01 Наурыз, 2016

Үміткермен демалыс күнгі үнқатысу

362 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
ЖСДППартияның Алматыдағы қоғамдық қабылдау бөлмесінде сайлаушылар Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның атынан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат Тазабек Сәмбетбаймен кездесті. Әуелі кездесуге келгендерге Жал­пыұлттық социал-демокра­тия­лық пар­тияның сайлауалды бағдар­ла­ма­сындағы басымдықтар түсіндірілді. Оның ішінде Қазақстанда жаңа заманға сай әлемде қалыптасқан өмір сүрудің үздік стандарттарын енгізу, өндіріс әлеуетін арттырып, инновациялық экономикаға жол ашу сияқты қазіргі заманға қажетті мәселелер қамтылғаны көлденең тартылды. Олар жиналыс үстінде үміткерді сұ­рақ­тың астына алды. Өз кезегінде үміт­кер сұрақтарға хал-қадерінше жауап қайтарды. Қаланың жаңадан құрылған Нау­рыз­бай ауданынан жеткен тұрғындар өз­­дерінің ойларындағы көкейкесті деген мәселелерін ортаға салды. Пар­ла­мент депутаттығына кандидаттан жер­гілікті әкімшілік кедергілердің оң шешілуіне ықпал жасауын сұрады. Жаңа­дан құрылған әкімшілік аумағының «Шұғыла» шағын ауданында жер дауы көрініс беріп қалып тұрған сыңайлы. Жергілікті шенеуніктер тез-ақ арада оп-оңай шешілетін тұрмыстық мәселені сөзбұйдалыққа салып, бюрократтық мінез көрсетіп отырған көрінеді. Алматы қаласының Наурызбай ау­данынан келген сайлаушының сөзі­не мұқият құлақ түрген кандидат Та­забек Сәмбетбай бұл өтінішті аяқсыз қалдырмауға уәде етті. Партия белсен­ділері жергілікті әкімдікпен бірлесіп, аталған мәселенің анық-қанығына көз жеткізетінін, мүмкіндігі болғанша істі оң шешіп беретіндігін айтып, сайлаушыны сендірді. – Тұрғындар осыған ұқсас әлеу­меттік-тұрмыстық мәселелерді көтеріп бізге бұрын да келетін, алдағы саяси нау­қан – сайлауға байланысты тағы да төбе көрсете бастады, – дейді Парламент Мә­жілісі депутаттығына кандидат, Жал­пыұлттық социал-демократиялық партия Алматы филиалының жетекшісі Тазабек Сәмбетбай. – Біз өз тарапымыздан бірде-бір келушінің айтқандарын назардан тыс қалдырмауға тырысамыз. Өйткені, біз өзіміз сол халықтың бір мүшесіміз. Қандай да бір мәселенің байыбына барып, мазмұнын ашу үшін алдымен партияның білікті заңгерлерін іске жұмылдырамыз. Қоғамдық қабылдау үйіне осы күні кандидат Тазабек Сәмбетбаймен кездесуге келген алматылық құрылысшының да мәселесі жариялы түрде қаралды. Құрылыс компаниясы қол астында қызмет еткен жұмысшының жалақысын 6 ай бойы бермеген болып шықты. Осы­ған байланысты кандидаттың тапсыруы­мен қоғамдық қабылдау бөлмесінде заң­дық күші бар тиісті құжаттар әзірленді. Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.