Өмір деген толғауы тоқсан, жолы сан сала, кейде оның қыр-сырын саналылар ғана ұғатын жұмыр жұмбақтай көрінетіні бар. Ол да ақиқат. Білімі терең, тұлғасы кесектер сол өмір көшінде өзгеден ерек, ой байламы бөлек көрініп тұрады. Ондай азамат алғашқы қадамынан-ақ қарым-қабілетін танытып, жас болса да бас болар тірлігімен төңірегіндегілерден төбе бидей ірілігімен дараланып, сөзі өтімді, ісі толымды болып тұрады. Біз бұл байламдарымызды қазақтың ардақты ұлы, ұлтымыздың жоғары біліміне телегей теңіз үлес қосқан академик Өмірбек Арысланұлы Жолдасбековті ойға оралтқанда өрбітіп отырмыз.
«Жақсы адамдардың өлген күні болмайды, туған күні ғана болады. Өмекеңнің, ғұлама ғалым әрі айтулы қоғам қайраткерінің артында қалған мәңгі өшпес мол мұра туралы әлі ұзақ айтатын боламыз», деген еді айтулы арысымыз өмірден озғанда замандасы, академик Зейнолла Қабдолов. Өмекеңнің өміршең өнегесін жіпке тізіп ақықтай көз алдыңнан өткізсең, көңіл көкжиегің кеңіп, тұлпар тектес тұлғаның бүкіл болмыс бітімі көш жерден көрініс береді.
Жер басып жүрсе Өмірбек Арысланұлы 85-тің белесіне көтерілер еді. Орыс ақыны Михаил Лермонтовтың «Ақын өлімі» деген өлеңінің бірінші жолын қазақ жырының құлагері Ілияс Жансүгіров: «Ақын өлді – ардың туы құлады», деп аударғаны бар еді. Сол секілді ұлтымыздың тұғыры мықты ұлы ғалымы, біздің арлы да ардақты ұстазымыз 1999 жылы 68 жасында пәни дүниеден бақи дүниеге озды. Содан бері ағамыздың 70 жылдығын, одан кейін 80 жылдығын өзінсіз атап өттік. Тек туған күнін атап қана қоймай, еңбектерін жаңғыртып, естелік кітаптар шығардық. Атына мектеп беруге ұйытқы болдық. Соңғы бірнеше жыл көлемінде біздің тікелей бастамамызбен математика және механика бойынша Өмірбек Жолдасбеков атындағы оқушылардың халықаралық конкурсы өткізіліп, ол өзінің оң нәтижесін көрсетіп, жүздеген талапкер талантын ұштауда. Осы арада тағы да ойға оралып отыр. Өмірбек Арысланұлы мына өмірден аттанған кезде, оның кемел ісін, кемеңгер келбетін, екінші ғұмырын жалғайтын еңбектерін оны білетін тұстастары, төрткүл дүниеге аты мәлім оқымыстылар шын ниетпен жұрт алдына тартты. Сөзіміз жалаң болмас үшін өзіміз де танып-білген, көзімізбен көріп, құлағымызбен естіген халқымыздың бетке ұстар беделділерінің тап басқан тағылымды байламдарын кейінгі оқырмандарға ұсына кетсек артықтық етпес деп ойлаймыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Ол кісімен ұзақ жылдар бойы қызмет бабымен жиі кездесіп, көп мәселелерді ақылдасып шешуші едік... Өмекеңнің терең ақылы мен парасаты халқының қамын ойлайтын азаматтығы ұдайы сезілетін. Халқы да оны осындай жақсы қасиеттері үшін қатты қадірлейтін. Көзінің тірісінде ол елінің, халқының құрметі мен махаббатын бір кісідей-ақ сезініп өтті», деп ғалымның тереңдігіне тебіренсе, арамыздан кеткеніне көп бола қоймаған дара қаламгер Әбіш Кекілбайұлы заңғар замандасы туралы: «Мен Өмірбек Арысланұлының заңғар тұлғасына ұзақ уақыт алыстан көз сүзіп жүрдім. Қырау қабақ Талғар мен найзағай шыңы – Найзақараны аңғармау қандай мүмкін болмаса, ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ зиялыларының арасынан Өмекеңдей көксеңгірді жыға танымау, таусыла таңғалмау, айрықша бағаламау қолдан келмейтін кеудемсоқтық болар еді.
