01 Наурыз, 2016

20 адамға жұмыс тауып беріп отыр

370 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
777Құрық ұстаған аталарымыз «Мал баққанға бітеді» депті ғой. Бірақ бұл қағида малды таңертең қорадан өріске шығарып, несібесін теріп жеген соң қайта қамап қой дегені емес шығар. Мал басын көбейту, оның сапасын арттыру үшін қаншама тірлік жасау керектігін малшыдан сұра. Қай малшымен тілге келсең, алдымен мал тұқымын асылдандыру керектігін айтар еді. Шаруаның бұл ойын мемлекет те дөп басқандай, мал шаруашылығындағы осы мә­­селеге басымдық беріп отыр. Ел­басы Жолдауында аграрлық секторда етті және сүтті мал шаруа­шылығын дамытуға баса мән беріп, ауыл шаруашылығын аяғынан тұр­ғызудың басым міндеттерін ай­қындап берді. Ауқымды тап­сыр­маның жүзеге асуы үшін қолдағы малды асылдандыруға ерекше көңіл бөлініп отыр. Осы орайда қолдан ұрықтандыру тәсілін жандандыру уақыт талабына айнал­ған. Бұл бағытта мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қомақты қолдаудың нәтижесін тарандық шаруалар да біле бастады. Таран ауданындағы «Қа­лиев» шаруа қожалығының бү­гінгі тыныс-тіршілігі осы айт­қа­­­нымыздың толық дәлелі. Ша­руашылық 2005 жылы құ­рылып, мал және егін шаруа­шы­лығымен қатар айналысты. Мал басын біршама көбейтіп алған соң, оны асылдандыру жұмысына өткен жылдан бастап кірісті. Оған «Ырыс» бағдарламасының қол­дауы мұрындық болды. «Ырыс» – «Агробизнес – 2020» мемлекеттік салалық бағдарламасының аясын­да жүзеге асырылатын бағ­дар­лама. «ҚазАгро» холдингінің ен­шілес компаниясы – «Ауыл ша­руа­шылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамының бір тармағы болып саналатын осы бағдарлама арқасында шаруа­шылық көмек жөнінен еркін ты­ныс­тап қалды. – «Ырыс» бағдарламасы отба­сылық тауарлы сүт фермала­рын құруға және кеңейтуге бағытталған жобаларды қаржыландырады. 60 миллион теңгеге дейін қолдау көрсете аламыз. Шаруасын таза еңбегімен дөңгелентіп кететін шаруа­лар мұны 7 жылда аздаған үстеме пайызымен өтеп шығады, – дейді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционер­лік қоғамының Қостанай облы­сындағы филиалының директоры Марат Салықбаев. Осындай сәті түсіп тұрған іске тәуекел еткеннің бірі әлгі айтқан «Қалиев» шаруа қожалығы болатын. Ол «Ырыс» бағдарламасы бойынша 45,7 миллион теңге несие қаржы алды. «Ырыс» бағдарламасының қолдауымен берілген несиеге симментал және қазақтың ақбас сиырын, сондай-ақ, жылжымалы сиыр сауатын аппарат, мал бордақылауға арналған техника алдым. Сиырларды неміс бұ­қасының тұқымымен қол­дан ұрықтандырамыз. Бұл тә­сіл­ді меңгерген маманымыз бар. Қос­танай, Астана аумағындағы ға­лым­дармен жиі кеңесіп отырамыз. Бүгінде қорада 400-ге жуық ірі қара мал бар, – дейді шаруашылық жетекшісі Асқар Қалиев. Шаруа­шылық қазір жылқы өсіруді де қолға алды. Ақтөбе облысынан сүтті әрі етті 11 бас жылқы әкелді, оны жыл сайын он басқа көбейтіп отыруды межелеген. Жылқы жан­уар бөрі мен ұрыдан аман болса, тез-ақ көбейетінін Асқар да біледі. Алдағы уақытта қымыз өндірісін қолға алсақ деген жоспары да бар. Іске тиянақты қарайтын шаруада арман да, мақсат та, жоспар да жеткілікті. Бірақ соның барлығы да қаржы мен адам күшінің арқасында мүмкін болады. Сондықтан Асқар шаруашылықты көптің несібесі деп біледі. Қазір малға 20 адам қарайды, яғни 20 ауылдасын жұмыспен қамтамасыз етті. – Жалақыны уақытылы беріп тұрамыз. Ауылдастарға отбасын асырайтын ақша, бізге істің біткені керек. Екі жақтан да мәміле адал жасалса, шаруашылық алға баса береді. Бұл ешкімге де зиян әкелмесі анық, көптің несібесі, – дейді Асқар Қалиев. Шаруа қожалығы мемлекет де­меуінің арқасында осылай ке­ңейе бермек. Асқардың да, ауыл­дастарының да бүгінгі ойы көктемге малды ауыр қыстан аман, қоңды шығару болып отыр. – «Алмақтың да салмағы бар», деген ғой. Алған несиені қай­тарғанша, шаруаны түзеп кеткен­ше оның жауапкершілігін қалай ұмытасың? Алған қаржыны мұқият жаратқанда ғана көмектің нәтижесі болады, – дейді Асқар. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». Қостанай облысы, Таран ауданы.