Кеше Парламент Сенаты өзінің жаңа жылдан кейінгі алғашқы жалпы отырысын өткізді. Күн тәртібіне төрт мәселе шығарылса, соның барлығы дерлік қолдау тапты. Отырысты ашқан сөзінде Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев «биылғы алғашқы отырысты ел тағдыры үшін ерекше маңызды мәселе – Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін ұзарту туралы бір топ депутаттың ұсынысын қараудан бастағалы отырмыз», деп, аталған мәселеге ерекше тоқталды.
– Еліміздің қазіргі таңдағы барлық жетістіктері Елбасының есімімен тікелей байланысты. Тарих тұрғысынан алғанда аз ғана мерзім ішінде Қазақстан нарықтық экономикасы қалыптасқан және халықаралық қоғамдастықта биік беделге ие қуатты да дәулетті мемлекетке айналды, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. – Өркендеудің бұл моделі «Қазақстан жолы» деп танылды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев көшімізді бастап, өзі бағдар бермесе, осы модель дүниеге келіп, бүгінгідей толағай табыстарға жол ашылуы мүмкін болмас еді. Бұл – бүкіл әлем мойындаған ақиқат. Тәуелсіз мемлекеттің негізі қаланған, аумалы-төкпелі кезеңде Президент Нұрсұлтан Назарбаев аса көрнекті реформатор және әлемдік ауқымдағы ірі саясаткер ретінде бүкіл әлем ге танымал болды. Қазақстанда батыл да теңдессіз реформалар жүзеге асты. Қаржы-экономикалық дағдарыстар еңсеріліп, орнықты саяси жүйе түзілді. Сондай-ақ, ұлтаралық және дінаралық келісімді қамтамасыз етіп, азаматтық қоғам құрылды.
Төраға осы ретте «өміршеңдігін дәлелдеген тәуелсіздік, бәсекеге қабілеттілік, жаңғырту және интеграция идеялары «ұлы тұлғаларды тарихтың өзі тудырады. Алайда, тарихты көшбасшылардың өздері де жасайды» деген ақиқатты тағы да растап бергендігіне ерекше ден қоя сөйледі. Еліміз сыртқы саясаты саласындағы табыстары, ең алдымен, Президент қайраткерлігінің нақты көрінісі. Дүниежүзілік қоғамдастықта Қазақстан жауапкершілігі зор мемлекет ретінде белгілі. Өзекті халықаралық проблемалар бойынша, мейлі қарусыздану болсын, қауіпсіздік немесе интеграция мәселелері болсын, беделіміз биік, деді Қ.Тоқаев. Өткен жылы Қазақстан ТМД-ның, түркі және ислам әлемінің ішінде тұңғыш рет Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету құқығына қол жеткізді. Он бір жылдық үзілістен кейін Ұйым Саммитінің Астанада өткізілуі осы миссияның табысты жүзеге асқанын дәлелдей түседі. Астана Декларациясының қабылдануында Президент Нұрсұлтан Назарбаев шешуші рөл атқарды және бұл оның әлемдегі жоғары беделінің көрсеткіші болды.
Парламент депутаттары Конституцияға Тұңғыш Президент – Елбасының өкілеттігін республикалық референдумда ұзарту мүмкіндігін қарастыратын өзгеріс енгізу туралы ұсыныстар айтып, сөз сөйлеген болатын. Осыған байланысты Қ.Тоқаев Негізгі Заңға тиісті өзгеріс қабылдау туралы Мәжіліс депутаттарының бастамасын Сенат депутаттары бірауыздан қолдайтынына сенім білдірді.