Иә, ол алға түскенде асқардың өзі аласарып, ауырдың өзі жеңілдеп, асаудың өзі жуасып сала беретін қасиеті бар еді. Иә, оның жанындай сүйетін туған халқына сіңірер еңбегі, тәуелсіз елінің көгеріп-көктеуіне қосар үлесі әлі де аса көп еді. Талай ғасыр есесі кетіп, тауы шағылған қазақ руханиятының талантымен тау жыға алған тарлан еді. Қазақ рухының нағыз Геркулесі еді», деген байламы Өмеғаңның бүтін болмысын тайға таңба басқандай көрсетіп тұрғаны анық. Қазақтың ардақтыларының бірегейі Өмекеңнің өрісті ісіне, ұлт ұрпағына қанат бітірер жұмысты тиянақты атқарған асыл қасиеттеріне кезінде куә болған Бәйкен Әшімов: «Бұл күндері Алматы қаласының Қазақ мемлекеттік университетінің қалашығын салу осы оқу орнының ректоры Өмірбек бауырымның да ерекше қарым-қабілетін, ұйымдастырушылық шеберлігін және істің көзін таба білетін басшы ретінде танылуына өз әсерін тигізді. Біздің елімізде тұңғыш рет халықаралық Инженерлік академияның ашылуы да ірі ғалым Ө.Жолдасбековтің есімімен тығыз байланысты. Бұл да ұлттық ғылымымыздың дамуына жаңа заман талабымен қосылған елеулі үлес екені даусыз», дейді. Біз бұл сөздерді келтірудегі ойға алғанымыз, әрқайсы бір-бір тау сілеміндей дара жандардың замандастарының еңбегін бағалаудағы үлгі-өнегесін, кең пейілін, дархан көңілін аңғарта кету еді.
Иә, осындай бедел биікке жеткен, ақыл-парасаты таразы басында қашанда тең тұратын Өмірбек Арысланұлы да халқымыздың орны бөлек алыптарының қатарынан еді. Ол да ойы мен еңісі қатар жүретін бел-белестерден іркілмей өтіп, ғылым шыңына, қоғамдағы орнына өзгелер секілді бала болып дүние есігін ашып, өсе келе алға ұмтылып, талмай ізденіп дарын қарымымен жеткен еді. Өзі ғана жетіп қоймай, біз секілді шоғыр-шоғыр ұрпақты да бір-бір белеске көтеріп, ғылым әлемінің құпиясына терең бойлатты.
Орта мектепті алтын медальмен бітірген Өмекең Мәскеудегі М.Ломоносов атындағы Мемлекеттік университеттің механика-математика факультетіне оқуға түседі. Арманы асқақ, қиялы қырандай көкке самғаған болашақ ғалым іргелі білім орнында жүргенде ерен талантымен ұстаздарының ілтипатына бөленеді. Сөйтіп, атақты білім ордасын үздіктер қатарында бітіріп, кіндік қаны тамған туған еліне оралып, Шымкент қаласындағы Қазақ технология институтының математика және механика кафедрасында оқытушылық қызмет атқарады. Ойы ұшқыр, қарымы мықты, жігерлі азамат ғылымдағы мақсатына жетсем деген ниетпен өзі жоғары оқу орнын бітірген Мәскеу қаласына қайтадан барып, аспирантураға қабылданып, оны да үздік тәмамдап, кандидаттық жұмысын да сәтті қорғап шығады.
Осы білімін игілікке жаратып, оны кейінгі жастың санасына сіңіру үшін Алматы қаласына оралып, бұрынғы Қазақ политехникалық институтына доцент болып қызметке кірісіп, артынан кафедра меңгереді. Толассыз талпыныс, ғылымға деген ынта-жігер, оның иірімдері мол қиындығы мен қызығы қатар жүретін жұмыстар зерделі жанды шынықтыра береді. Білім бере жүріп машинатану теориясына ден қояды. Алғырлығын көрсеткен дарынды жігітті институт басшылығы декандық қызметке, артынан проректорлық жұмысқа көтереді.
