01 Наурыз, 2016

Бұл ауылдағы еңбекақы қала тұрғындарымен бірдей

395 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Бұл кәсіпорынның өткен тарихы өте маңызды. 1984 жылы Семей үйрек фабрикасы деген ат­пен іске қосылған-ды. Қаладан соншалықты алыс емес, нақтылап айтсақ, 25 шақырым жердегі Утинка деп аталатын кентте бой көтерген жаңа кәсіпорын алдына жылына үш мың тонна үйрек етін өндіру міндеті жүктелген болатын. Бірақ түрлі себептермен бұл міндет орындалмай қал­ды. Ақыр соңында ол бройлер етін өндіруге бейімделіп қайта құрылды. Бұл шақта іргедегі кент аты Прииртыш деп өзгертілген еді. Соған орай кәсіпорын енді Прииртыш бройлер құс фабрикасы атанады. Бірақ, өкінішке қарай, фабрика аты өзгергенмен сондайлық өзгеріс байқала қой­майды. Ақыр соңында фабрика тіз­гіні 2001 жылы Бейсенғазы Тас­текеев деген азаматқа сеніп тапсырылды. Прииртыш бройлер құс фабрикасының өнімдері Қазақстан мен көрші Ресейдің барлық қалаларында сұранысқа ие бола бастады. Әсіресе, Краснояр, Новосібір, Кемеров, Омбы, Барнаул қалалары үнемі тапсырыс жасайды. 2003-2004 жылдары құс фабрикасы қайта құру мен жаңғыртылудан өтті. Инкубатор цехына компьютерлік бағдарлау орнатылған. Ал құс сою цехына салқындатқышы бар жартылай автоматтандырылған жүйе іске қосылыпты. Бұл өнімді екі есеге арттыруға мүмкіндік тудырған. 2009 жылы жаңғыртудың жаңа сатысы өткізілген. Нидерландтық «Pas Reform» фирмасының жылына он миллион жұмыртқа беретін инкубациялық шкафы алынып, орнатылды. Сол сияқты, құс сою цехы да жаңғыртылды. Өткен жылдың өнімі он екі мың тоннаға жетті. 2015 жылы бұл 15000 тон­наға жеткізілуі мүмкін. Осы бройлер құс фабрикасына басшылық жа­сағаныңызға қан­ша жыл болды, – деп сұрадық кәсіп­орын басшысынан. – 2001 жылдың 24 қаңтарында осында жұмысқа келдім, – деді Бейсенғазы аға емен-жарқын әң­гімелесіп, – құс фабрикасына дейін мен білім саласында еңбек еттім. Ол кезде кәсіпорынның жағ­­­дайы өте төмен еді. Ал қазір міне, үйрек бағытындағы фабрикамыз Прииртыш бройлер құс фабрикасына айналды. Ұжымымда 400 адам бар. 400 адамды бір кісідей жұмылдыру үлкен шаруа. Бір жылдары фабрикада жалақы жағынан қиындық туындады. Жұмысшыларымды шақырып алып, екі апта бойы тегін жұмыс істеу қажеттігін түсіндірдім. Осы екі аптаның ішінде біз ғимаратты жөндеп, технологиямызды шұ­ғыл түрде жаңарттық. Сол кезде мен жұмысшыларыма дән риза болдым. Менде жастар да, тіпті, зейнет жасындағылар да еңбек етеді. Тіпті, қаладан 30 шақырым қашықтықта орналасқан жастар да бізден келіп жұмыс сұрап, орналасып жатады. Олардың көбінің жұмыс тәжірибесі болмайды. Сол кезде көмектесіп, оларды өз қатарымызға аламыз. Біздің жұмысшы­лардың дені ауылдан келеді, олар жолға ақша шығындамайды. Кәсіп­орнымыздың жұмысш­ылары ретінде оларға жұмысқа тегін әкеліп-әкететін автобус­тар бөл­дік. Маған қалалық мәсли­хат­тың депутаты ретінде, Түр­кісіб кенті сияқты алыс ауылдан өтініштер түсті. Оларға да ке­ліп-кетіп жұмыс істесін деп, автобус бөлгіздім. Жұмысшылар асханадан тегін тамақтанады. Жыл сайын 20 пайыз сыйақы төленеді. Біз «Прииртышский» ауылын да қамқорлыққа алып отырмыз. Онда дәрігерлік амбу­латория ашуға қол жеткіздік. Тұрғындардың өтініші бойынша, қатымхана аштық. Оның қызметін пайдаланғандар тек электр энергиясына ғана төлейді. Бұл ауыл үшін «Ақбұлақ» бағ­дарламасын толық іске қостық. Себебі, фабрикаға қажетті суды біз аралдағы бұрғыланған су қой­масынан аламыз. Біз құбыр­лардан әр үйге жеке құбыр тартып алуға рұқсат бердік. Енді адамдар үйі­не кір жуатын машина, арис­тон қоя алады. Біздің ауыл ең­беккерлерінің жалақысы қала тұрғындарыныкімен бірдей. Біз ауыл-қала деп алалап бөлмейміз. Бейсенғазы Мәлікұлы айт­са-айтқандай, мұнда еңбек адамдарына деген құрмет жоғары. Мәселен, Нұрбек Махамбетов фабрикаға жай ғана жұмысшы болып кел­ген, енді өсіру цехы­ның бастығы болып, үздік құс өсірушіге айналған. Жігер Сове­тов те қарапайым жұмысшы қыз­метінен бастап, бүгінде жақсы ветеринар маманға айналып отыр. Толықтай жаңғырту және өндірістік инновация кәсіп­орын­ның өркендеуіне ықпал еткені рас. Осының арқасында ин­кубация технологиясы, құс өсіру және сою жақсарды. Өнімге экспортқа шығатын мүмкіндік берілді. Өндiрiстiң көрсеткiштерi әлемдік сапа стандарттары дең­гейiне жеткізілді. Өндiрiстiң өсу қарқыны соңғы 7 жылда үл­кейдi. Сапа көрсеткiштерi 3 есеге жоғарылады. Бүгінгі күнде кәсіпорын өсіру көрсеткіштері жағынан республикадағы ең озық­тардың қатарына кіреді. «Food Expo Kazakhstan» халық­аралық көрмесінде 3 алтын медальмен және дипломдармен атап өтілгендігі тағы бар. 2006 жылдан бастап мекеме ISO 9001:2000 стандарты бойынша жұмыс атқарады. Ме­кеме Ха­лықаралық экология ака­демиясының «Экологиялық таза өнім» реестріне тіркелген және өнімнің экологиялық таза­лы­ғы туралы сертификатқа ие болып отыр. Мұнда қауiпсiз еңбек жағдайы және өндiрiстiк тұрмыс-салттың қамтамасыз етілуіне аса көңіл бөлінеді. Жұмысшылар­дың еңбек жағдайларын жақ­сар­туға арналған тұрмыстық бөл­мелер бар. Кәсiпорынның қызметкерлерi тегiн арнайы киiммен қамтама­сыз етіліпті. Саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында жұ­мысшылар мен қызметкерлер арасында волейболдан және футболдан командалар құрылған, кә­сіпорын жанында үстел тен­нисімен жабдықталған зал бар. Спорттық командалар түрлі сайыстарға қатысады, бірқатар жарыстар жеңімпаздары болған. Бұл мақсаттарға кәсіпорыннан спорттық жабдықтарды алуға арнайы қаражат бөлінген. Раушан НҰҒМАНБЕКОВА.  СЕМЕЙ.