01 Наурыз, 2016

Достықтың, ынтымақтың ғажап елі, барша жұрт риза саған, қазақ елі!

822 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
*1 наурыз – Алғыс айту күні 342016 жылғы 14 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назар­баев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні – 1 наурызды Қазақстанда Алғыс айту күні деп жариялау туралы №173 Жарлыққа қол қойды. Қазақстан халқы биыл тұңғыш рет Алғыс айту күнін атап өтеді. Алғыс айту күнін мерекелеудің жаңа дәстүрі «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының, қазақстандық біртектілік пен ел бірлігін ортақ тарих және тарихи сана негізінде нығайту мен дамытудың мән-мәтінінде қазақстандық құндылықтарды бейнелейді. Алғыс айту күні – бұл, ең алдымен, елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған Президенттің бейбітшілік пен келісім саясатының салтанаты күні. Бұл – тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударылған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қа­зақ жері мен қонақжай қазақ халқына терең тағзым белгісі. Қазақ халқы қиын-қыстау заманда олардың басына түскен ауырт­палықты қайыспай бірге көтере білді, бұл бүгінгі таңда еліміздегі түрлі ұлт өкіл­дерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды. Алғыс айту күні – күрделі заманды иық тіресе бірге еңсеріп, қысқа мерзім ішінде Елбасының басшылығымен Тәуелсіз Қазақстан құру жолында аянбай тер төккен еліміздің барлық азаматтарының бір-біріне құрмет білдіретін күні. Осы күн Қазақстанның тағдыр тоғыс­тырған көпэтносты халқының ортақ тарихын құрметтеу күні болады. Алғыс айту күні – қайырымдылық дәстүрлерін, әлеуметтік ынтымақты және өзара көмек көрсетуді қолдау күні. Бұл – репрессия мен жер аудару жылдарында біздің халық көрсеткен мейірімділік пен ақкөңілдік, қолда барды бөлісу мен көмек көрсетуге дайындықтың рухани дәстүрлерінің күні. Алғыс айту күні – қазақстандық патриотизм­нің, достығымыз бен бірлігіміз­дің, мәдени саналуандығымыздың жарас­қан күні, себебі, Елбасы 100-ден аса этнос­тың әрқайсысы өзінің қайталанбас өрнегін салуының нәтижесінде біздің Біртұтас ұлтымыз бірегей артықшылықтар иесіне айналғанын атап өткен болатын. Алғыс айту күні – Қазақстан халқын мәң­гілікке біріктіруге бағытталған «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идея­сының, қазақстандық бірегейліктің не­гізгі арқауы – еліміздегі барлық ұлт пен ұлыс­ты бір шаңырақ астына топтастыратын Қазақстан халқы Ассамблеясының күні. Алғыс айту күні – бұл біртұтас азамат­тық қағидаттарына негізделген Қазақстан қоғамын дамыту арқылы ел бірлігін нығайту. Алғыс айту күні еліміздің әр азаматының жүрегіне жақын әрі жарқын мерекелердің бірі болады. Қазақстан халқы Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейлі жылында Алғыс айту күнін бүгін тұңғыш рет мерекелейді. Мерекелеу мақсаты – қоғам бірігуінің, азаматтық татулықтың, қоғамдық келісім­нің, қазақстандық біртектілік пен бірліктің нығаюының, «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясы құндылықтарының және халықтың жалпыұлттық игілігі ретінде Жаңа Қазақстандық Патриотизмнің қағидаттарын бекіту.

