01 Наурыз, 2016

Білім-ғылым-өндіріс үштағаны үйлескенде

273 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Парламент Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде «Ғылымның экономика салалары мен интеграция­лануы және кадр даярлау үдерістерінде жоғары оқу орындарының рөлін арттыруды Қазақстан Президентінің Жолдауын іске асыру аясында құқықтық қамтамасыз етуді жетілдіру шаралары туралы» тақырыбына арналған конференция өткізді. Конференцияны ашқан Парламент Сенатының салалық комитетінің төр­ағасы Ақан Бижанов елімізде іске асырылатын зерттеулерге де, халықаралық ауқымды ғылыми-зерттеу жобаларға да қазақстандық ғалымдардың толық әрі тиімді қатысуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Бұл ретте ғылыми зерттеулердің нәтижелерін енгізу үшін технологияларды коммерцияландыру тетіктері қолданылуы тиіс. Сол үшін заңнамаға білім беру мәселелерін және дербес білім беру ұйымдарының қызметін реттейтін түзетулер енгізілді, «Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы» Заң қабылданғаны айтылды. Конференцияда негізгі баяндаманы Білім және ғылым министрінің орынбасары Тахир Балықбаев жасады. Оның айтуынша, еліміздің индустриялық-инновациялық даму жағдайында ғылымның экономика мен мамандар даярлау салаларын ықпалдастыру үдерістерінде жоғары оқу орындарының рөлі арта түседі. Ми­нистрлік бұл салада Қазақстан Рес­публикасының 2016-2019 жылдарға арналған Білім беру және ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы жобасының аясында шаралардың тұтастай кешенін әзірлеуде. Инженер мамандарын даярлаудың ұлттық жүйесін жетілдіру, білім беру үдерістерінің сапасын арттыру, оқу-өндірістік орталықтары жұмы­сының тиімділігі мен жоғары оқу орын­дарының ғылыми және білім беру қызметінде де ілгерілеу бар. Кем­ші­ліктер де жоқ емес. Бұл туралы Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техни­калық зерттеу университетінің проректоры Н.Қалабаев, әл-Фара­би атындағы Қазақ ұлттық универси­тетінің ректоры Ғ.Мұтанов, А.Бай­тұр­сынов атындағы Қостанай мемле­кет­тік университетінің ректоры Қ.Уә­лиев, Алматы технологиялық универ­сите­тінің ректоры Т.Құлажанов және басқалар кеңінен баяндады. Конференцияда инженер-түлек­тер­дің еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігі және өндіріс пен оқу мекемелерінің арасындағы әріптестік қатынастарын жаңғырту туралы «Ал­маты ауыр машина жасау зауыты» АҚ бас директоры Ж.Едігенов қызықты пікір білдірді. Конференцияны Сенат комитетінің төрағасы А.Бижанов қоры­тындылап, басқосуда талқыланған көкейкесті мәселелер бойынша тиісті ұсыныстар қабылданды. Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.