Кемелдене бастаған кең иықты, ой өлшемі ерен Өмірбек Арысланұлының бірте-бірте абырой-беделі артады. Оның тың идеялары, соны бастамалары, қатарластарынан озық тұратын ғылыми зерттеулері, ұйымдастырушылық қабілеті көре алатын жандардың назарына ілінеді. Үкімет байтақ еліміздегі білім мен ғылымның небір сайыпқырандарын дайындап жатқан Қазақтың ұлттық университетінің жұмысын әлі де болса жетілдіріп, заман талабына сай құрылымын орнықтыру ниетімен Өмірбек Жолдасбековті осы оқу орнына ректор етіп бекітеді. Уақытқа орай білім беру үшін ұлттық университеттің төрт құбыласын түгендеу жөніндегі ішкі иірімдері оны небір тың қадамдарға бастайды. Бүгінгі әл-Фараби атындағы Ұлттық университет қалашығын салу жөнінде, кезінде Қазақ Үкіметі қабылдаған, артынан аяқсыз қалған қаулысын қап түбінен тауып, жан-жақты жетілдірілген жаңа құжатқа қол жеткізеді. Ректорлық қызметке 1970 жылдың тамызында келсе, аталмыш Үкіметтің жаңа қаулысы желтоқсанда шыққан болатын. Сонда бұл құжатты үш-төрт айдың ішінде қабылдатып, іске қосқанын көруге болады. Алатаудың баурайынан 90 гектар жер бөлгізеді. Түпкі мақсаты – өзі оқыған Мәскеудегі М.Ломоносов университетіндей оқу орнын қазақ топырағында да қалыптастыру, сөйтіп, ұлт ұрпағының мерейін үстем ету болатын.
Ол бүгінімен өмір сүруді қорлық деп білетін, ертеңінің ертеңіне, көз ұшындағы көп жұрттың ойына келе қоймайтын келелі істерге, кемел тірліктерге үміт артып, әлемдегі аты жер жарған университеттердей ордалы оқу орны бой көтерсе дейтін. Бұл тірлігін мен келер ұрпақ алдында жүзінің жарық болуын алдын ала ойлауынан деп білемін. «Бұл біздің парызымыз, мойындағы қарызымыз. Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті кейінге қалдырмай бітіріп кетуі керек. Сонда ғана ел алдындағы борышы өтеліп, қоғам көркейеді. Қарабастың қамын жеу – жегіқұрт. Ол оңалтпайды, түптің түбінде омалтады», дейтін біз секілді ізбасарларымен ой бөліскен сәттерде.
Академиктің университет қалашығын жасаудағы жоспар-жобасына үңілгенде, ол дүниежүзіндегі мықты білім мекемелерінің құрылымын қатты ескергенін көру қиын болмаса керек. Оны мына дәлел-дәйектерден аңғаруға болады. Қазақ мемлекеттік университетінің жаңа қалашығында 15 мың студент білім алып, 7 мыңға таяу оқытушы-профессорлар қызмет етуі тиіс болды. Осы күні барып білім алу арманға айналған Ұлыбританиядағы әйгілі қос университет Оксфорд пен Кембридж, АҚШ-тағы Гарвард, Массачусест университеттерінде де студенттер саны мен оқытушылар құрамы сондай көлемде екен. Мемлекеттік университеттің мерейін көтеретін білімі терең, теория мен практиканы ұштастырып ел үміт артып отырған жасты талапқа сай оқытатын оқытушы-профессорға қамқорлық жасау, студенттер тұратын жатақхананың өресін көтеруді бірінші кезекке шығарып қана қоймай, оны да орындауға күш салды. Университет білім ордасы ғана емес, ғылым ордасы болу керектігін де естен шығармады. Бұған да мысал келтіре кетелік. 1971 жылы оқу орнында 52 ғылым докторы, 309 ғылым кандидаты болса, 15 жылдан кейін, яғни 1986 жылы 30 академик, 200 ғылым докторы, 700-ден аса ғылым кандидаты қызмет етті. Университеттің осылайша беделі биіктеп, Қазақстанда ғана емес, КСРО-да алдыңғы үштіктің қатарынан табылды.
Осы күні жаңа техника мен технология, индустриялық-инновациялық бағдарламаларды іске асыру жайы айтылып қана қоймай, біртіндеп шешімін табуда. Өмірбек Арысланұлы өз дәуірінде, «Техниканың тетігін білген жұрт ешкімге есе жібермейді. Біз оны ерте ескеруіміз керек. Таланттарды тартып, олардың бойындағы дарынды ашуға тиістіміз», деп бағыт-бағдар беретін. Өрелі жастың өрісін кеңейтуге қамқорлық жасауды бірінші кезекке қойып, оларды өз бақылауында ұстайтын.
