бояу, тың үн, тосын мінезімен ерек­шеленіп, поэ­зия­мызға соны леп, жаңа тыныс қосты. Алпысыншы жыл­дардың ба­сын­да жарық көрген тұңғышы – «Менің махаббатым» жи­на­ғынан бастап оның қаламынан шыққан «Ақ нө­сер», «Нөсерден кейін», «Ай ас­тын­да ақбоз үй», «Қайыңды то­ғай», «Тыныштық», «Афина мектебі», тағы басқа жыр кітаптары, ал сұрапыл соғыс жылдарының тірі, көркем шежіресіндей «Со­ғыстың соңғы жазы» балла­да­лары әде­биетіміздің алтын қорына қосыл­ған құнды туын­дылар екені сөзсіз. Ө.Нұрғалиев ел алдындағы осындай елеулі еңбегі үшін «Құр­мет» орденімен марапатталған. Алаш жұртының айтулы ақындарының бірі, халқымыздың біртуар перзенті, әріптесіміз Өтежан Нұрғалиевтің жарқын бейнесі ел жүрегінде сақталады.

Қазақстан Республикасы Байланыс және ақпарат министрлігі , Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы.

* * *

ӨЗІ ӨЛГЕНМЕН, ӨЛЕҢІ ӨЛМЕЙДІ

Өтежан Нұрғалиев қазақтың өте сирек қайталанатын, та­лант­ты ақындарының бірі еді. Мен онымен университетте бірге оқыдым. Сөйтіп, Өте­кең­нің жа­сы үлкенірек болса да, курстас құрбыластарының қатарында жүрдім. Талай рет жолса­пар­лар­ға бірге шықтық. Қостанай об­лысында, одан Ақтөбенің Бай­ғанин ауданында болатынбыз. Әдебиетке әркім әртүрлі келеді ғой, біреу жайлап, біртіндеп келеді, біреу бет қаратпай екпіндеп келеді. Ал Өтежан әдебиетке бірден қалыптасқан ақын болып келді. Ұмытпасам, алғашқы кітабына айтулы ақын Қуандық Шаңғытбаев алғысөз жазып, бата берді. Содан кейін бұл ақын әр жинақ сайын қа­рыш­тап өсумен болды. Оның «Соғыстың соңғы жазы» деген цикл өлеңдері өте бір өмір­шең­дігімен, өмір көріністерін берудегі шынайылығымен, поэти­ка­лық орындау шеберлігімен құ­былыс болды десем, қате айт­паспын. Бұл туралы Сағат Әшім­баев кезінде жақсы мақала жазғаны есімде. Өтекеңнің өзі мінезі кейде шәлкем-шалыстау, асаулау ақын болатын. Осы жағдайын мен түсінуші едім, өзі артықтау кетіп бара жатса, айтқанымды тың­даушы еді. Бірімізді біріміз қатты сыйлайтынбыз. Маған арнап бір емес, бірнеше өлең де жазды. Күләш жеңгей екеуі қос аққудай жарасып, жұбын жазбай бірге жүргенде қызыға­тын­быз. Әйелі қайтыс болғаннан кейін Өтекең қатты жүдеп, қамы­ғып, күйреп қалды. Күләштің қазасына көңіл айта барғанда: «Маған үй беріп, жағдайымды жасаған Иманғали Тасмағам­бетов, ал мінезімді түсінген сенсің, Сәбит», деп айтқаны бар еді арқалы ақынның. Өтежандай үлкен ақынның өзі өлгенмен, өлеңі өлмейді. Ол қазақ әдебиетінен ойып тұрып орнын алған айтулы ақын. Қош бол, досым! Жатқан жерің жайлы болсын!

Сәбит ДОСАНОВ, жазушы.

* * *

ҚОШ БОЛ, ДОС – ҚҰРДАС, ЗАМАНДАС

Түнделетіп Ғазизбек Тәшім­бай: «Өтежаннан айырылып қалдық!» деп телефон соқты. Соның алдында ғана, төрт-бес күн бұрын сол Ғазизбек тағы да телефон соғып, бір кезде оқуға бірге түскен, ішінде Өтежан да бар, бір топ құрбы-құрдасының басын қосып, қо­нақ­асы бергелі жатқанын ай­тып, менің де бірге болуымды қалаған. Оның ойын құптай тұра, ниетін қолдай тұра мен әлдене себептен бара алмай қалғанмын. Енді міне, мына бір суық хабарды жеткізе тұрып сол Ға­зизбек әлгі басқосуда Өте­жан­ның өзгеден алабөтен аңқыл­дап, жарқылдап, өзінің ежелгі дағ­дысымен біреуді қағыта күліп, біреуді мысқылдай түсіп, аса бір ашық-жарқын көңілді отыр­ғанын қоса айтты. Мені Өте­жанның аяқ асты фәниден өтіп жүре бергені күйзелтеді. Ат жалы, түйе қомында ауызға сөз де түсе қоймайды екен. Әрбір ақын-жазушының болмыс-бітімі, тумыс-тұлғасы оның кітаптарынан айқын анық көрінеді ғой. Өтежанның да әр кітабынан оның жаңа бір қырын танып, тосын бір қылығына тәнті болатынбыз. Бірақ, адам мәңгі жасамайды, мәңгі жасай­тын оның артында қалған асыл сөзі, айтулы еңбектері ғана. Кеше ғана дүрлігісіп, дуылдасып, дабырласып, бірге жүрген құр­дасымызды қаншама қимағаны­мызбен, әлгі айтқан артында қалар мол мұрасы, олқы түскен көңілді орнықтырып отырарына сенеміз. Қош бол, қайран дос, құрдас-замандас, иманың кәміл болсын!

Сәкен ИМАНАСОВ, ақын.

* * *

ҚАЗАҚТЫҢ ҚАРА НАРЫНДАЙ БОЗДАП ӨТКЕН АБЗАЛ ДОС ЕДІ

Әй, Өтежан досым, сен де өттің бе, жалғанның жарығы­нан! Көктемдегі қар суымен қар­қын алған даланың ұлы өзе­ні Жемнің ағысындай өлең өл­кесіне желе жортып қосыл­ға­ның күні кеше еді-ау! Әдебиет атты мәңгі жасыл бақтың сазды үні бар санаулы сандуғашының бірегейі болғаның да ел есінде. Енді міне, арнасын бірнеше жер­ден буған Жем өзеніне ұқ­сап, тасуыңнан жаңылып, Жа­рат­қанның аманатын өзіңе қа­рай бағыштап, бізге Жем, Сағыз бойының құтты жерлері мен елеулі ерлеріне сүйсіністен ту­ған өлмес өлеңдеріңді ғана қалдырдың. Асанқайғы бабаң жырлаған, Махамбет пен Мұрат, Шернияз бабаларың басқан Жем, Сағыз елін екеуміз талай аралап, тарихи аңыз­дарының шәрбатын шабыттана сіміріп едік-ау! Енді сол далаң, Исатай мен Есет бабаларың отар­шылдардың отты тасқыны­нан қорғаған қасиетті далаң сенің елге еркелей, тұрғы­лас­та­рыңа ентелей барғаныңды көр­мейтін болғаны қандай өкініш десеңші. Ертелеу кеткенің – өнерсүйер қауымның ырыздық, несібесін ортайт­қаның. Бірақ, Алла ісіне амал не? Өнбейтінді өндірген, көнбейтінді көндірген Жаратқан Иемнің алдында иманың кәміл, топырағың торқа болсын, қазақтың қара на­рындай боздап өткен абзал досым!..

Құрал ТОҚМҰРЗИН, жазушы.