Конституцияға өзгеріс енгізу мәселесі бойынша Президенттің республикалық референдум тағайындауы туралы Парламент депутаттарының ұсынысы бойынша түсінік бере кеткен Заңнама және құқықтық мәселелер комитетінің төрағасы Берік Имашев осынау маңызды қоғамдық-саяси шараның заңдық негіздеріне әріптестерінің назарын аударды. Депутат өз сөзінде «құқық теориясына сәйкес, тиімділікке ұмтылатын конституциялық ережелер қоғамда қалыптасқан жағдай мен көңіл-күйді ескеруі, тіпті, оған сәйкес болуы тиіс» дегенді ерекше атап өтті. Олай болса, қазақстандықтар Ата Заңның 3-бабына сәйкес, өз таңдауын жасап, құқықтық шешім қабылдай алады.
Аталған бастаманы қолдап сөз сөйлеген сенаторлар Анатолий Башмаков, Мұхтар Алтынбаев, Александр Савченко, Юрий Цхай, Михаил Бортник, Тасбай Симамбаев, Қуаныш Айтаханов және Бақберген Досманбетов оның ел үшін қаншалықты маңызды екендігін жан-жақты ашып көрсетті. Кешегі өтпелі кезеңнің өткелегіне шегініс жасаған сенаторлар бүгінгі толағай табыстар барысына да екпін бере сөйледі. Сенатор Қуаныш Сұлтанов өз сөзінде сайлау мен референдум – екеуі де демократиялық тәсілдер екенін, екеуінің де мәртебесі біздің Конституциямызда, басқа заңдарымызда көрсетілгенін атап өтті. Президент бекіткен жедел инновациялық-индустриялық бағдарлама – бүкіл халықтың әлеуметтік мүддесіне жауап бере алатын ұлттық идея дәрежесіндегі өте ірі жоба. Біз Президенттің өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту арқылы өзіміздің әлеуметтік-тұрмыстық қуатымызды күшейтеміз, елдің бірлігін өркениетті мақсатқа, мүддеге жұмылдырамыз, халықтың, қоғамның сапасын арттырамыз, болашағымызға деген сенімді тұрақтандырып, жас өркен – ұрпағымызға жол ашамыз. Сол үшін де мен Президенттің өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту ұсынысын қолдаймын. Сөзім жетер жерде осы бір мақсатқа жұмылуға шақырамын, деді Қ.Сұлтанов.
Ал Болат Жылқышиев Елбасының бастамасымен қабылданған бағдарламалардың көптігін айтып, сөзін былай қорытты: «Қазіргі дағдарыстық жағдайда елімізге тұрақтылық керек. Мемлекетімізді одан әрі нығайту үшін Нұрсұлтан Әбішұлы өзі бастаған барлық бағдарламаны іске асыруға басшылық жасауы тиіс. Осы себепті де Президент өкілеттігін ұзарту еліміз болашағы үшін аса тиімді».
Нәтижесінде депутаттар Конституцияға Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілеттігін республикалық референдумда ұзарту мүмкіндігі көзделетін өзгеріс енгізу мәселесі бойынша Президенттің республикалық референдум тағайындауы туралы ұсынысты қолдап, Елбасына Парламент Үндеуі мен Негізгі Заңға ұсынылып отырған өзгерістің мәтінін мақұлдады.
Сондай-ақ күн тәртібінде еліміз бен Халықаралық Қайта құру және даму банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Салықтық әкімшілендіруді реформалау жөніндегі жоба) ратификациялауға қатысты заң жобасы қаралды. Белгілі болғандай, салықтық әкімшілендіруді реформалау жобасы бойынша шығынның сомасы 56,7 миллион АҚШ долларын құрайды. Оның ішінде 17 миллион доллары Халықаралық Қайта құру және даму банкі қарызы болса, республикалық бюджеттен қоса қаржыландыру қарызы 39,7 миллион АҚШ доллары көлемінде белгіленіп отыр. Сонымен қатар, депутаттар Кеден одағының өсімдіктер карантині туралы және санитариялық шаралар жөніндегі келісімдеріне өзгерістер енгізу туралы хаттамаларды ратификациялауға қатысты заң жобаларын қабылдады.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.