Қазақтың мейірімі

халықтарды мәпеледі. Сол мейірімге ескерткіш тұрғызу керек

Асылы ОсманБіздің бала күнімізде әжептәуір бір іс тындырсақ, болмаса жас балалар қарияларға бір қызметін көрсетсе «Мұғалім бол!», «Көп жаса, тең құрбыңның алды бол!» деп алғысын жаудырып жататын. Елбасы Жарлығымен 1 наурыз – Алғыс айту күні деп жарияланып, қазақстандықтардың күнтізбесі тағы бір мерекелік датамен толығуын жұртшылық жағымды жаңалық ретінде жақсы қабылдады. Алғыс айту күні қазақстандықтарды бір-біріне жақындастыра, береке-бірлікті нығайта түседі деп санайды. Қасірет ешқашан ұмытылмайды. Сол зобалаң жылдарды әзербайжан қызы – «Мемлекеттік тілге құрмет» бірлестігінің, Алматы облыстық әзербайжан этномәдени бірлестігінің төрайымы, ҚХА мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Достық», «Парасат» ордендерінің иегері, ғалым Асылы ОСМАН апай да өз басынан өткізген еді... – Асылы апай, қазақта «Алтын алма, алғыс ал!» деген керемет тәмсіл бар. Оның үстіне, елімізде биыл тұңғыш рет «Алғыс айту күні» атап өтілмек. Не айтасыз? – Алғыс сөзі – жүректен иірілетін, тұнық сөз. Естіген жанды рухани ләззатқа бөлейді. Бір жағынан тілек, бір жағынан адамның ниеті, ризашылығы ғой. Оның мәнділігі, маңыздылығы сонда жатыр. Алғыс сөзінің мағынасы теңіздің терең тұңғиығындай, тіл жетпейтін, дүниедегі қымбат сөз. Осы сөзді айту бар да, сол сөздің жүректе қалуы бар. Қазақстан халқы Ассамблеясы достықтың да, бірліктің де, тұтастықтың да ұйтқысы болып отыр дейміз ғой. Енді сол Елбасы бас­тап берген Ассамблея күнін әрі алғыс күні ретінде, әрі мәңгі есте қалдыру мақсатында Астана мен Алматы қалаларында ескерткіш орнатсақ деймін. Менің түсінігімде алғыс сөзінің иесі болуы тиіс. Біріміз бірімізге айтып қана қоймай, мәңгі есте қалатындай жасасақ. Ол ескерткіш атақ үшін емес, елімізге, халқымызға, болашаққа үлгі болады. Келер ұрпағымызға ізгілікті ұмытпай осылай жеткізсек – оның бірліктің, достықтың темірқазығына айналары хақ. Ол ескерткішке: «Қазақ халқы мен Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевқа шексіз алғыс» десек. Сонда ол, «Бодауын боталы түйе» дегендей, мейірімділігімен, жан дүниесімен өзгені жатсынбай бауырына басқан қазақ халқына деген қайтарымымыз болмақ. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысында Қазақстан халқына алғыс деп белгі қойылды. Қазақстан халқына кімнен алғыс. Алғыс біреуден біреуге болуы керек. Менің сізге, сіздің маған деген сияқты. Сонда ол алғыстың ауқымы да кеңи түседі. – Алматы облысы Үштөбе ауданының орта­лығында корей ағайындар «Қазақ хал­­қына мың алғыс» деп ескерткіш қойды емес пе? – Жақсы, олардың ниеттері дұрыс. Бірақ ол түкпірдегі бір ауданда. Оны кім біліп, көріп жатыр? Сондықтан да мен барша Қазақстанда тұрып жатқан ұлт-ұлыстардың атынан шексіз алғысымызды білдіріп, ескерткішті Астана мен Алматыға қатар қойсақ дегенді осы тұрғыдан айтып отырмын. Бұл қалаларға қонақтар көп келеді. Қазақтың мейірімді, қайырымды халық екендігін өзгелер де көрсін. Болмаса әр ұлт бас-басымызға рахмет айтып, ескерткіш қоя бергеніміз қалай болар екен? Сол қиын да қасіретті жылдары жалғыз әзербайжандарды ғана емес, қаншама ұлттың өкілдерін қазақ топырағына еріксіз айдап әкелді. Қазақстан да еріксіз