Замананың ең көкейкесті мәселелерінің бірі бүгінде – ажырасу болып тұр. Бір кезде сүйіп қосылған адамдар түбінде түсіністік таппай неге айырық жолдарға түседі? Шаңырақтар неге шайқалады? Ерлі-зайыптылардың арасына кірген шайтаннан қайтіп құтылмақ керек? Өмірдің осынау өзекті сауалдарына орай, бұл күндері Алматыдағы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында Асхат Маемировтың режиссерлігімен «Қоштасқым келмейді» драмасының премьерасы жүруде.
Терең психологизммен ерекшеленетін көрнекті орыс драматургі Александр Володиннің пьесасы бойынша жүріп жатқан қойылымда ажырасуға бел буған сегіз отбасының әрқилы тағдыры арқау болады. Жасы, әлеуметтік мәртебесі, дүниетанымы жағынан әртүрлі бірнеше шаңырақ иелері сан түрлі өмір драмасына ұшырап, күмән-күдікке, тәкаппарлыққа бой алдырады – бақытты кездесулер баянсыз қоштасуларға ұласқалы тұр. Некелерін бұзуға сотқа келген оларды татуластырмаққа судья барын салады. Алайда, өзімшіл ерлі-зайыптылар бірін-бірі тыңдаудан, түсінуден қалған...
Мына бір отбасы енді ғана ажырасып болды ма десек, соттың алдынан келесі жұптар кезегімен табылып жатады. Қаншама ажырасулар болса – соншама күйреген тағдырлар бар. Егер іргелерін бір-бірінен аулақ салуға шешім қабылдаған жүз отбасы болса, оның жүз түрлі себебі табыла бермек.
Сонымен, шарттылық белең алатын қойылымда театрдың танымал, тәжірибелі, байырғы актерлерінен бөлек, жас дарындардың ойыны ойдан шығып тұр. Қысқасы, «Әкемтеатрдың» кіші залында қойылып жатқан драмада театрдың түгел таланты салтанат құруда.
Мысалы, бір үйдің ішінде, бір бөлменің ортасында қабырғадан қамал тұрғызып, өмірлерін жалғыздықпен өткізген жұпты Ғазиза Әбдінәбиевадай актрисалар қалай-қалай ойнайды десеңізші! Театрдың жарты байлығындай – Бекжан Тұрыс, Азат Сейтметов, Дулыға Ақмолда, Күнсұлу Шаяхметова, Жалғас Толғанбай, Шынар Жанысбекова сынды сахна сардарлары драманың бүкіл бояуын, психологиялық күйзелістерді күлдіре отырып жылатып, жылата отырып күлдіре жеткізеді.
Сахнадағыдай, айналамызда бір мезетте қаншама адам қаптап жүрсе де, жалғыздықтың азабын тартып жүргендер мына өмірде аз ба?! Миллион-миллион тұрғыны бар мегаполисте өз адамына жолықпай, іздегенін таппай, бақытына жолықпай ғұмыры өтіп жатқандар да жеткілікті.
Әдетте, біз сияқты көрермендер қойылымнан кемшілік іздеп отырады. Ал іздемесе, сол іздеген кемшілігінің өзі мені неге көрмейсің деп көзіңді шұқылайды. Жаңа қойылымда бұлай болған жоқ.
Сахна мен залда отырған адамдардың бәрі дерлік сол драманың ішінде жүргендей күй кешті. Көп адам өзін көрді, отбасының тауқыметін тартқан әрбір көрермен ажырасулар мен қоштасулардың қақ ортасына кіріп кетті. Сахна мен залдың арасындағы кеңістік бірігіп, білдірмей жымдасып бара жатты. Тіпті, көрермендердің барлығы дерлік бірте-бірте сахналық декорацияның жоқ екенін де ұмытты. Сахнаның тым кедей, жұпынылығы туралы ойланған да жоқ. Символикалық дүниелер спектакльдің кеңістігін толтырып отырды. Маемировтың артықшылығы да осы жерде.
Қарап отырсақ, мына өмірде миллиондаған халқы бар қалада, бір пәтерде, өз төсегінде Никулина (Күнсұлу Шаяхметова) сияқты жалғыздықтан көз жасына шыланып жатқандар аз ба?!
Болмаса күйеуі (Бекжан Тұрыс) «Моцарт, Бах, Бетховен» десе, ондай «қатындардың» атын естуден мезі болғандар (Гүлшат Тұтова), қысқасы, бір отбасында екі тілде сөйлейтіндер ше?
Әрбір отбасының өз трагедиясы бар. Режиссер осы заманның ең өзекті мәселесін барынша шебер жеткізе білді. Жылап отырғандарды күлдірді, күліп отырғандардың ішіндегі мұңын оятты.
Драмада басты рөлдерде Митя Лавров пен Катя Лаврова сияқты көрінгенімен, бұл жерде шаңырағы ортасына түскелі тұрған әрбір ерлі-зайыптының тағдыры басты планда.
Сүйіп тұрып та өзінің сүйетіндігін мойындай алмайтын адамдар бар. Бұл – Азамат Сатыбалдының Митясы мен Зарина Карменованың Катясы. Сахнаның сұлу адамдары алып-ұшқан сезімдерді, ойнақтап жүріп от басқандарды, қателесіп тұрып оны мойындай алмайтындарды жарқырата сомдады.
Осылайша режиссер сахналық суреткерлігінен бөлек, театрдың барлық буынына, тамаша актерлердің армиясына жаңа қырларымен көрінуге мүмкіндік тудырып берді. Таланттар шеруі салтанат құрды. Біз осыны көрдік. Егер дарынды актерлерді сапалы материал деп есептейтін болсақ, біздің сахна саңлақтары жібекті түте алатын режиссердің қолына түссе, одан да жалтылдай түсетінін тағы да байқатты. Кіші залда жүрген бір ғана лабораториялық қойылым үшін осының бәрі аз дүние емес.
Спектакль біткеннен кейін де театр өнерінің парқын білетін жандармен пікір алмасқанымызда, бәрі бірі бірінің аузына түкіріп қойғандай: «Сол сахнадан өзімді көргендей болдым», «Таныстарымды таныдым», «Әрбір сөз маған айтылып жатқандай әсер етті», деген сияқты болып шықты.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.
Суретті түсірген
Юрий Выблов.