Біз білетін айтулы ғалым сөздің емес, істің адамы еді. Оған да дәлел жеткілікті. Өткен ғасырдың 60-жылдарының соңына қарай орда бұзар 35 жасында Қазақ елінде алғаш рет «Механизм, машина және автоматика теориясының маманы» деп аталатын арнаулы ғылыми кадр дайындап шығаратын аспирантура ұйымдастырды. Ол кезде Қазақ политехникалық институтында (қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті) проректор болатын. Ұлттық университетке басшы болып келгеннен кейін де ілгерідегі ісін жалғастырып, қолданбалы механика кафедрасын ашып, оған мықты ғалымдарды шақырды. Солардың қатарында біз де болдық. Осы арада 1972 жылдан бері әлденеше рет жарық көрген «Машиналар механизмдерінің теориясы» атты оқулығын ерекше атап өтуге тиістіміз.
Әр заманның өз ізашарлары, тұңғыштары болады. Бұл жағынан келгенде Өмірбек Арысланұлы біздің топшылауымызша Отанымыздағы машиналар мен механизмдер теориясының (ММТ) негізін қалаған, мектебін қалыптастырған кемел азамат. Осы саладағы қыруар ғылыми ізденістері оған үлкен абырой әкелгенін білеміз. Машиналар мен механизмдер теориясы бойынша докторлық диссертация қорғауға арналған ғылыми кеңес бұрын Мәскеу мен Ленинградта болса, ол қажырлы қайраткердің табанды жұмыстарының нәтижесінде Қазақ ұлттық университетінен де ашылып, бұл алыс-жақынға сабылып жүрген ондаған емес жүздеген ғылымға ұмтылғандарға молынан мүмкіндік бергеніне куәміз.
Қоғамдық жұмыс пен ғылыми жұмысты кемелдікпен тең атқарған Өмекең Қазақ елінің Ұлттық Ғылым академиясына академик болып сайланып, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. Қазақстанның еңбек сіңірген ғылыми қызметкері атағын алды. Қашанда өзінен бұрын шәкірттерінің қам-қарекетін естен шығармайтын ардақты аға, қыруар жұмыстың арасынан уақыт тауып, олардың ізденістеріне де көңіл бөле білді. Соның нәтижесі 24 ғылым докторын, 90-нан аса ғылым кандидатын дайындауға қол жеткізді. Олардың дені қазір азат елдің дамуына үлес қосып жүр. Өзі 400-ден аса ғылыми еңбектің авторы болып, 18 монография, 30 оқу құралын жазды. Бүгінде қолданыста жүрген, академик ойлап тапқан түрлі машина бөлшектері, нақтылай түссек, 85 өнертабыстың авторы, әлемдік деңгейдегі ондаған патенттің иесі екенін де айту парыз.
Алда айттық, Өмекең Ұлттық университетке жетекшілік еткенде ғалымдарға көп қолұшын созды, білім мен ғылымды ұштастырам дегенге молынан жағдай жасады деп. Соның нәтижесінде зерделі зерттеулердің қорытындылары теорияда дәйектеліп, өндіріске енген, ел дәулетін арттыруға үлес қосқан жаңалықтар өзімізді қойып өзгелердің, мәселен, АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Германия, басқа да елдердің сұранысына ие болды. Білім ордасының осылайша халықаралық деңгейге көтерілуі, зерделі жандардың назарын аударуы – үлкен жетістігіміз болды. Бұған қоса университет тек қана өз Отанымыздың жастарын оқытып қоймай басқа да мемлекеттердің жастарына білім беріп, әлемдік деңгейдегі университет екенін дәйектеді. Бір ғажабы осындай істі ол өзім ғана істедім демейтін: «Мен істеді дегенше, көп атқарды десеңші», деп ұжым еңбегін ұлықтаудан, жол сілтеп, жөн көрсеткен, қаржыдан қарайласқан азаматтарға алдымен алғысын айтып, ілтипатын білдіріп, еңбегін бағалап отыратын.
Ол: «Ғылым да, ғалым да – халық қазынасы» дейтін. Биліктегі шен тағып, шекпен кигендер алдында сол ғылым мен ғалым абыройын қорғап жүретін.
