07 Қаңтар, 2011

Қазақтың қайсар қыздары-ай!..

833 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Алматыдағы «Жерұйық» қо­ғам­дық бірлестігі шығарған «Жел­тоқсан қарлығаштары» атты жаңа кітапты зер салып оқыған әр адам сол бір 1986 жылғы ызғарлы Желтоқсан оқиғаларын тағы да еске алып, ой зердесінен өткізері, сондағы қаракөз  қарындас­тары­мы­здың биік рухты өжеттігіне тағы да айғақты мысалдармен көз жеткізе отырып: «Қазақтың қай­сар қыздары-ай!» деп тебірене қайран қалары анық. Әлбетте, көзі қарақты ынталы оқырман бұл орайдағы Мұхтар Шаханов, Талғат Айтбайұлы, Қайыммұнар Тәбейлердің еңбектерін біледі деп ойлаймыз. Осындай жанкешті азаматтардың арқасында ұлт-азаттық көтеріліс сипатындағы Желтоқсан тарихының әлі анық­талмаған жайлары жеткілікті бола тұрса да,  біршама бүтін сұлбасы айқындалып жасалған сияқты. Мына тың туындының авторы,  «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Болатбек Төлепберген де Желтоқсан та­қырыбын біраздан бері қаузап, қалам тартып жүргенін білуші едік. Бұдан бұрын оның «Біз білмейтін Желтоқсан» атты кітабы жарық көрген. Сондай-ақ «Жел­тоқсан-86» деп аталатын он том­дық естеліктер, құжаттар, мақа­ла­лар жинағының құрастырушы авторларының бірі. Қаламгер «Жел­тоқсан қарлығаштары» пуб­ли­цистикалық кітабында тақы­рып­ты жаңа қырынан қозғап, Жел­тоқсан оқиғасы кезіндегі қа­зақ қыздарының аңызға айналып бара жатқан ерлігі, қайсарлығы мен өжеттігі хақында жеке-дара сыр шертіп, ой өрбіткен. Осы ретте бірінші бөлімде әуелі Желтоқсан көтерілісінің тұтануына түрткі болған жайлар, кеңестік тоталитарлық жүйеге қарсылық-наразылықтың шым-шымдап бой көрсеткен көрініс­тері майдан қыл суырғандай суыртпақтала сарапталады. Екінші бөлімде бұрын көп айтылса да, жекелеген мақалаларда жазылса да, біртұтас толымды еңбектің ны­санына айнала қоймаған, Жел­тоқсанда ерлік пен елдіктің үлгі­сін көрсеткен қазақ қыздарының жұртшылыққа таныс әрі бейта­ныс қырлары, олардың кейінгі тағдырлары оқырман назарына айшықтала ұсынылыпты. Үшінші бөлімде Желтоқсанның суық ыз­ға­рына шалынып, ажал құшқан қыршын ғұмырлар жайында әңгі­меленеді. Сонымен бірге қудалау мен түрменің кермек дәмін татқан қайсар қыздардың естеліктері тар­тымды әрі әсерлі оқылады. Қаламгердің осылайша Желтоқ­сан көтерілісіне қатысты толық­қан­ды мағлұмат-деректерді сол желтоқсаншы қыздардың өз ау­зы­мен нанымды да шынайы жеткізуге тырысуы, көтерілістің бей­мәлім жайларын қамтуды мақсат тұтуы да өте құптарлық дер едік. Соңында қаһарман қыздардың нақты деректер мен құжаттарға негізделген іс-әрекеттері мен аты-жөндері жеке тізімделіп жария­ланған. Осының бәрі болашақта жазылар көркем шығармаларға тұғыр-тиянақ болады деп сеніммен айта аламыз. Желтоқсан көтерілісі қазақ тарихының тәуелсіздікке ұмтыл­ған асқақ кезеңі екеніне кітапты мұқият зерделеген оқырманның көзі жете түсері сөзсіз. Жас жур­налист-жазушы Болатбек Төлеп­бергеннің бұл туындысы Желтоқ­сан ақиқатын біле түсу орайын­дағы тағы бір игі қадам болған­дығын қадап айтқанымыз дұрыс. Қорғанбек АМАНЖОЛ.