01 Наурыз, 2016

Серіктестіктің стратегиялық сипаты

270 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанаға жұмыс бабындағы сапармен келген Ұлыбритания Лордтар палатасының мүшесі баронесса Патриция Джанет Скотланд Астальскаямен кездесті, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі. Қ.Тоқаев кездесу барысында П.Скотландты биылғы жылы сәуірден бастап қызметке кірісетін Британия Ұлттар Достастығы ұйымының бас хатшысы лауазымына сайлануымен құттықтады. Қ.Тоқаев өткен жылы қарашада Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Лондонға ресми сапары барысында қол жеткен және келісімдермен бекітілген Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы әріптестіктің стратегиялық сипатын атап өтті. Сенат басшысы Қазақстан Парламентінің қызметі туралы әңгімелеп, Британия Парламентімен өзара тығыз іс-қимылды дамытуға мүдделілігін атап өтті. П.Скотланд Қазақстанда тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда жүзеге асқан даму мен жаңарулардың қарқынын жоғары бағалады. «Біз қиын заманда өмір сүріп жатырмыз. Дегенмен, Президент Н.Назарбаев ұлтты ұйыстырып, реформаларды алға жылжыта алды. Әсіресе, Қазақстанда қылмыстық және азаматтық сот төрелігі саласында атқарылған үлкен жұмысты ерекше атап өткім келеді», – деді бұрын Англия және Уэльстің Бас прокуроры, Солтүстік Ирландияның Бас адвокаты қызметін атқарған П.Скотланд. Даму саласындағы алдыңғы қатарлы халықаралық институттар ұзақ мерзімді тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін әлеуметтік капиталға инвестициялар қажет екенін айтады, бұл орайда Қазақстан оң қадамдарды дәйекті жүзеге асырып келеді, деді ол. Сондай-ақ, мейман Ұлттар Достастығы мен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы және басқа да ірі халықаралық ұйымдардың арасындағы ынтымақтастықты нығайтуды қолдайтынын білдірді.