Машиналар мен механизмдер теориясын зерделегенде оның арғы қатпарлы тарихына бойлап барып, осы саланың айтулылары П.Л.Чебышев, И.А.Вишнеградский, П.О.Сомов, А.Е.Жуковский, Л.В.Аусар, өзге де ғалымдар еңбегін жіті қарап, кеңестік дәуірдегі кемеңгерлер қатарынан орын алған академиктер И.И.Артоболевский, А.Ю.Ишлинский жолын жалғап, өзінің бағыт-бағдарын анықтап алғанынан хабардармын. Сол ізденістердің түйіні механизм мен машина теориясы туралы зерттеулер нәтижесінде қыруар еңбектер жасады. Жоғары класты механизмдер теориясы аясындағы еңбектеріне бір сәт тоқталар болсақ, жүк көтергіш машиналар жайлы жұмысын бұрынғы Югославияның «Мего-18 Новемби» фирмасы сатып алып іске қосса, АҚШ-тың Хоуп-Индастриз фирмасымен ВШ-8 көтергішіне келісім жасалған болатын. 1660 градус ыстықта болат қорытатын конверторда жұмыс істеуге лайықталған манипуляторы да шетел патенттерін алды. Ғалымның осындай келешек үшін жасаған керемет еңбектерімен танысқан халықаралық және Ресей инженерлік академиясының президенті, көрнекті ғалым Борис Гусев: «Ол шын мәнінде Шығыстың ұлы ойшылдарының бірі болды. Академияның күллі мүшелері әлемдік инженерлік қозғалысқа қатысушылардың бәрі академик Өмірбек Арысланұлы Жолдасбековті ХХ ғасырдың әл-Фарабиы деп мақтанышпен айтады», деген болатын.
Шынында, сол кезде оның болашаққа талпынған, жұрт қамын жеген асыл текті арманы азат Отанымыздың өз техникалары жұмыс істесе деген ізгі ниеттен туған болатын. Бітім болмысы ғана емес, ақылының өзі алып болып жаралған нар тұлғаның сондағы жан дүниесін енді ұғып отырмыз. Әлем елдерінде атам заманнан бері жұмыс істеп жатқан инженерлік академия жүйесін өз елімізде құрсақ деп біз секілді шәкірттерімен кеңесіп, жоспар-жобасын, бағыт-бағдарын, ертең, келешекте атқаратын жұмыстарды пысықтайтын. Кім қандай іспен айналысу керек деген мәселені де кеңінен ойластырды. Соның бәрі де көз алдымыздан өтіп жатты. Швеция Корольдігі академиясының шақыруымен сол елге дәріс оқуға барғанда, түпкі ойына табан тіреп келген еді. «Инженерлік академия – бұл жаңа заманның техникасы мен технологиясының алтын арқауы. Мәселен, сол Швеция Корольдігі академиясының құрылғанына 100 жылға таяу уақыт өтсе, Америка Құрама Штаттарындағы мұндай академияның мәртебесі тіпті зор. Ол ғылым ордасының құрамындағы Ұлттық академиядан да артық көрінетіні бар. Біз бұл игілікті істі атқара алсақ ғалымдар мен инженерлер өндіріс жаңашылдарымен бірлесе отырып, жұмыс нәтижесінде тың жетістіктерге қол жеткізеді. Зауыт, фабрикамыздың бәрі заманға сай құрал-жабдықтарға зәру. Соны мына біз құрған академия тәуелсіз еліміздің аясында шешіп, оны бірте-бірте әлемдік деңгейге көтеруі қажет», деген тұжырымын айтатын. Бір жолы: «Пәкістан елін алайықшы. Ондағы инженерлік академия өткен ғасырдың 40-шы жылдарының бел ортасында құрылған» дегені есте. «Ғалым не керек екенін біледі, ал инженер не керек екенін және оны қалай жасау керек дегенді де ой-саналарына тоқып жүреді», деп бір жолы ағынан жарылған еді. Қазір ғұлама ғалым бастамасымен құрылған Ұлттық инженерлік академия тәуелсіз еліміздің дамуына өзінің үлкен септігін тигізіп келеді. Көптеген ғылыми жаңалықтардың өз шешімін тауып, өндірістен орын алуына да жол ашылуда. Оны бұл арада тарата айтып жатуды мақсат етпедік.