қабылдады. Бірақ бізді еріксіз айдап әкелгенмен, еркін өмір сүргізген қазақ халқы ғой. Ол ненің арқасы? Ол даласындай дархан, арамдықтан ада, қиянаттан шет, тумысынан таза, ниеті, пейілі кең қазақ деген ұлттың арқасында. Сол кезде өздері де бір үзім нанға, бір баспанаға зар болып отырса да, бір бөлме үйі болса бұрышын берді, екі бөлмесі болса біреуін берді. Жартыны жарып, бүтінді бөліп бізді паналатты, әрі бауырына басты. Жатсынған жоқ. Сөйтіп, өзге елді, басқа халықты сүюдің керемет үлгісін көрсетті. Ал адам бойындағы жақсы қасиеттердің бәрі де мейірімділіктен бастау алады емес пе. Ендеше, сондай жақсылық жасап, бөтенсінбей, бөлмей, жармай барлығымызды осы дәулетке жеткізген де қазақ халқы ғой. Мен кейде мақтанып айтамын, ұлы даланы ғасырдан ғасырға асырып, жеткізген қазақтың хандары, билері, қағандары болса, ал бүгінде соның жалғасы тұла бойы сұлулыққа, жан дүниесі жылылыққа толы Елбасымыз сол ата-бабасынан келе жатқан әдет-ғұрып, салтты сақтай келе баршаның баласын бауырына басып, Ассамблеяны құрып, әрбір ұлттың өкіліне еркіндік, теңдік беріп, әркім өзінің тілін, әдебиетін, мәдениетін, әдет-ғұрпын сақтап отыр. Оны қаржыландырып та жатыр. Осы қай елде бар. Сондықтан, өзге ұлт өкілдері сол қайырымдылыққа қайтарым жасау – Құдай алдында да, халықтың алдында парызымыз. – Асылы апай, сонау Қап тауынан Қазақстанға келгенде қанша жаста едіңіз. Бүгінгі ұрпақ біле отырсын, сол жылдарды еске түсіріп көрсеңіз... – 1944 жылдың қара күзінде Грузияның Ахалкалак ауданы Хавет деген селосына түнгі сағат үште америкалық машиналарды үйлерге тақап қойып, ұйқыларынан оятып, алды-арттарына қаратпай тией бастаған. Қорада қой маңырап, сиыр мөңіреп, бала жылап, ана еңірегеніне қарамайды. Сонда салулы төсек салулы күйінде қалған ғой. Өйткені, қайтып келеміз деген үміттері болған. Бір машинаға бірнеше отбасын лықылдатып толтырып, теміржолға әкеліп мал таситын вагондарға тиеген. Сонда жол-жөнекей қаншама адам қырылған. Әкеміз айтатын: Қазақстанға бұрылғаннан кейін «уһ» дегенбіз деп. Өйткені, теңізге ме, мұхитқа ма апарып тастайтын шығар деп қорыққан. Біздің отбасымызда алты бала, әке-шешемізбен сегіз жан келдік. Жол-жөнекей көрген қорлықты айтпаңыз. Әзербайжанда да ата-бабадан келе жатқан әдет-ғұрып бар. Келіні атасының қасында тамақ ішпейтіні, сөйлемейтіні. Зәр қысқаннан ұялып, содан да өліп кеткендер кездескен. Ал қайтыс болғандар жол бойында қалған. Содан біздің вагон Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданына келгенде, әр ауылға бес-он отбасынан таратқан. Онда көлік жоқ, қазақтар арбамен келіп әкеткен. Анамыз біз келгеннен кейін бір жылдан соң дүниеден озды. Мен сонда үш жасар бала екенмін. Бірақ шешесіз өссек те, анасыз өскендей болмадық. Әкеміз үйленбей алтауымызды бағып-қақты. Ол кімнің арқасында?! Ол көршіміз, үй арасында үй жоқ Серікбай көке мен Айтбике жеңешеміздің жақсылығының арқасында. Бір отбасының баласындай өстік. Сол кісілердің қамқорлығы, сосын марқұм болған тоғыз жастағы әпкем шикімізді пісіріп, жыртығымызды жамап, әкеміздің басшылығымен күн көріп, қатарға қосылдық. Сондықтан да мен айтамын, қазақ пана да болған, ана да болған деп. Әңгімелескен Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.