Ұлтына мінсіз қызмет атқарған Өмекеңнің өмір өткеліндегі бір қиын кезең Желтоқсан көтерілісінен кейін болған еді. Халқым деген азаматтың ерге тән еңбегін ұлтшылдыққа балап ұрынғандар, оны аққа күйе жаққандай жат қылықтарымен кінәлі етіп шығаруға тырысып бақты. Бірақ желіккендер мен желпінгендер ақыры өздері көш соңында қалып, ұлт жақсысының алдында жүздері шарыққа айналды.
Өмірбек Арысланұлы ақ адал екенін дәлелдеп, жұрттың ілтипатына қайта бөленген соң, 1990 жылы 12-ші шақырылған Республика Жоғары Кеңесіне депутат болып сайланды. Бұл оның халқымен қайта қауышуы еді. Бұдан кейін де ол әлденеше рет халық қалаулысы болып егемен еліміздің өркендеп өсуіне өз үлесін қосты. Соның ішінде қазір айтып жүрген бәсекелестік мәселесін, толық экономикалық дербестікке жету жолдарын, ведомствошылықты, халықты есеңгіретіп бара жатқан экология зардаптарын жою, ұлттық дәстүр мен мәдениетті әспеттеу, тіл мен дінді құреттеу, жастардың еңбек етуіне, білім алып, ғылыммен айналысуына жағдай жасау, мамандығы барларды еңбекке баули отырып, олардың күш-қайратын тиімді пайдалану, ғылымның қарыштап дамуы үшін алдымен материалдық базаны жақсарту, тағы басқа мәселелерді биік мінберден жиі көтергені жұрт есінен әлі шыға қоймаған болса керек.
Мен осы арада ұстазымның бойындағы бір жақсы қасиетті айта кетсем деймін. Ол қашанда пәле қууға, біреуге жала жабуға жоқ болатын. Жамандық жасағанның өзіне «тас атқанға ас ат» деп жақсылығын аямайтын. Қас емес, дос іздеп жүретін. Кең-байтақ Отанымыздың ұлдары мен қыздарын тең көретін, ешкімді бөліп жармайтын. «Бәріміз бір қазақтың баласымыз. Жетпейтін не бар? Бөлінуден аулақ жүрейікші. Біздің ата-бабаларымыз тұлпар тектес болған. Бүгінгідей алып техника жоқ заманда атпен-ақ төрт құбыласын түгендеп, жасанып жау шапса жұдырық болып жұмылып, қарсы тұрған. Сөйтіп, бүгінгі мына даланы оның асты-үстіндегі байлықты бізге мұра етіп қалдырған. Мен мұны ұлы мұра деймін. Сол үрдісті үзіп алмай, кейінгіге тапсыру қай-қайсымызға да міндет», деуші еді кемеңгер ғалым.
Шәкірттерінің ғана емес, ұлтының да ұстазына айналған академикті әлем оқымыстылары әр кез жоғары бағалайтын. Оны мәртебелі жиындардың төріне төредей етіп отырғызып қана қоймай, ғылымдағы тың идеяларын тыңдайтын. Мысалы, халықаралық Инженерлік академия мүшелері оны бірінші вице-президенті етіп сайлап, абыройға кенелткеніне куәміз. Ислам елдері Инженерлік академиялар федерациясы да вице-президенті дәрежесіне көтерді. Ал өзінің төл туындысы саналатын Қазақ елінің Ұлттық инженерлік академиясының тұңғыш президенті екенін де еске сала кетсек дейміз. Ол қолданбалы механика, механизмдер мен машиналар саласындағы жеткен жетістіктері өз елімізде ғана емес, шетелдерде де жоғары бағаланды. Соның бір мысалы, В.Г.Шухов пен әл-Хорезми (Иран) атындағы халықаралық алтын медальдің иегері болуы дер едік.
Өмірбек Жолдасбековтей ардақты жанның өмірден озғанына да 20 жыл таяп қалды. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді», дегендей, қазақ жұрты, Қазақ елі аман тұрғанда ардақты ғалым, тұлпар текті азаматтың аты мен абыройы, ғылымдағы мол мұрасы, өмірдегі өнегесі ұлтымен бірге жасай беретін болады.
Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ,
Қазақстан Ұлттық инженерлік академиясының президенті,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.
Алматы.